Мәжіліс депутаттары Үкіметтен мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда жұмсалғаны жөнінде есеп сұрады

Мәжіліс депутаттары Үкіметтен мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда жұмсалғаны жөнінде есеп сұрады

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Ерлан Саиров Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. 
"Қазіргі өте күрделі геосаяси жағдай еліміздің ішкі саясатының көптеген аспектілерін қайта қарауды талап етеді.
Осынау терең мәселенің бірі тіл саясаты, оның ішінде мемлекеттік тілді үйрену проблематикасы.
Мемлекеттік тілді үйрету, оған баулу ыждахатты түрде бола отырып, өзара сыйластық, бауырластыққа әкелуі қажет.
Мемлекеттік тіл қоғамның ынтымағының, бірлігінің символына айналуы өте маңызды.
Осы тұрғыда, мемлекеттік тілді үйретудің бағдарламаларының тиімділігі, тіл үйренушілерге нақты көмек жасауға қабілеттілігі тұрғысынан аудит жүргізу абзал.
«AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік тілді дамытуға баса назар аударылған.
Сондықтан
1.Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда, қалай жұмсалғаны жөнінде ақпарат ашықтығын қамтамасыз ету маңызды.
2.Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігі жөнінде, қанша адам үйреніп шықты, қанша адам тілдік бірінші, екінші сатыға өткендігі жөнінде сараптама жасау қажет.
3.Ерікті азаматтардың қазақ тілін үйренемін деушілерге әдістемелік тәсіл жағынан көмектесуге қабілетті бағдарламаларын мемлекеттік органдар қаншалықты тиімді қолдануда?
4.Осы мәселелер бойынша Үкіметтің құзырлы органдарының қоғам алдында есеп беруі қажет.
Мемлекеттік тілді дамытудың арғы жағында - ел мен жер мәселесі тұр.
Қазақстан мемлекеті мығым болуы үшін ана тіліміз асқақтауы маңызды.
Қазақ тілі қоғамның ынтымақ, бірлігінің уығы, елдің консолидацияның тірегі болуы тиіс.
Мәселе бойынша шешім қабылдап, нәтижелерін заңда көрсетілген мерзімде хабарлауды сұраймыз", – деді ол.