«Алабай талап, аяғынан айырылды» – Полиция ресми жауабын ұсынды
«Алабай талап, аяғынан айырылды» – Полиция ресми жауабын ұсынды
237
оқылды
Атбасарда алабай талап, аяғынан айырылған әйелдің жағдайы бойынша Ақмола облысының Полиция департаменті түсініктеме берді. Естеріңізге сала кетсек, Атбасар қаласында ит талаған әйел аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, онда әйелдің сол жақ аяғы кесілген болатын. Полиция департаментінің Aikyn.kz порталына берген ресми жауабында төмендегідей хабарланды.
«Осы жылдың 24 наурызында Атбасар аудандық полиция бөліміне 57 жастағы жергілікті тұрғынның арызы түсті. Әйел 21 наурыз күні қала көшесінде келе жатқанда Алабай тұқымды ит өзін талап тастағанын хабарлады. Иттің иесі осыған дейін де ҚР әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-2 бабы «Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған 40 жастағы Атбасар қаласының тұрғыны болып шықты», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның мәліметінше қылмыстық іс тіркеліп, оған сәйкес тергеу шаралары басталған. Жалпы облыс аумағында тек өткен жылдың өзінде ғана 1466 ит иесі иттерді ұстау және серуендеу ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.