Қаржыгерлер биыл бірқатар банк дәрменсіз жағдайға жетуі мүмкін деп болжайды. Азаматтар болса, жинағынан ақша шешіп алуды жалғастырып жатыр. Өз кезегінде Қаржылық реттеу агенттігі мен Ұлттық банк дүрбелеңге түсуге негіз жоқ деп басу айтады: тұтастай алғанда, банк секторы капиталдың жеткілікті қорына ие екен. Бірақ бұл жекелеген банктердің банкрот болуын жоққа шығармайтыны мәлім. Сонымен бірге кейбір банк пайда табу үшін несие мөлшерлемесін 55%-ға дейін күрт көтерді. Дағдарыс аясында банк саласында не болып жатыр және ол неге әкеліп соқтыруы мүмкін?
Қандай ұйымның жағдайы күрделі?
Сарапшылар елдегі банктердің бәрі бірдей қуатты емесін еске салады. Қаржылық ұйымдардың бір бөлігі аумалы-төкпелі шақта орнықтылығын, беріктігін, «төрт аяғын тең басып» келе жатқанын байқатты. Ал енді бір бөлігін қазіргідей геосаяси дауыл және дағдарыстың дүлей толқыны шайып кетуі ғажап емес. Ranking сарапшылары қандай банктердің шаруасы шатқаяқтай бастағанына талдау жүргізіпті. «Батыс елдері мен серіктестері Ресейге қарсы санкциялардың бірнеше топтамасын енгізгелі, әсіресе еліміздегі ресейлік еншілес банктердің ликвидтілігіне қысым күшейді, олардағы клиенттердің қаражаты қазақстандық банктерге ағып кетіп жатыр. Осы ауданда Fitch рейтинг агенттігі 3 ресейлік банктің рейтингін төмендетіп, теріс болжам теліді. Бұл Ресейдегі басты банктердің Қазақстандағы еншілес банктеріне акционерлік қолдау көрсету қабілеттілігінің төмендегенін көрсетеді», – делінген Ranking талдауында. Атап айтқанда, Fitch Сбербанк, Альфа-Банк және Банк Хоум Кредиттің қазақстандық еншілес банктерінің ұзақмерзімді рейтингін негативті болжамдағы «B+»-ке дейін құлдыратты және оларды Rating Watch тізіміне қосты. Бұл – олардың ахуалы ары қарай нашарлауы мүмкін дегенді тұспалдайды. «Сбербанк, Альфа-Банк және Банк Хоум Кредиттің қазақстандық еншілес құрылымдарының эмитент дефолты рейтингілерінің «B+»/Rating Watch» «теріс» деңгейіне дейін төмендетілуі олардың ресейлік бас банктерінің акционерлік қолдау көрсету қабілетінің төмендегенін, ресейлік бас ұйымдарының проблемалары енді еншілес банктердің бизнес-профильдеріне және қаржылық көрсеткіштеріне жайылуы қаупінің елеулі екенін білдіреді», – деген байламға келді халықаралық рейтинг агенттігі. Fitch аналитиктері бұл банктердің бизнес перспективалары және қаржылық ахуалдары ары қарай нашарлауы мүмкін деп жорамалдады. Салыстыра кетсек, бұған дейін Сбербанк Қазақстанның халықаралық рейтингі BBB- «Тұрақты», Альфа-Банктікі – BB- «Тұрақты», Банк Хоум Кредиттікі – В+ «Тұрақты» болатын. Осыған ұқсас рейтингі болған тағы бір ресейлік еншілес банктің – Банк ВТБ-ның қазір мүлдем халықаралық рейтингі жоқ. Осылайша, күні кеше ғана тәп-тәуір рейтингке ие бұл банктер Ресейдің Украинаға басып кіруі кесірінен мүшкіл халге түсуге таяп қалғандай. Айталық, 2022 жылдың басында ғана Сбербанк Қазақстан Moody's халықаралық рейтинг агенттігінен «Ba1» «Позитивті» жоғары рейтингін алып еді. Енді бұл банк төл клиенттерінен өзіндегі барлық долларлық депозиттерін басқа қазақстандық банктерге ауыстыруды өтінуге мәжбүр болды. Оған енді еуромен де, доллармен де жұмыс істеуге шектеу қойылған. Fitch бағалау жүйесінде «B+» рейтингі «жоғары дәрежеде спекулятивті» дегенді білдіреді. Одан төменде «ССС» (дефолт қарсаңында) сатысы тұр. Содан кейін тек «DDD», яғни «дефолт жағдайында» сатысы қалады: ол құрдымға құлаған банктер өз міндеттемелерін орындауға қабілетсіз. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының дерегінше, биылғы жыл басынан бері кейбір басқа банктердің халықаралық рейтингтері нашарлады. Тарата айтсақ, S&P рейтинг агенттігі Фридом Финанс банкінің (бұрынғы Kassa Nova) рейтингін «B(В-) «теріс» деңгейіне дейін түсірді. Ал Фитч «Kzi bank» АҚ еншілес банкінің рейтингін «B (B+)» «Теріс» деңгейге дейін төмендетті. Қазақстандық жетекші банктер өзін жақсы сезінетінге ұқсайды: бәрі халықаралық агенттіктердің «тұрақты» рейтингіне ие.Несие қымбаттап барады
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, Ресейге қарсы енгізілген жаңа санкциялардың қазақстандық банктерге жағымсыз ықпалы әзірге байқалмайды. Дүниежүзіндегі және іргедегі геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрғанына қарамастан, тұтастай алғанда, отандық банк секторы өз позицияларын сақтады. 2022 жылғы қаңтардың қорытындысында банктердің 4,6 триллион теңге төл капиталы бары анықталды, бұл 2021 жылғыдан 14,1%-ға көп. Былтыр 4 трлн теңгені құраған. Әрине, теңгедегі көлемі өскенімен, ұлттық валютаның девальвациясы банктердің долларға шаққандағы активін де, табысын да күрт азайтқаны құпия емес. Коммерциялық банктер «жоғары өтімділікті активтердің» қомақты қорына ие: ол шамамен 11,6 триллион теңгені құрайды. Қаржылық реттеушінің сендіруінше, капитал және жоғары өтімділікті активтер қорының жоғары деңгейі отандық банктерге қаржылық нарықта туындайтын сілкініс-шоктарды абыроймен еңсеруге де, сондай-ақ өз міндеттемелерін толық көлемде орындауға да жетуі тиіс.Банк секторында стресс-тест басталды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты банктерді жаппай «стресс-тест» сынағынан өткізіп жатқанын жеткізді. «Биылғы жылы тұрақты AQR құралдарын және қадағалаушы стресс-тестілеуді SREP-ке интеграциялауды аяқтау жоспарланып отыр. Өткен жылы біз 4 банкке қатысты ғана стресс-тестілеудің пилоттық жобасын жүзеге асырдық. Ал 2022 жылы банктердің ауқымды тізбесі бойынша банк секторын стресс-тестілеу басталды. Стресс-тест ағымдағы және басқа да ықтимал күйзелістердің банк баланстарына ықпалын анықтауға және жаңа шығындарды өтеу үшін банктер капиталының жеткілікті қорын қамтамасыз ету шараларын қабылдауға мүмкіндік береді», – деді М.Әбілқасымова. Бұл шара отандық банктердің жаңа жағдайдан туындаған олқы тұстарын тауып, оны жоюдың қамын ертерек жасауға жол ашуы тиіс. Таяуда мессенджерлер арқылы қазақстандықтарға банктердегі барлық жинағын тез шешіп алу қажеттігі туралы «кеңес» берген әлдебір хабарлама тарады. Бірақ Қаржылық реттеу агенттігі бұған еш негіз жоқ дегенді айтады. Себебі тіпті банк жабылып қалғанның өзінде теңгедегі депозиттердің 10 миллион теңгеге дейінгісін, ал шетелдік валютамен 5 миллион теңгеге дейінгісін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қайтарады. Ведомствоның мәліметінше, Ресейдің Қазақстандағы еншілес банктері де депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып есептеледі, тиісінше азаматтардың жинағы сақталады. Егер алаңдаса, азаматтар жинақтарының аталған сомадан асатын бөлігін алып, басқа банктегі депозитке бөліп салғаны жөн. Ресми мәліметке сенсек, әзірге банктер штаттық режимде жұмыс істейді. Салым, несие, қаржы аудару, ақшаны шешіп алу бойынша клиенттер алдындағы міндеттемелерін уақытында орындап отыр.Айтқандай, биылғы ақпан айында Қазақстан банктерінің таза табысы еселеп өскен: 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдайға сәйкес, отандық банктер 242 млрд теңге таза табыс тапты. Бұл бір ай бұрынғыдан 2,3 есе көп: қаңтардағы табысы 105 млрд теңгені құраған еді.