Ақтөбеде ересек азамат өгей қызын зорласа, Шымкентте өрімдей қызды туған әкесі төсек қатынасына мәжбүрледі. Педофил қылмысының 80 пайызы отбасында болады. Көлденең көк аттыдан қорлық көргендер де қаншама? Елімізде жаза жыл өткен сайын қатаңдатылып жатыр. Алайда «азғындық» статистикасы азаймаған сияқты... Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2016 жылы 123 бала сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық көрген. Ал 2017 жылы 146 дерек тіркелді. Елімізде 2018 жылғы 1 қаңтарда кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарды химиялық кастрация ресми түрде рұқсат етілді. Нәтижесінде, 2018 жылы көрсеткіш шамалы болса да азайған. 132 бала зорлықтың құрбаны болды. 2019 жылы да өз нәтижесін берсе керек, 85 дерек тіркеліпті. Алайда 2020 жылы күрт артқан, 199 бала педофилдің «жемтігіне» айналды. Ал былтырғы жылдың статистикасы тіпті қорқынышты. Жарты жылда 825 қылмыстық іс тіркелген. Оның 669-ына жақынының (81 пайыз), ал 10 пайызына әкесі мен өгей әкесінің қатысы болған. Заң не дейді? Балаларға жыныстық сипаттағы зорлық көрсетуге қатысты баптар бойынша сотталған адамдар жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Оларға амнистия жарияланбайды, жаза мерзімін толық өтемей қамаудан шығармайды. Заңға сәйкес, зорлау бабы қылмыстың ауыр түрі болып саналып, 14 жасқа дейінгі баланы зорлау қылмысы үшін кемінде 20 жылға түрме жазасы белгіленген. Сондай-ақ енді педофилия фактісін жасырған адамдар да жауапқа тартылады. Тіпті, қылмыс туралы хабар бермеген адамдар 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
90 ПАЙЫЗЫ ҚАЙТА ЗОРЛАЙДЫ
Бірақ 6 мен 17 жас аралығындағы бейкүнә сәбилердің зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты тіркелген деректер жан түршіктіреді. Атап айтқанда, Оралда өгей әкесі өгей қызын бірнеше рет зорлады деп айыпталып отыр. Азғын әке алғаш рет анасы қызын босану үшін ауруханаға кеткен кезінде күш қолданған. Қыз қорыққаннан фактілерді бұрмалап айтса да, сіңлісі зорлық-зомбылық болған сәтті көргенін растады. Қазір анасының арызы бойынша оның серіктесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар ер адам көлікті мас күйде айдағаны үшін қамауға алынған. Бірақ ол бірнеше күннен кейін үйіне оралады. Сорақысы сол, өгей әке өрімдей қызға жала жаптың деп күш көрсетпесіне кім кепіл?! Ал Шымкентте белгісіз ер адам жаттығудан келе жатқан 9 жастағы қызды ешкім тұрмайтын үйге кіргізіп зорлаған. Өкініштісі, күдікті әлі қолға түскен жоқ. Оқиға қыз баланың үйіне 30 метр қашықтықта болған. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Тағы да Шымкентте. Әкесі үш қызын бірдей зорлап келген. Бірі 5-сыныпта оқиды. Екіншісі де кәмелет жасқа толмаған. Анасы да, полицейлер де бұл оқиғадан үлкен қызы ұзатылар кезде хабардар болды. Енді ер адамға химиялық кастрация жасалмақ. Химиялық кастрация – жыныстық құмартуды төмендететін антиандрогендік препаратты ағзаға енгізу. Алғаш рет 2019 жылы төрт педофилге химиялық кастрация жасалды, ол үшін ципротерон препараты қолданылады. Оның құны – 11,5 мың теңге. Препаратты 10-14 күнде бір рет егу керек. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл процедура бір адамға ұзақ уақыт жүргізілуі керек. Сонда бір педофилге мемлекеттік бюджеттен бір жылда шамамен 126 мың теңге жұмсалады. 2018 жылы бұл препаратты сатып алуға мемлекет 9,6 млн теңге бөлген. Бұл қаржы 77 сотталушыға химиялық кастрация жасауға жұмсалған. 2019 жылға 152 сотталушыға 19 млн теңге бөлінді. Ал 2020 жылы бюджеттен 232 сотталушыға химиялық кастрация жасау үшін 29,2 млн теңге бөлінген. Яғни, қаржы жыл өткен сайын артты. Бірақ химиялық кастрацияның өзі қаскүнемдерге қорқыныш әкеле қойған жоқ. Статистикаға сүйенсек, балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасап сотталғандардың 90 пайызы қайта зорлық жасайды екен. Бейкүнә жеткіншектің тағдырын ойрандаған қылмыскерге егілетін препараттың күшін омнадрен, небидо дәрілері жояды. Осыны айтып, дәрігерлер дабыл қаққалы қашан?! Ол сексуалды белсенділікті қалпына келтірмек түгілі, арттырып жібереді. Одан бөлек, ципретеронның күшін қарапайым спирт де жоя алатын көрінеді. Оған қоса, дәрігерлерде педофилдердің тізімі жоқ. Сондықтан оларға бұл препаратты кез келген дәрігер тағайындауы мүмкін. Онлайн дүкендерде де еркін саудада. Саудасы жүргенін қалайтын сатушы дәрігер нұсқамасын сұрап жатпасы анық. Сондықтан одан айылын жиған педофил бар ма, жоқ па, белгісіз. Екіншіден, оны сот шешімінің негізінде медициналық мекеме жүргізеді. Педофилдің қызметкерлермен келіссөздер жүргізуге және ерлердің жыныстық гормонын – тестостеронды өндіруді тоқтату үшін мезгіл-мезгіл алуға болатын инъекциялардан аулақ болуға үлкен мүмкіндігі бар.ӘЛЕМ ҚАЛАЙ КҮРЕСТІ?
2014 жылы Аустралия мен Жаңа Зеландияның Корольдік психиатриялық колледжінің зерттеушілері зорлаушылардан тестостерон өндірісін бұғаттау рецидивтің алдын алуға әкелмейді деп мәлімдеді. Бұл әдіс қолданылған адамдарда, керісінше агрессияның артатынын айтады. Қазір Францияда, Бельгияда, Данияда және басқа да Еуропа елдерінде зорлаушылардың мінез-құлқын түзету үшін дәрі-дәрмек қолдануға рұқсат етілген. Мұндай терапия 30 жыл немесе одан да көп уақыт бойы қолданылған елдерде зерттеушілер бастапқыда оң әсері болатынын дәлелдеп шыққан. Алайда уақыт өте келе жағымсыз салдары оң нәтижелерден әлдеқайда көп болады деген қорытындыға келді. Зерттеулер гормоналды препарат енгізілген ерлердің үштен бірі жыныстық қатынасқа түсу қабілетін сақтағанын көрсетті. Сонда тиімдісі қайсы? Чехияда сот пен дәрігерлер бұзақылық қоғам үшін қауіпті деп шешсе, педофил қалған күндерін психиатриялық ауруханада өткізеді. Дегенмен хирургиялық кастрацияға келіссе, дереу бостандыққа шығады. Бұл елде 30 жыл ішінде 115 адам жыныс мүшесінен бас тартуға келісім беріпті. Балада зорлық-зомбылықтың белгілері байқалса, мектеп құзырлы органға бірден хабарлайды. Егер де ата-ана заң талаптарын орындамаса, айыппұл арқалайды, тіпті қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алмаған немесе қылмыстық құқықбұзушылықты жасырған тұлға ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал АҚШ-та педофилдердің көлігінің нөмірі бір түсті ғана болатын штаттар бар. Соған қарап көлік иесінің педофил екенін дүйім жұрт біледі де, теріс айналады. Ата-аналар баласын жасыра бастайды. Азғындардың үйіне арнайы тақтайша ілінеді, «Мұнда педофил тұрады» деп жазып қояды. Айтпақшы, АҚШ-та хирургиялық кастрация бар. Бірақ педофил оған өз еркімен келісуі керек. Тағы бір тәсіл, электронды мониторинг жүргізу, электронды бiлезiк (браслет) кигізу. Алғаш рет бұл идея 1979 жылы Нью-Мексико штатында жүзеге асырылған. Заманауи электроника нысанды, яғни қылмыскерді 3 мың шақырымға дейінгі қашықтан бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлі дүниетанымы қалыптасып үлгермеген бала өзге біреудің тарапынан зорлық әрекеттен зардап шексе, есейгенде депрессияға жиі ұшырайды екен. Тіпті, емі жоқ психикалық ауруларға шалдығады. Ең қорқыныштысы, кейін педофил болып шығуы да мүмкін.БАЛАҢЫЗ ПЕДОФИЛГЕ АЙНАЛМАСЫН!
Кастрацияның көмектесетініне күмән көп. Ендігі жерде еліміз өзге елдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан, сотталып шыққан педофилдерге білезік беріп, олардың не істеп жүргенін бақылауға алатын тәжірибені де қолданысқа енгізді. Электронды білезікті бүлдірген жазасын өтеушілер жауапқа тартылады. Жауапты органдар осылайша олардың әр басқан қадамын қадағалап отырамыз деп сендіруде. Қазір түрмелерде кәмелетке толмағандарға қол салған. 2 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. 330 педофилге электронды білезік кигізу үшін бюджеттен 356 миллион теңге бөлінді. Құны қымбат құрылғы қылмыстық істерді тежеуге септігін тигізе ме? 12-17 жыл түрмеде отырып шыққан қылмыскер сабасына түспей, керісінше бойын ыза мен кек кернеп шығады. Оған бір ғана дәлел, Тараз қаласындағы №6 мектептегі қыздың зорлану оқиғасы. Ұсталған күдікті аталған қылмысын 19 жылдан кейін қайталады. Педофилдерге қатысты химиялық кастрация мерзімі өткен соң күшін жоғалтса, сонда не істемек керек? Бәлкім, әлем елдерінің тәжірибелеріне де үңіліп көрген жөн шығар?! Нақты уәж айту қиын. Ал әлемде түрлі тәжірибе бар. Айталық, Мысыр мен Иранда азғындар көпшіліктің көз алдында атылады немесе дарға асылады. Солтүстік Кореяда педофилді өз құрбаны өлтіреді: кінәліге ату жазасы белгіленеді, ал зорланған бала сол ату тобының құрамына кіреді. Сауд Арабиясында, Латын Америкасы мемлекеттерінде, Иракта да нәпсіқұмарлар өмірімен қош айтысады. Адам құқығын жоғары қоятын елімізде мұндай қатаң жаза гуманизмге жатпайды. Алайда жазасы қатаң елдерде көрсеткіш төмен. Дегенмен оны өзімізге бейімдеп, қылмыскерді жалақысы төленетін жұмысқа жегіп, өмір бойы бас бостандығынан шектеуді неге қолданбасқа?! Бұл ойымызбен «НеМолчи.kz» зорлық-зомбылыққа қарсы қозғалысының жетекшісі Дина Смайылова да келісіп, қылмыскердің жалақысы өмір бойы зорланған адамның моральдық шығынын өтеуге жұмсалуы тиіс деп отыр. «Қылмыстық істердің 36 пайыздан астамы ғана сотқа жетеді, себебі дәлелдеу қиын. Сондықтан зорлағандар жазасыз қалып, қайта қылмыс жасайды. Мәселен, біз 18 педофилдің бас бостандығынан айырылуына ықпал еттік. Оларға түрмеде екі қолға бір күрек табылмайды, босқа отырумен күні өтеді. Нәтижесінде, қоғамға қажетсіз адамға айналып, қайта түрмеге түседі. Қылмыс жасады ма, моральдық шығынын өтеп немесе өмір бойы жәбірленушінің психикасын емдеу ақысын төлеп отыруы тиіс. Себебі жан жарасын емдеудің құны қымбат. Біздің түрмелерде қылмыскерді емдемейді, тек ызасын өршітеді. Бұл мәселеде жүйелі жұмыс қажет», – дейді ол. Химиялық кастрациядан үміт аз болғанмен, сенеріміз білезік арқылы бақылау болып тұр. Қыруар қаржы желге ұшпаса игі. Бірақ қаражатқа қарағанда, қаршадай қыздың тағдыры маңызды. Сол үшін жазаны күшейте отырып, алдын алу тетіктерін қарастыру – Үкіметтегілердің басты міндеті. Ал күйкі тірліктің қамынан бас көтеріп, бала тәрбиесіне көңіл аудару – әр ата-ананың парызы. «Менің баламнан шықпайды» демеңіз. Бүгінгі педофилдер де бала болды. Бүгін дұрыс тәрбие алмаған бала болашақта қоғамның, баланың қас жауына айналуы мүмкін. Зорлық-зомбылыққа тап болып, онысын жан баласына тіс жармауы да қызымен құрбысындай сырласа алмайтын аналардың айыбы. Тағы бір талдауда балалардың жыныстық сауатының төмен екені анықталды. Зардап шегушілердің 30 пайызы жыныстық қатынасқа келісіммен түседі. Зорлаушы да, зорланушы да – жасөспірімдер. Ендігі кезекте қоғаммен бірге балалардың жыныстық сауатын әлеуметтік желілер арқылы арттыру керек сияқты.