Әлеуметтік желілер кімнің құқығын таптап отыр?
Әлеуметтік желілер кімнің құқығын таптап отыр?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
387
оқылды
Таяуда былтырдан бері көпшіліктің талқысында жүрген «Бала құқықтарын қорғау, білім, ақпарат және ақпараттандыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Дегенмен осы заң жобасына қатысты түрлі пікір айтылады, біреу даттайды, біреу қостайды. Даттайтындар заң қабылданар болса, әлеуметтік желілердің бұғатталуы мүмкін екенін алға тартады. Келесі тарап кибербуллингті тоқтатып, бала құқығын қорғайтынын сөз етеді. Сонымен, кімге сенеміз, расымен заңның шикі тұстары бар ма?

Кибербуллингпен өлшенген кеңістік

Әуелі бұл заң қандай норма­лар­ды қарастырғанына көз жүгіртсек. Заң талабы бойынша, шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенд­жерлер Қазақстан аумағында жұмыс істеуі үшін заңды тұлға ретінде тір­келіп, өкілдігін ашуы қажет. Егер олар ережені орындамаса, құжат күшіне енгеннен кейін желілер бұ­ғаттала бастайды. Мәжіліс депутат­тарының айтуынша, Қазақстан ау­мағында орналасқан, күніне орташа есеппен 100 мыңнан астам қолдану­шысы бар шетелдік онлайн-плат­форманың иесі немесе заңды өкілі БАҚ саласында уәкілетті органмен қарым-қатынас жасайтын заңды өкілін де тағайындауы тиіс. Заңға қайшы деп тапса кез келген ақпа­ратты желі 24 сағат ішінде өшіруі керек екен. Міне, заң жобасына қар­сы шыққан кейбір құқық қорғау­шылар мен медиасарапшылар осы тұсына келіспейді. Өйткені «билік өзіне сыни пікір айтқан жазбаларды өшіртуі мүмкін» деп санайды. Әрине, бұл бір тараптың ғана ойы. Заң жобасын жақтаушылар құжат интернеттегі «құқыққа қайшы кон­тенттермен күрес механизмін» ай­қындап, балаларды кибербул­линг­тен қорғайды» деп мәлімдеген. Яғни, әлеуметтік желі мен жастар арасындағы суицид тақырыбын ұш­тастырып тұр. Құжатты әзірлеу­ші­лердің бұл көзқарасына келісуге болады. Толыққанды болмаса да, суи­цидке итермелейтін кейбір ой­лар әлеуметтік желі арқылы туын­дауы мүмкін. Мәселен, The Wall Street Journal-дың Facebook-тың ішкі зерттеуіне сілтеп жазған ақпа­ратына сенсек, біраз жасөспірім қыз­дардың психикалық жағдайына не өз-өзін қабылдауына Instagram кері әсер етіп, жастарда замандас­тарының суретіне қарап, өзін өзге­ден кем санайтын әдет пайда болады екен. Виртуал әлемде мінсіз образ жасау басқалардың уайымы мен депрессиясына себеп болуы мүмкін. Бірақ проблеманың түп төркіні тек әлеуметтік желіде емес, қоғамға сі­ңіп кеткен «сұлулық стандартта­рында» да жатқаны рас. Жыл сайын елімізде әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу ке­зінде ондаған мың баланың құқығы бұзылғаны анықталады екен. Ал былтыр Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кәсіби қолда­нушылары қауымдастығының ма­мандары TikTok-тан жасөспірімдер арасында суицидті насихаттайтын 1,7 мыңға жуық видео тапқан. Бел­гілі бір дәрежеде әлеуметтік желі­лердің осындай зияны бары бұрын­нан айтылатын. Кейбір жандарға қы­сым болып, соның кесірінен өзі­не қол жұмсаған жағдайлар да кездесті. Осы тұрғыдан алғанда заң жобасының тиімді тұстары бар. Әйт­кенмен құжаттың мұндай ар­тықшылықтарына сенбейтіндердің қарасы көп. Таяуда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Ома­ров бұлай күмәндануға негіз жоқ екенін айтқан болатын. – Заң жобасына ұсынылып отыр­ған түзетулер еліміздегі сөз бостандығын шектемейді, кері­сінше, ел аумағындағы әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қыз­ме­тін заңнамалық тұрғыда регла­мент­теуді көздейді. Өз қызметін жүзеге асыратын кез келген кәсіпкерлік субъектілері сияқты шетелдік ком­паниялар еліміздің заңдарын сақ­тағанын қалаймыз. Ал Meta, Telegram тәрізді алпауыттар өкілдігі ел аумағында болмаған соң біз олардан заңдарымызды сақтауды талап ете алмаймыз. Егер олардың заңды өкілін тағайындасақ, осы кемшілікті түзеуге мүмкіндік аламыз, – деді ол. Министрдің айтуынша, ведом­ство соңғы жылдары халықаралық әлеуметтік желілердің иелерімен ынтымақтастық орнатқан. Соның арқасында «ВКонтакте», Mail.ru, Facebook, Instagram, TikТok, Telegram желілері бұл бастаманы қол­дағанын айтып отыр. Бір қызығы, қазір ведомство шетелдік әлеуметтік желілер заңды өкілді анықтау және тағайындау бойынша жұмыс жүр­гізіп жатқанын мәлімдепті. Ша­ма­сы, бұл заң қабылданатынына аса сенімді тәрізді. «Бұл түзетулер қара­пайым қолданушыларға еш әсер етпейді, өйткені заңсыз мате­риал­дарды тарату үшін жауапкершілік онсыз да заңнамада бар», – дейді Асқар Омаров. Осыдан кейін бізді «аталған заңнамаға ұқсас құжаттар шетелде бар ма?» деген сауал мазалаған. Сөйт­сек, Германияда 2017 жылдан бастап «әлеуметтік желілерді пайда­ланушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң қолданылады екен. Мұн­да да заңға қайшы саналған ақ­параттар 1 тәулік ішінде бұғатта­лады. Тағы бір мәселе – елімізде әлеуметтік желі арқылы болған ки­бер­буллинг фактілерін анықтау заң­­намалық тұрғыдан әлі де рет­телмеген. Заң кемшіліктің орнын тол­­­тыруға атсалысуы мүмкін. Қо­ры­та айтқанда, ведомство тек ки­бер­буллинг мәселесін зерделеп, «әлеу­­меттік желі жұмысына зиян ти­­мейді, сөз бостандығы шектел­мей­ді» деп отыр. Бірақ дәл осылай бол­са, құжат неге қарсылыққа ұшы­рады, бәлкім, шикі тұстары бар шығар?

Сарапшылар неден сескенеді?

Жасырын емес, заң жобасы бала­ларды кибербуллингтен қорғау үшін әзірленді десек те, «кейбір тұсы тым күмәнді, желіні бұғаттауға мүмкіндік беріп, цензураға алып келеді» деп алаңдайтындар бар. Осыған дейін құқық қорғаушылар мен медиа қауымдастық заң жо­басына қарсылық білдіріп, петиция ұйымдастырғанын білеміз. Оған 10 мыңнан астам адам қол қойып үл­герген. Олардың да пікірі орынсыз емес. Мәселен, Қазақстанның Google-ға контентті жою туралы жолдаған сұрауларынан суицидке басымдық бергені білінбейді. 2021 жылдың алғашқы 6 айында Google-ға Қазақстан контентті жою туралы сұрауларының ішінде ұлттық қауіп­сіздік (34) және билік өкілдерін сынау (34) санаты бойынша ең көп сұраныс жіберген екен. Ал алалай­тын мәлімдемеге 3, қалған санат бойынша 13 сұраныс жолдаған. Біз ойлағандай буллингтің жайы бай­қалмайды. Ұлттық қауіпсіздік бо­йынша сұраныс жібергені жөн, алайда «билік өкілдерін сынауға» мән бергеніне не жорық? Енді суицид тақырыбына қайта оралайық. Негізі, өзіне қол жұмсауға әлеуметтік желілер ғана себеп емес, проблеманы жан-жақты қараған абзал. Кибербуллинг суицидтің көп себебінің бірі ғана болуы мүмкін, алайда толық жауапкершілікті әлеу­меттік желіге арта алмаймыз. Мә­селен, Қазақстанда суицидтің ең көп болған кезеңі 1996 жылға келеді (100 мың адамға шаққанда 34,6 адам). Әлеуметтік желі болмаса да көрсеткіш жоғары болған. Суицидке депрессия, түрлі психикалық ауытқу мен ауру, бала кездегі жарақаттан қалған стресс, есірткі мен алкоголь ішу секілді түрлі экономикалық, әлеуметтік, психологиялық проб­лемалар итермелейді. Психологтар мұны талай растаған. Сондықтан қарсы тарап айтқандай, бар проб­ле­ма әлеуметтік желіге де қатысты емес. Бұдан өзге де шикіліктер же­тер­лік. Көптен бері мәселеге зер салып жүрген MediaNet Халықаралық жур­налистика орталығының ди­ректоры Әділ Джалилов әлеуметтік желілердің өкілдік ашу жайы бір­неше кедергіні шығаратынын айтып отыр. – Құжатта өкілдікті тек «Қазақ­стан азаматы ғана басқара алады» деп жазылған. Ал заң жобасы күші­не енген соң жарты жыл ішінде әл­гіндей талапты орындамаған ком­панияның қызметіне Қазақстан аумағында тыйым салынуы мүмкін. Құжатта «Филиал басшысы Қазақ­стан билігі заңға қайшы деп тапқан ақпаратты өшіруге не бұғаттауға міндетті» деген бөлім бар. Филиал басшысы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен келген ша­ғым­ды бірден қарап, онда жазылған талапты бір тәулік ішінде орындауы керек. ҚР «Байланыс туралы» за­ңының 41-1-бабы бойынша, бел­гіленген мемлекеттік органдардың талаптарын, ұсынымдарын, хабар­ла­маларын немесе шешімдерін орындауды және қарауды сот шешімдері қамтамасыз етеді. Ал бұл құжат күшіне енсе, министрлікке онлайн-ресурсты бұғаттау құзыреті берілмек. Қазіргі заң бойынша, сайттар тек сот шешімі бойынша бұ­ғатталады, – дейді Джалилов. Яғни, мамандар министрлік би­лікке сын айтқан ақпарат құралдары да бұғатталады деп күмәнданады екен. Кей тұста Ресейдің іс-әрекетін қайталап жатқанымызды айтатын­дар да бар. Көрші елде ірі корпо­ра­циялардың филиалы жұмыс істейді. Сол компаниялар Ресейдің бай­ла­ныс, ақпараттық технологиялар жә­не бұқаралық коммуникациялар са­ласындағы бақылау жөніндегі  фе­­деральды қызметі талабымен би­лік­тің қолайына жақ­пайтын контентті өшір­ген кездері де болған. Бірнеше оқи­­ғада соны ашық аңғардық та.

ТҮЙІН:

Бейтарап тұрғыдан қарасақ, заң­­ды ақтай да, даттай да алмаймыз. Өйт­­кені бір артығын айта қалсақ, екін­ші кемі үңірейіп тұр. Расымен ки­берббуллинг мәселесіне зер салар жө­німіз бар. Бірақ ол әлеуметтік же­лі мен ақпарат құралдарын шек­теу ар­қылы іске аспаса деп ті­лейміз. Мұны алдағы уақытта Се­нат ескере жатар.