Халық пен билік арасын жақындату мақсатында «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде жергілікті атқарушы билік өкілдерінің кесте бойынша қабылдауы өтеді. Облыс әкімінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықовтың қабылдауына жазылғандардардың қарасы көп болды. Олар негізінен жайылым жер, мал дәрігерінің төмен жалақысы, пай мәселесі бойынша өздерін толғандырған сұрақтарымен келді. Жайылым жердің тапшылығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Мәселен, тұрғындарының көбі мал шаруашылығымен айналысатын Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылының тұрғындары жайылым жер мәселесін шешіп беруді өтінді. Қабылдауға келгендердің барлығы дерлік кемі 40-50 бас қара мал ұстайды. Өз отбасын өздері асырап отырған шаруалар егінмен айналысатын серіктестік иесінің ауыл айналасын түгел дерлік жыртып тастағанын айтып, көмек сұрады. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені түбегейлі шешу мақсатында ауыл әкімі мен Ауылшаруашылық басқармасы мамандарының және аталған серіктестік иесі мен тұрғындардың басын қосып, кездесу ұйымдастырды. Нәтижесінде, серіктестік директоры Садовое ауылының тұрғындарының малы жайылымға өту үшін 300 метрге дейін жер бөлуге келісімін берді. Ал көкшетаулық Сырымбет Қанапин ветеринарлық стансадағы мамандардың жалақысы тым төмен екенін айтып, өтініш түсірді. Сондай-ақ қызметкерлерді қысқарту жүріп жатқанын да жеткізді. Ғалымжан Кенжешұлы сала басшыларына, яғни облыстық Ветеринария басқармасына жалақыны көтеру үшін Көкшетау қаласының ветеринарлық стансасы жұмысшыларының штаттық кестесін дайындап беруді тапсырды. Яғни, өтініш берушіге қатысты жалақы және қысқарту мәселесі қайта қарастырылатын болады. Әкім орынбасарының айтуынша, алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл шаруашылығына баса назар аударылып, халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленеді. Демек, ветеринария мамандарының да еңбекақысы реттеледі. Қоғамдық қабылдауға жазылғандардың енді бірі – ауыл шаруашылығын автоматтандыру мәселесімен айналысып жүрген көкшетаулық Ерсұлтан Жақанов. Жас маман ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу бойынша өзінің бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін қолдау сұрады.