Бізде қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар – Берік Әбдіғалиұлы
Бізде қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар – Берік Әбдіғалиұлы
248
оқылды

Бүгін AMANAT партиясының TALQYLAU алаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы талқыланды. Жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазір қоғамда халықтың талабы күшейгенін тілге тиек етті.

«Бұл жолдаудың ерекшелігі – нақты бір тақырыпқа арналады. Ол – саяси реформа. Мемлекет басшысы қаңтар айындағы үндеуінде бұл Жолдауын күзде жасаймын деген еді. Бірақ еліміздегі ахуалдың тез өзгеруіне байланысты Президент Жолдауын шұғыл наурызда айтуға шешім қабылдады. Бірақ бұл ұсыныстар бұрыннан бері дайындалып келе жатқан. Бұны сайлау кезінде де айтқан. Бірақ қаңтардан кейін елімізде ахуал өзгерді. Қазір саяси билік түгелдей Мемлекет басшысының қолына тиді. Қауіпсіздік кеңесі де, партия да, ассамблея да. Яғни, толыққанды саяси реформа жасауға Президенттің мүмкіншілігі кеңейді. Сосын, халықтың талабы күшейді. Ел өзгерісті бұрыннан-ақ талап ететін. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін халық өзгерістерді қазір, бүгіннен талап етіп жатыр. Сондықтан өзгерістер пісіп-жетілгені туралы талай айтып жүрміз. Осы жолғы Жолдауды алғашқы үлкен тұжырымдама ретінде есептеуге болады. Оның өзін мен алғашқы бастамасы деп есептеймін. Әлі де реформалар болады. Өйткені мұны халық талап етіп отыр. Әлеуметтік желі болсын, халықтың арасында жүрсеңіз де, қайда болсын халық өзгерісті талап етеді. Бірінші кезекте әр адамның жағдайына қарау керек. Әр ауылдан бастап, бюджетті жоспарлағанда әрбір тиын әрбір азаматқа, соның өлшемі болуы тиіс. Адам – бізде барлығына өлшем. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида осы. Соған келе жатырмыз. Жаңа Қазақстанда ең бастысы, бәрін өзімізден бастайық. Бізде қазір елімізді жаңа деңгейге көтеруге үлкен мүмкіншілік бар, – деді Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы.

Осыған дейін тарихшы Бүркітбай Аяған «Ақиқатты айтқан азаматтардың пікірін тыңдап, оппозициямен жұмыс істеп үйрену керек» деген еді.