2026 жылы «Байқоңырдан» «Протон – М» зымыран тасымалдағышын ұшыру тоқтатылады
2026 жылы «Байқоңырдан» «Протон – М» зымыран тасымалдағышын ұшыру тоқтатылады
Сурет: kapital.kz

2026 жылы «Байқоңырдан» «Протон – М» зымыран тасымалдағышын ұшыру тоқтатылады. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні зерттеу нәтижелері бойынша алынған деректер зымыранғарыш қызметінің тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау аудандарымен шектес аумақтағы елді мекендер тұрғындарының мекендеу ортасының жай-күйіне және денсаулығына тікелей әсерін растаудың жоқ екендігін көрсетеді. Депутаттық сауалда сипатталған патологияға гептил зымыран отынының қатысы жоқ. Өйткені «Протон-М» ЗТ бөлінетін бөліктерінің пайдаланылатын құлау аудандарында елді мекендер жоқ. «Протон-М» ЗТ-ның құлау аудандары Жезқазған қаласынан едәуір қашықтықта (73,3 шақырым) орналасқан. Бұл - «Протон» ЗТ құлау ауданына ең жақын елді мекен», - деді Үкімет басшысы жауабында.
Премьер-Министрдің дерегенше, 2014 жылғы 24 қарашадағы «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысы аясында Қазақстан Республикасының қоршаған ортасына экологиялық жүктемені азайту мақсатында 2017 жылдан бастап зымыран отыны-гептилді (симметриялы емес диметилгидразин, НДМГ) пайдаланатын «Протон – М» ЗТ ұшырылымдарын (2017 жылы 2-ге, 2020 жылы тағы 2-ге, 2025 жылы 5-ке дейін жеткізу) қысқарту және ұшырылымдарды 2026 жылы толық аяқтау көзделген.
«Сонымен бірге, Байқоңыр ғарыш айлағы қызметінің әсері тұрғысынан Қарағанды облысының Жезқазған-Ұлытау өңірінде онкологиялық аурулардың өсу себептерін зерделеу мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар Министрінің 2022 жылғы 4 наурыздағы № 69-Ө бұйрығымен мүдделі мемлекеттік органдармен және өңірдің жұртшылық өкілдерімен бірлесіп ведомствоаралық комиссия құрылды», - деді Әлихан Смайылов.