Заң үстемдік ететін құқықтық мемлекет құру қарапайым халықтың сот билігіне сенімін арттырудан көрінеді. Әсіресе, азаматтардың Конституция кепілдік берген құқығын сақтау ісінде Конституциялық сот секілді жоғарғы құқықтық институтқа зор сенім артылмақ. Бұл орган заңға көз жұма қараған жоғары лауазым иелерінің қаулы-қарарын жоққа шығарып, өздерін жауапкершілікке тарта алады. Әйтсе де, оның қызметін ұйымдастыруда басымдық берер жайттар жеткілікті. Жақында Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау институттарын күшейту мәселесіне ерекше тоқталып, Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа алмастыру туралы бастама көтерді. Мұндағы басты мәселе жоғары құқықтық органға жүгінушілердің санатына байланысты болса керек. Өйткені бұған дейін елдегі құқық нормаларына кәсіби баға беріп, ол бойынша толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргізумен Конституциялық кеңес айналысып келді. Алайда бұл орган қарапайым азаматтардың талап-тілегін, уәжін тыңдамады. Міне, сондықтан Президент әлемдік тәжірибеге арқа сүйеп, кез келген қазақстандықтың құқық мәселесінде туындаған сауалдарына үн қатуға қабілетті Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл органның көмегіне жоғары лауазым иелері, заң шығарушы органдар, қарапайым азаматтармен бірге Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілдің де жүгінуіне мүмкіндік берілмек. Сәйкесінше, бұл тетік азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Қазыбек Дәуталиевтің пікірінше Конституциялық сот жоғары конституциялық мәдениет қалыптастырады. – Конституциялық соттың құзыретіне жататын сұрақтар болады. Бұл заңдардың, партиялардың, саяси қозғалыстардың әрекеттерінің қолданыстағы заңнама сәйкестігін анықтайды. Сондай-ақ Президенттің жауапкершілігін қарайды. Сондай-ақ бүгінге дейін Жоғары Соттың шешімі бізде ең соңғы инстанция ретінде қаралып келеді. Ал Конституциялық сот құрылатын болса, азаматтар Жоғарғы Соттың шешіміне арыздана алады. Ол үшін шағымданушы соттың барлық сатысынан өтуі керек, – дейді Қазыбек Дәуталиев. Әрине, осыншама мол жауапкершілік алатын Конституциялық сот мүшелеріне қойылар талаптың да жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Әрі олардың қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығару үшін дербестік мәселесі туындайды. – Конституциялық сот мүшелерінің абсолюттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мұнда екі мәселе ескеріледі: біріншісі сот мүшелерін жасақтау кімнің құзыретіне кіреді, соған байланысты, ал екіншісі билігінің, яғни өкілеттігінің толықтығы. Мен Конституциялық сот мүшелерінің жартысын Президент, жартысын Парламент қалыптастыруы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ Жоғары Сот, Бас прокуратура сияқты жоғары құқықтық органнан да 1-2 мүшеден сайлануы ықтимал. Кандидаттарды заң мамандығын оқытатын ЖОО-да ұсына алған жөн. Конституциялық сот мүшелерінің саны 12 болуы керек. Бұл әлемдік тәжірибемен салыстырғанда көп те емес, аз да емес, оптималды корпус, сондай-ақ цифрдың тарихи негізі де бар. Жәңгір ханның, Шыңғыс ханның жанында 12 биден тұратын құқықтық институттардың жұмыс істегені тарихтан белгілі, – дейді ғалым. Жалпы, отандық сот жүйесі үшін Конституциялық сот ұғымы аса таңсық емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанда құқықтық-нормативтік актілердің Конституцияға сай келуін қадағалаумен айналысатын Конституциялық сот болды. Алайда бұл сот 1995 жылы таратылды да оның орнына қазіргі Конституциялық кеңес құрылды. Өз кезегінде бұл органға тек Тұңғыш Президент қана бірнеше рет кезектен тыс Президент, Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауын ұйымдастырудың құқықтық негіздерін қарастыру мәселесі бойынша қайырылған екен. Ал 2019 жылдың 23 сәуірінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңес мүшелерінің көмегіне жүгінді. Бұл жолы кеңес мүшелері Мемлекет басшысына шетелдік мекемелерде, халықаралық ұйымдарда қызмет еткен президенттікке кандидаттың Қазақстанда тұру талабына қатысты құқықтық баға берді. Конституциялық кеңес мемлекет атынан дипломат ретінде халықаралық ұйымдарда қызмет атқаруға жіберіліп, шетелде тұрған азаматтар президенттікке кандидат ретінде тіркеле алатынын дәлелдеді. Және бұл санаттағы азаматтардың болашақ президентке қойылатын соңғы 15 жылда Қазақстанда тұру талабына да сай келетіні расталды. Әлем елдерінде әрқилы аталғанымен Конституциялық сот деңгейіндегі органдар азаматтардың заңды құқықтарын сақтап, мемлекеттік мекемелердің, жоғары лауазым иелерінің Конституцияға әрекет етуіне бақылау жүргізеді. Тіпті, олардың кейбірінде Конституциялық сот Президенттің қаулы-қарарларының құқықтық күшін жойып, Мемлекет басшысының заңға қайшы әрекетін әшкерелеп жатады. Мәселен, Молдованың Конституциялық соты 2017-2019 жылдар аралығында ел Президенті Игорь Доданды бірнеше рет өз қызметінен шеттетуге мәжбүр болған. Себебі Молдова басшысы Үкіметтің министрлерді тағайындау туралы жарлығы мен Парламент қабылдаған бірнеше заңға қол қоюдан бас тартқан екен. Осынау араздықтың салдарынан Конституциялық сот Кишиневтегі республикалық стадионды АҚШ елшілігінің меншігіне беру туралы да шешім шығарған екен. Өз кезегінде Молдава Президенті жоғары органның бұл шешіміне наразылық білдіріп, оның саяси астарын жайып салды. Украина президенті Зеленский де Конституциялық сотпен жиі «ұстасып» қалады. Мәселен, 2020 жылы Конституциялық сот Қылмыстық кодекстің табыс туралы декларацияда жалған мәлімет ұсынып, заңсыз баюды көздейтіндерді жауапкершілікке тартудың тетігі қарастырылған 366-1 бабынан бас тартып, Президенттің қаһарына ұшырады. Зеленский айдауына жүрмей, айтқанына көнбеген Конституциялық сотты тарату мақсатын көздейтін заң жобасын Жоғары Радаға ұсынды. Арада көп уақыт өтпей Президент Украинаның Конституциялық сотының төрағасы Александр Тупицкогоны 2 айға қызметінен шеттетті. Соған қарамастан кеңестің өзге мүшелері Президенттің тапсырмасын орындаудан бас тартты. Ресейде де Конституциялық сот құрыла сала Президенттің өкілеттілігін тоқтату туралы шешім шығарды. Осынысы үшін Валерий Зорькин төрағалық ететін Конституциялық соттың басына қара бұлт үйірілді. Президенттің шешімін жоққа шығарған орган тарап тынды. Бірақ арада көп уақыт өтпей азаматтардың Конституция кепілдік берген құқығын сақтауда мұндай институттың берері мол екенін биліктегілер қайта мойындады. Осылайша, Валерий Зорькиннің «командасы» елдің басты құқықтық құжатын көздің қарашығындай сақтау миссиясына қайта кірісті. Осы құраммен 2009 жылы Ресейдің Конституциялық соты өлім жазасын қолданудан түбегейлі бас тартты. АҚШ-та Конституциялық кеңестің қызметін Жоғары Сот атқарады. Тарихы ХІХ ғасырдан басталатын бұл құрылым ел президентіне қатысты қылмыстық істерді батыл көтеруімен ерекшеленеді. Әйгілі «Уотергейт ісі» бойынша күдікке ілінген Ричард Никсонның өзі Жоғары Соттың айғақтарды ұсыну туралы талабынан кейін отставкаға өтініш жазып, лауазымынан бас тартты. АҚШ-тың Жоғары Сотының тарихында таңдай қақтырар мұндай істер жетіп жатыр. Мәселен, 1997 жылы аталған орган Вашингтон штатының өзіне-өзі қол салғандарға көмек көрсетуге тыйым салу туралы заңын ел Конституциясына қарсы келмейді деп таныды. Ал 2003 жылы қылмыс жасаған кәмелетке толмағандарды өлім жазасына тартуға шектеу қойылды. 2015 жылы Жоғары Сот АҚШ Конституциясына енгізілген түзетулерді алға тартып барлық штатта біржынысты некеге рұқсат етті. Әлем елдерінің тәжірибесінен Конституциялық соттың заң алдында бәрінің бірдей екенін ұғындыратын құрылым екенін аңғаруға болады. Сәйкесінше біздегі бұл соттың қызметін ұйымдастыру бойынша қабылданатын заңда оны мейлінше дербес етудің тетігі қарастырылғаны дұрыс. Сонда ғана аталған орган заңды көзге ілмейтіндермен күресте, азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етудегі жоғарғы құқықтық институт мәртебесіне ие болмақ.