Жыл сайын 27 қаңтарда халықаралық театр күні атап өтіледі. Бұл – театрларды құттықтап, әртістер бір-біріне құрмет көрсетіп, мәре-сәре болатын күн. Осыдан 56 жыл бұрын Венада өткен конгресте халықаралық Театр институты 27 наурызда театр өнерін ұлықтауды мақсат тұтқан екен. Содан бері бұл мереке ұғымға сіңіп кетті. Күні кеше «Елде театр қызметі 26 пайызға қымбаттады» деген ақпарат тарады. Қалай қымбаттады? Қызмет пе? Қойылым бағасы ма? Әлде, репертуар ма? Бүгінге дейін құны қымбатқа түскен спектакльдің бірі – «Бөрте» қойылымы. «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК қойылымға 246 млн 750 мың теңге шығындағаны туралы Ulysmedia.kz жариялаған еді. Оған дейін мемлекеттік театрларда қойылған спектакльдердің құны мұндай қымбат болған емес. Құны жоғары болғасын, спектакльдің мазмұны да жоғары болатыны сөзсіз. Киімі, сахналық безендіруі, режиссер мен актерлерге бөлінетін қаламақы мөлшері де артады. Алайда спектакльдің бәріне бірдей мұндай көп қаржы бөліне бермейді. Театр аз қаржымен жақсы спектакль қоя ала ма? Репертуар неге жұтаң? Режиссерлер әлемдік классикаға неге көбірек ұмтылады? Бұл жайында театр сыншысы Анар Еркебайдан сұраған едік. «Театр репертуары бірінші кезекте ұжымның бет бейнесін айқындайтын, ұстаған бағытын ашық, мүмкіндіктерін барынша жоғары деңгейде көрсететін қойылымдардан, екіншіден, жоғары кәсіби және көркемдік деңгейде жасалған көпшіліктің талғамынан шығатын «кассалық» спектакльдерден құралады. Қазақ театрларында соңғы жылдары репертуарды жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа отандық авторлар (М.Қолғанат, А.Аламан, Ә.Айтуаров, Ә.Байбол), шетелдік қазіргі авторлардан көбінесе О.Жанайдаровтың пьесалары сахнада қойыла бастады», – дейді.
«Абай-Тоғжан» спектаклі 27 рет қойылған
Театр сыншысының айтуынша, Халықаралық театр сыншыларының бірлестігі осымен үшінші рет ел театрларының мониторингін түзген. Мониторинг бойынша, елімізде ең көп қойылатын драматургтер Шекспир, М.Әуезов, А.Чехов пен Ш.Айтматовтың шығармалары. Бұл тақырыптар әлі де өзекті болып тұр. «Репертуардың жаңаруы, сонымен қатар тек жаңа пьесаларды ғана емес, жалпы барлық қойылымдарды заманауи формада сахналауы, театрдың техникалық мүмкіндіктерін барынша пайдалануы, жаңа технологияларды енгізу арқылы да жүріп жатыр. Бұл үдерісті еліміздің Елік Нұрсұлтан, Жұлдызбек Жұманбай, Дина Жұмабаева, Фархад Молдағалиев, Айдын Салбанов, Аридаш Оспанбаева, Гауһар Адай, Әлібек Әмірбекұлы сынды жас режиссерлерімізбен қатар, шетелден шақыртылған режиссерлердің жұмыстарынан байқап жүрміз.Театрлар ай сайынғы репертуарды түзгенде қойылымның көрерменнің сұранысына және ұжымның ішкі жұмысына байланысты құрады. Сондықтан бір қойылымның жылына бір рет емес, бірнеше рет жүруі де заңдылық», – дейді Анар Еркебай. Мониторинг қазақ театрларының көрермендері музыкалық және елге танымал тұлғаларға арналған спектакльдерге көп барса, орыс театрларының көрермендеріне комедиялық қойылымдар жақын екенін көрсеткен. Сыншының айтуынша, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театрында» «Абай – Тоғжан» қойылымы 27 рет, «Шәмші» 15 рет, Семейдің «Дариға-ай» жастар театрында «Бар қазаққа ән салдырған – Шәмші!» 18 рет, Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрындағы «Сыған серенадасы» 15 рет көрерменге ұсынылған. «Көрерменнің талғамынан шыққан қойылымды қайталап көрсету – әлемдік театрлардың тәжірибесінде бар нәрсе», – дейді сыншы. «Біріншіден, бұл театрдың экономикасына жақсы әсер тигізеді, екіншіден, бұл спектакльдер көрерменді эстетикалық тұрғыдан байытып, театр өнерінің мазмұнына тереңірек енуіне мүмкіндік берсе, үшіншіден, ұжымның басқа дүниелерін көруге итермелейтін саты болады. Және, керісінше, театр репертуарында жылына бір рет қана не болмаса тіпті қойылмаған қойылымдар да бар. Олардың тағдырын театрдың көркемдік кеңестері шешуге міндетті деп ойлаймын. Сондай ақ қыруар қаражат жұмсап қойылған спектакльдің көркемдік деңгейі төмен болып жатқан жайттар да кездеседі. Мүндай дүниелерді көркемдік кеңестер қабылдамай, қайта жұмыс жүргізуді талап етуі керек», – дейді. Кей театрлар премьера күнін алдын ала хабарлап, сол күні қойылымның сапасына қарамай, сахнаға шығаратын кездері болады. Бұл – қате шешім. Спектакль әбден жетіліп, бабына келмей, асығыс-үсігіс сахнаға шығарудың қажеті жоқ. Қазір көрерменнің талғамы өзгерген. Шалажансар дүниені ұсынсаңыз, көрермен қабылдамай қоюы мүмкін.Театрға жарнама жетіспейді
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының директоры Қайрат Қарғабаевтың айтуынша, театр – адам санасының оянуына ықпал ететін бірден-бір сала. «Біздің халық, оның ішінде мәдениеті мен салт-дәстүрі бойына жақсы сіңген оңтүстік халқының сана түсінігі рухани жағынан басымырақ. Бұл өте жақсы, себебі ондай адамдар театрдың, шынайы өнердің қандай екенін жақсы түсінеді. Яғни, қазір театрға көрерменнің келуі көбейіп келеді. Ол әрине, театрдағы жақсы қойылымдардың сахналанып жатқанының белгісі деп түсінемін. Көрермен қазіргі күні өз қалауынша билет алып келуде. Бұл дегеніміз – үлкен жетістік. Әлі де жарнамалық жағынан, заманауи сұраныстағы қойылымдар сахналау жағынан қарқынды жұмыстар керек. Мұның себебі театрға келетін көрерменнің көбеюіне молырақ ықпал етеді деп санаймын», – дейді директор. Бұрынғыдай емес, қалалық театрға келетін көрерменнің де қатары көбейіпті. Бұрын қала орталығында болған кезде көрермен үзілмеген. Қазір Нұрсәт шағынауданына ауысқалы көрермен саны әрқалай. «Бүгінде кешкілік қойылымнан шыққан соң, үйге қайтатын қоғамдық көліктер қатары көбейді. Әкімдіктің бұл бағыттағы жұмысы бізді қатты қуантуда. Сең қозғалды. www.ticketon.kz сайтымен келісімшартқа отырдық. Енді билетті онлайн түрде сатып алуға мүмкіндік бар. Көрерменнің басты талабы – жақсы қойылым, жақсы режиссура, жақсы драматургия және әртістің жақсы ойнауы. Театр өнерінің синтездік табиғаты төрт жағы тең болса, көрермен қай уақытта болса да іздеп келеді деп ойлаймын», – дейді театр директоры. Театрдың көбі жарнамаға зәру. Жақсы қойылымдарға насихат қажет. Актерлердің ойынын да жарнамалаған абзал. Осы орайда, аймақтық театр жетекшілері актерлерді көпшілікке танымал ету мақсатында басқа да театрлармен, үлкен экрандық жобалар қолға алынса деген армандары барын айтады.Актерлердің жалақысы өсті ме?
Театрсыз актер – актер емес. Актерсіз де театрдың күні қараң. Жақсы актер – театрдың жарты жүгін көтереді. Ендеше, театр актерге қандай жағдай жасап отыр? Жалақысы өсті ме? Қазір билет құны да өзгерген. Мәселен, Нұр-Сұлтандағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық драма театрда билет бағасы оқушылар, зейнеткерлер, студенттерге жеңілдікпен 1000-1500 тг болса, үлкендерге 2000-2500 теңгеге дейін барады. Алғашқы орындар 3500 теңге тұрады. Актерлердің жалақысы да 30 пайызға көтерілген. Жаңа ғимаратқа көшіп, Мәдениет министрлігіне ауысқалы бері жалақы мәселесі де оң шешімін тапты деп отыр. Ал М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекжан Тұрыс «актерлердің айлығы ешқайсысының жыртығын жамамайтынын, бұрын 150 мың болса, қазір 190 мыңға көтерілгенін» айтады. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының директоры Гүлсина Мерғалиева: «Театрдың жұмысы жақсы жүріп жатыр, репертуар толық. Қазір Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» қоюға дайындалып жатыр. Премьерасы 1 сәуір күні болады. Театр өте мықты актерлер қосынынан тұрады. Бізде кей спектакльдердің билеті бір ай бұрын сатылып кетеді. Әсіресе, «Әлиханның аманаты» спектакліне сұраныс көп. Үнемі аншлагпен өтеді. Кей сұранысы жоғары спектакльдерді бір айда екі рет қоюға тура келеді. Ал кей спектакльдер жылына екі-ақ рет қойылуы мүмкін. Өйткені біздің репертуарымыз өте бай. М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә.Кекілбаев және т. б. әлемдік классикалық шығармалар қамтылған. Жалақысы да жаман емес. 120 мыңнан бастап, 200 мыңға дейін. Аз да емес, көп те емес», – дейді. Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрдың директоры Қайрат Қарғабаев мырза: «Жалақы мәселесіне келсек, соңғы жылдарда айлық көптеген салаларда біршама пайызға өсті, оның ішінде мәдениет саласы да қалыс қалған жоқ. Десек те, актерлердің, шығармашылық құрамның техникалық қызметкерлерінің жалақысы әлі де көтерілсе екен деген арман-тілек бар. Себебі айлығы жақсы қызметкер жан-тәнімен қызмет ететіні бар емес пе? Осыған келсек, кадр мәселесі де қиындамас еді» деп отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі – мемлекеттік театр. Оның үшеуі опера және балет театры болса, бесеуі – балалар мен жасөспірімдер театры, 7-еуі қуыршақ, 24-і – драма театр. Одан бөлек, 11 музыкалық драма және комедия театры бар. Мұның бәрі қазақ руханиятына қызмет етіп келеді. Театрдың кинодан айырмасы – тірі организм. Ол өзгеріп, толысып, жаңғырып отырады. 30 жыл бұрын қойылған «Қарагөзді» сол күйінде қайта сахналай алмайсың. Өйткені көзқарас басқа, сахна басқа, таным-түсінік те басқа. Бұрын «теледидар пайда болғанда, театр өледі» деген түсінік болған. Театр өлген жоқ, телеарнамен қатар дамып келеді. Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. «Айшылық алыс жерлерге» жылдам хабар таратып жатқан да солар. Ендеше, космостық жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан уақытта «пойыз» күтіп отыра алмайтынымыз белгілі. Театрлар да үздіксіз даму үстінде болу керек. Бастысы, әрқайсының өз бағыт-бағдары бар. Көрермен әлеуметтік желіден жалыққанда, театрды іздейді. Рухани нәр беретін шынайы өнерге сусындағысы келеді. Ал театрға жан бітіретін өнер адамдары. Актерлердің «тамағы тоқ, көйлегі көк болмай», «хас сұлудың көз жасындай» әсем өнерді дамыту мүмкін емес. Жақсы актер – мықты драматург – талантты режиссер. Өнердің үштағаны. Мұнсыз өнер өнер бола ма? Сол себепті де театрал қауымға «Тұрмысың қандай?» деген сауал тастағымыз келеді...