Таразда анасымен бірге автобус күтіп тұрған 12 жасар жасөспірімнің үстіне ағаш құлады. Бала сол жерде көз жұмды.
Жамбыл облысы ІІД хабарлауынша, сағат 13.30-да полицейлерге Төле би даңғылының бойында орналасқан «Арбат» саябағының аялдамасы маңында ағаш құлап, 12 жасар баланы басып қалғаны туралы хабарлама түскен. Бала анасымен бірге маршруттық автобус күтіп тұрған.«Кәмелетке толмаған бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», - деп хабарлады ведомство.Тәртіп сақшылары оқиғаны толық және жан-жақты тергеуге бағытталған жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Оқиға орнында болған адамдар ағашты көтеріп, баланы шығарып, аялдама орындығына жатқызған. Жедел жәрдем 10-15 минутта келсе де, баланы құтқарып қалу мүмкін болмады. Куәгерлердің айтуынша, баланың анасы зардап шекпеген.