ҚазҰУ қалашығындағы көктем мерекесі Әл-Фараби кітапханасы алаңында шырша отырғызудан басталды. Универсиет ректоры Жансейіт Түймебаев шетелдік оқытушы-профессорлармен және факультет декандарымен бірлесіп қалашық аумағына 100-ге жуық шырша отырғызды.
[caption id="attachment_190092" align="alignnone" > ©А.Мұрзанов[/caption]
Ұлыстың Ұлы мерекесіне арнайы шақырылған меймандар университет аумағында құрылған 20 киіз үйді аралап, наурыз дастарханынан дәм татты.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. ҚазҰУ-дағы наурыз мейрамына келген қонақтардың қатарында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, ҚР ҰҒА Президенті Мұрат Жұрынов, ҚР Жоғары сотының экс Төрағасы Мұсабек Әлімбеков, мемлекет және қоғам қайраткерлері Амандық Баталов пен Бақытжан Сағынтаевтар болды. Сонымен бірге Алматыдағы өзге ЖОО ректорлары, белгілі ғалымдар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді. Өз сөзінде білім ордасының басшысы Наурыз ынтымық пен бірліктің мерекесі екенін атап өтті.
Мерекелік концерт арнайы дайындалған театрландырылған қойылыммен жалғасты. Көпшілік назарына тұсаукесер, қыз ұзату, беташар сынды қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді.
Сонымен қатар, наурыз мейрамы аясында қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, зергерлік бұйымда мен кітап көрмесі ұйымдастырылды.
ҚазҰУ-дағы Наурыз мейрамына қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері Амандық Баталов, «ҚазҰУ қалашығындағы наурыз мейрамына бірінші рет қатысуым. Ерекше көңіл-күйдемін. Барлығы жоғары деңгейде өтіп жатыр. ҚазҰУ жалынды және білімді жастардың ордасы. Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін! Еліміздің іргесі берік болсын», – деп ақжарма тілегін білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша оқу орынында Ұлыстың Ұлы күнін тойлау 14 наурыз – «Көрісу күнінен» бастау алған екен. Содан бері екі апта аралығында «Жайлау күні», «Шежіре күні», «Тарихқа тағзым күні», «Игі істер күні», «Шымырлық пен шеберлік күні», «Зияткерлік күні», «Ұлттық тағамдар күні», «Ұлыстың ұлы күні», «Жоралғы күні» өткізілген.