Балабақша ғимаратындағы қазақ мектебі
Балабақша ғимаратындағы қазақ мектебі
388
оқылды
Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауда­нында ұзын саны 40-тан астам мектеп болса, со­ның үшеуі – қазақ мектебі. Өкініштісі, айнал­дырған үш қазақ мектебінің бірі 1970 жылы са­лын­ған қабырғасы қаусаған, ескі балабақша ғи­маратында отыр.

Тар дәліз, ағаш терезе, ескірген сыныптар...

Жақында 52 жыл бұрын бой көтерген ескі ғимаратта отырған Жаңа Бұқтырма ауылындағы жалғыз қазақ мектебінің жай-күйін өз көзімізбен көріп, мұғалім­дермен, ата-аналармен пікірлесіп қайттық. «Көріп қайт­тық» дегеннен гөрі «көңіліміз түсіп қайтты» де­геніміз дұрыс болатын шығар. Әдетте мектеп десе, балалар оңды-солды жүгірген кең дәліз, жарқыраған сыныптар көз алдымызға елестеуші еді. Ал мына ғи­маратқа кіргенімізде оқушылар білім алатын мектепке емес, шахтаға түскен кеншілердей қысылып-қым­ты­рылып, еңсеміздің езіліп, көңіліміздің түсіп шыққаны рас. Ені бір метрден сәл ғана асатын әрі ұзын, әрі тар дәлізден өткен соң жамалып-жасқалған ескі ағаш те­ре­зелі, еденінде кеңес заманын ай­шықтайтын әртүрлі сурет бей­неленген сыныптарды араладық. Бірнеше сыныптың қабырғала­ры­ның жарықшақтанып, төбеден ақ­­қан судың ізі қалғанын, ал акт за­лының терезелерінің маңы мен бұ­рыштарының (мұндағы орын­дық­тардың ескіргені өз алдына) көгеріп, дымданып кеткенін бай­қадық. Кейбір сыныпта атам за­манғы қо­ңыр тақталардың әлі де қолданылып жүргенін көзіміз шалды. Оқушы­лардың киім ілетін бөлмесі өте тар әрі суық екен. «Ішін дұрыстап көре­йік» деп едік, күзетші жарығын қоса алмай, дал болды. Ал мектептің сыр­ты, әсіресе арт жағы адам көр­гісіз күйге түсіпті. Кейбір жер­ле­рінің кірпіштері үгітіліп түсе бас­тапты, ғимараттың бір жақ қабыр­ғасына қызыл ала лента тартыл­ға­нын да аңғардық. «Жүруге қауіпті» деген белгі болса керек. Бізге ғи­ма­раттың іші-сыр­тын аралатып, көр­сеткен осы білім ордасының мұ­ға­лімі Анаргүл Дү­рімханқызы сы­нып­тардың суық әрі қараңғы, мек­тептің асхана­сы­ның да тар екенін, оқушыларға бір мезетте тамақ ішуге мүмкіндік бол­маған соң әр сағатқа бөліп тас­та­ғанын айтты. Бәрінен де қиыны, оқушы­лар денешынықтыру сабағы үшін жолдың арғы бетіндегі спорт мек­тебіне барады екен. «Мек­тептің іші-сыртын көрдіңіз ғой. Әбден тозып тұр. Бұл балабақшаға арнап салынған ғимарат қой негізі. Жа­рам­дылық мерзімі – 30 жыл. Бірақ пайдалану мерзімінен 22 жыл асып кетсе де, ғимарат апатты жағ­дайда болса да, қазақ балалары амал­сыз осында оқып жатыр. Ата-аналар министрге де хат жазды. Нәтиже болмады. Бердібек Сапар­баев об­лыс әкімі болып тұрғанда мектептің жағдайын көріп, жаңа мектеп салуға көмектесетінін айт­қан. Көп өтпей, жобалық-смета­лық құжат та жа­салған. «2015 жылы мек­теп салы­нады» деп қуанып едік. Алайда ол кісі кеткен соң бұл мәселе жайына қалды. Қазіргі об­лыс әкімі мек­тептің мұндай күй­де екенін біл­мейтін секілді, білсе, жа­ңа мектеп салуға көмектесер еді. Жақында облыс әкі­мінің орын­ба­сары келіп, мек­теп­ті көріп кеткен. Бірақ нақты еш­­теңе айт­пады. Алтай аудандық әкімдігі «мек­т­епті жөн­деуге ақша бөле­міз», – деді. Бірақ біз оған ке­ліс­пе­дік. Ескі ғи­маратты мың жер­ден жөн­­дегенімен, пайда жоқ. Бізге жаңа мектеп ке­рек», – дейді осы мек­тепте еңбек ет­кеніне 20 жылға жуықтаған мұ­ғалім Анар­гүл Дүрім­ханқызы.

Оқушылар орыс мектебіне ауысып жатыр

Бүгінде 125 оқушы білім алып жатқан қазақ мектебі балабақша­ның ескі ғимаратына 1997 жылы көшірілген екен. Кім өз баласының ескі әрі тар ғимаратта оқығанын қалайды? Кейбір қазақ ата-аналар балаларын амалсыз орыс мектеп­теріне беріп жатқан көрінеді. Со­лардың бірі – Эльмира Қажымұрат­қызы. «Қазақ мектебінде екі балам оқиды. Тәрбие мен білімді жақсы береді. Өнерлі бала көп. Ұйым­дас­тырған концерттерін көргіміз ке­леді, барайық десек, орын жоқ. Мы­салы, орыс мектебінде екі спорт­зал бар, қазақ мектебі болса, бір спортзалға жарымаған. Осының бәрін көріп жүрген соң үшінші ба­ламды орыс мектебіне бердім. Амал­дың жоғынан. Бұл – менің ға­на сөзім емес, осы мектептің ата-ана­ларының жанайқайы. Қазақ­стан­да тұрғанымызбен, қазақ мек­тебінің кейпі мынау. Тыңғы­лықты қарап, жоқтан бар жасап отыр­ған соң ғана мектеп тұр. Те­ре­зесі тең, қабырғасы кең, шаңырағы биік мектеп болса, орысшаға ба­ратын балалардың жартысы қазақ мектебінің табалдырығын аттар еді», – дейді ол. [caption id="attachment_189665" align="alignleft" width="1200"]мектеп © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Тар мектеп, ескі ғимаратта оқып жатыр демесеңіз, мұндағы оқушылардың үлгерімі жақсы. 2018 жылы екі оқушы «Алтын белгімен» тәмамдап, екеуі де әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­тетіне грантқа түсіпті. 2019 жылы бір оқушы «Алтын белгі» иегері ата­ныпты. Ұлттық бірыңғай тесті­леу­дің орташа нәтижесі 113 балл болса, жоғарысы – 130 балл. Оқу­шылардың жанына бататыны бір-ақ нәрсе – мектептің ескілігі. «Рес­публикалық байқауларға қа­ты­сып жүргендіктен, басқа мек­теп­терді көреміз, қызығамыз. Мек­тебіміздің қандай күйде екенін көріп отырсыздар. Қыста дірдек қағып шығамыз. Бөлмелер суық. Кейде ауырып та қаламыз. Бір сыныпта 15 бала отырсақ, тақтаға жазған жазуға көз жетпейді. Тақ­таларына дейін тозған. Мұғалім жасаған көрнекіліктерін көрсету үшін компьютер, интерактивті тақ­та болса ғой. Киім ілетін жеріміз де жоқ. Асханадан тамақ ішейік де­сек, шағын ғана бөлме. Ар­м­а­ны­мыз жаңа мектеп», – дейді 9-сынып оқушысы Диана Домай. Бұл мектепте Жаңа Бұқтырма ауылының балалары ғана оқымай­ды, елді мекенге іргелес Бұқтырма стансасы, Березовка, Октябрск, Се­лезновка, Сажаевка ауылда­ры­нан келіп оқитын оқушылар да бар. Сонымен, Жаңа Бұқтырма ауы­лына жаңа қазақ мектебі са­лына ма? Бұл сауалымызға Алтай ау­даны әкі­мінің орынбасары Жан­на Ас­қарқызы: «1970 жылы қол­данысқа берілген балабақша ғи­маратында халыққа қызмет көрсету орталығы, кент әкімдігі мен музыка мектебі де отыр. Ғимарат пайдалануға беріл­ген жылдан бастап күрделі жөндеу жасалмаған. Ал 130 орындық қазақ мектебін салу 2011-2020 жылдар аралығын­дағы жоспарда болған. Құрылыс жүргізуге жер актісі де алынған. Облыстық Құрылыс бас­қармасы 2015 жылы тапсырыс беруші ре­тінде қаржы бөлу жөнінде өтініш жасағанымен, қаржы бөлінбеді. 2016 жылы жобалық-сме­талық құ­жаттың пайдалану мер­зімі өтіп кет­ті. Біз өз тарапымыз­дан облыс­тық Білім басқармасына ұсыны­сымызды жеткіздік. Был­тырдан бастап барлық білім беру бөлімі облысқа қарайды, бюджет соларда. Енді солар шешім қабыл­дайды» деп жауап берді.

ТҮЙІН:

Айтпақшы, жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов биыл Ұранқай, Жыланды, Қапай батыр және Жолнұсқау ауыл­дарында, кейін Кеңтарлау, Шеңгелді және Малақ ауылдарында жаңа, за­манауи мектептер салынатынын өзінің Facebook парақшасында жаз­ды. Алайда Алтай ауданы Жаңа Бұқ­тырма ауылындағы ескі балабақ­шада отырған қазақ мектебі бұл тізімге неге енбегені түсініксіз. Соған қарағанда мектеп мұғалімдері де айтып өт­кендей, аймақ басшысы бұл мек­теп­тің мәселесінен бейхабар секілді...

Шығыс Қазақстан облысы Суретті түсірген автор