Жәнібекті жауапты жекпе-жек күтіп тұр
Жәнібекті жауапты жекпе-жек күтіп тұр
© коллаж: Елдар Қаба
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен британиялық Дэнни Дигнум орта салмақта WBO тұжырымы бойынша «уақытша» әлем чемпионы белбеуіне таласады. Дүниежүзілік бокс ұйымы қос боксшы арасындағы жекпе-жекті ұйымдастыратынын хабарлады. Сөз басында ұлыбританиялық боксшының Әлімханұлының жарты жылдағы төртінші қарсыласы ретінде тіркелгенін айта кетейік. Осыған дейін отандасымыздың қарсыласы ретінде WBO чемпионы америкалық Деметриус Андраде (31-0, 19 КО), бразилиялық Эскива Фалькао (29-0, 20 КО) және Хайме Мунгия қарастырылған болатын. Бірақ Андраде жоғары салмаққа ауысып кетті. Ал Мунгия кездесуден бас тартып, басқа қарсыласпен қолғап түйістіретін болды. Фалькао да Жәнібекпен жекпе-жек өткізуге дайын болмай шықты. Бұдан кейін таңдау осы Дэнни Дигнумға түсті. Бұл айқастың мамыр айына жоспарланып отырғанын британдық боксшының промоутері Ли Итон да Twitter-дегі парақшасында жазды. Ал қазақстандық былғары қолғап шеберімен жекпе-жек алдында жоспарымен бөліскен Дэнни Дигнум бір сөзінде әлем чемпионы үшін жекпе-жек кеші Америкада өтетінін айтып қалды. Бірақ кездесудің нақты күні мен өтетін орны таяуда ресми түрде бекітіледі. Бастысы, қарсылас белгілі. Бұған дейін чемпиондық айқаста өзіне лайық қарсылас таппай жүрген қазақстандық боксшы әлеу­меттік желідегі жазбасында кездесуге дайын екенін жеткізіп, карьерасы мен болашағына қатысты пікірін білдірді. «Америкада жүргенімізге 4 жыл болды. 11 жекпе-жекпен әлем чемпионына міндетті қарсылас атандық. Құдайға шүкір! Бекеңмен бірге бастаған тірліктің бел ортасына келіп қалдық. Бұйырса, әлем чемпионы белбеуін елге алып қайтамыз! Ол күнге де санаулы ай қалды! Жоспар көп, мақсат айқын!» – деп жазды Әлімханұлы Instagram-дағы парақшасында. Мақсаты айқын Жәнібектің алдағы кездесуде жеңіске жететініне сенетіндер көп екенін байқадық. Әсіресе, бокс мамандары мен спорт сарапшыларының басым бөлігі басымдықты қазақстандық боксшыға беріп отырғанын байқадық. Америкалық Delcotimes.com порталының шолушысы Джек МакКаферри орта салмақтағы қазақ­стандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBO белбеуінің «уақытша» чемпионы атағы үшін айқаста ұлыбританиялық Дэнни Дигнумды оңай жеңетінін топшылады. – Дэнни осыған дейін айтылған боксшылардың арасындағы ең әлсізі деуге болады. Дигнумның соққысы да жойқын емес. Соңғы кездесуінде ол қарсыласы­мен тең түсті. Орта деңгейдегі бокс­шы. Ал Әлімханұлы бұл деңгейден әлдеқашан өсіп кетті. Бұрынғы әлем чемпиондарын жеңіп, қазақстандық боксшы қандай қауіп төндіретінін көрсетті. Одан қазір барлығы қорқады. Алдағы айқаста Жәнібек қарсыласын нокаутқа түсіреді. Мен бұған жүз пайыз сенімдімін, – дейді МакКаферри. Ал PR менеджер, спорт журналисі Серік Ноян керісінше бұл жекпе-жектің Жәнібек үшін оңайға соқпайтынын, алайда чемпиондық белбеу отандасымызға бұйыратынын тілге тиек етті. – Бұл кездесу Жәнібек үшін аса маңызды. Өйткені қарсыласы осал боксшы емес. Осы уақытқа дейін кәсіпқой бокста бірде-бір рет жеңіл­меген. 15 жекпе-жегінің 14-інде жеңіске жеткен, 1 рет тең түскен, 8 нокауты бар. Шымыр денелі, бойы мен қолы ұзын боксшы. 30 жастағы нағыз тіс қаққан, қырғыз спортшы. BoxRec рейтингінде 25-орында тұр. Бұл дегеніміз қарсыластың әлеуеті мен деңгейі жоғары екенін білдіреді. Бұған дейін чемпиондық айқасқа шығып көрген, жеңіске жеткен Дэнни үшін бұл айқас оның ары қарай өсуіне керемет мүмкіндік. Тек Дигнум кейінгі жекпе-жегінде Андрей Сироткинмен тең түсті. Бір қызығы, Андрей осы салмақта ақ­пан айында қазақстандық тағы бір танымал боксшы Мейірім Нұрсұлтановтан жеңіліп қалды, – дейді журналист. Сонымен қатар С.Ноян соңғы екі жылдың көлемінде Әлімханұлы 3-4 жекпе-жегінде өте жақсы прогресс көрсеткенін айтты. «Ол қыс­қа қашықтықтағы қоян-қолтық айқасқа әбден машықтанып алғанын байқадық. Техникалық тұрғыдағы даярлығы күшейді. Әлім­хан­ұлының басымдығы  соқ­қы­сының ауырлығы мен жылдамдығында. Оны бес қаруы сай боксшы деп толықтай айта аламын. Аяқпен жақсы жұмыс істейді, ойлау қабілеті өте жақсы. Соққыны көре алады, соққыдан қаша алады және күтпеген жерден шабуылға шыға алады. Бұл Жәнібектің артық­шылығы десек болады. Отандасымыз алдағы айқасында осы артықшылықтарын пайдалана алса, сөзсіз жеңіске жетеді», – дейді ол. Халықаралық дәрежедегі бокс төрешісі Мақсат Асанов та Жәнібек Әлімханұлының кейінгі өткізген айқасы өзіне ерекше ұнағанын, егер алдағы кездесуінде де дәл осы қалпынан таймаса, онда Дэнниді оңай жеңетінін айтты. Шынында да, Дэнни Дигнум Жәнібек Әлімханұлына бұған дейін таңдалған қарсыластарына қарағанда танымал спортшы емес. Дегенмен ол WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы Еуропа чемпионы, ұйым рейтингінде бесінші орында тұрған боксшы. Ал Әлімханұлы – орта салмақтағы WBO рейтингінде екінші орында келеді. Қалай дегенмен де, қос боксшы арасындағы айқас екі спортшы үшін де жауапты кездесу болмақ. Кімнің асығы алшысынан түсерін шаршы алаңдағы боксшылардың ширақ қимылы мен шеберлігі көрсетер. Әлбетте, біз өз отандасымыздың тілеуін тілейміз.