Жеңіске бергісіз тең ойын
Жеңіске бергісіз тең ойын
Футболдан Қазақстан жастар (U-21) құрамасы 2023 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Алматыдағы Орталық стадионда Шотландия құрамасын қабылдады. Матч басталысымен қос құрама жасыл алаңда белсенді қимылдап, әлсін-әлсін алма-кезек шабуылға шығып отырды. Ойындағы есепті алдымен шотландиялық футболшылар ашты. Бірінші таймда қонақтар бұрыштама добын оңтайлы пайдаланып, 25-минутта Рос Грахам көзге түсті. тең ойын Кездесудің екінші бөлігінде шотландиялықтар екінші голын соғып, есепті еселеді. Голды алаңға қосалқы құрамнан ауысып шыққан Том Клейтон соқты. Алаң иелері қақпаларына қос доп өткізіп алғаннан кейін толықтай шабуылға ден қойды. Қонақтар қақпасына бірнеше соққы бағыттап, гол соғудың жолын іздеді. 71-минутта Еркебұлан Сейдахметке қарсы ойын тәртібі бұзылып, шотландиялықтар қақпасына 11 метрлік айып добы белгіленді. Нүктеге келген Еркебұлан пенальтиді сәтті орындап, есеп айырмасын қысқартты. Ал 95-минутта Абылайхан Жұмабек көзге түсіп, Қазақстан құрамасын жеңілістен аман алып қалды. Осылайша, Қазақстан іріктеу турнирінде қатарынан бес жеңілісінен кейін алғашқы ұпайына қол жеткізді. Қайрат Нұрдәулетов жаттықтыратын құрамамыз ойынын 4 маусымда сырт алаңда Данияға қарсы өткізеді.