Науқас баланы кім емдейді?
Науқас баланы кім емдейді?
© коллаж: Елдар Қаба
Қазір денсаулық сақтау саласында балалар дәрігері жетіспейді. Бір кездері 10 жыл бұрын жабылып қалған Педиатрия факультеті қайта ашылса да, бөлінетін грант саны аз. Ендеше балалар жылындағы кезек күттірмейтін мәселенің бірі – балалар дәрігерінің тапшылығын шешу. Статистикаға назар аударсақ, Қазақстанда 4 мыңға жуық дәрігер тапшы. Оның ішінде 205 балалар дәрігері же­тіс­пейді. Жалпы, ел халқының 26 па­йызын балалар мен жасөс­пі­рім­дер құрайтынын ес­кер­сек, әр ем­ханада бір балалар дәрі­гері­нің бо­луы заңды құбылыс. Де­ген­мен Мә­жіліс депутаты Дания Еспае­ва­ның айтуынша, өңірлерде арнайы маманданған балалар дәрі­гері жоқтың қасы. – Медициналық жоғары оқу орындарында бакалавриат дең­ге­йінде балалар дәрігерін дайын­дайтын білім беру бағдарламасы жоқ. Жалпы тәжірибеде оқитын болашақ дәрігерлердің 50 пайызы жалпы медицина бойынша, 50 пайызы педиатрия бойынша білім алады. Бірақ оқу бітіргеннен кейін балалар дәрігері болуды таңдайтын мамандар аз. Көбі ересектерді қа­рай­тын дәрігер ретінде жұмысқа орналасады, – дейді Дания Еспаева.

Бөлінетін грант аз

Балалар дәрігері тапшылығы­ның басты себебі мемлекет тара­пынан жеткілікті деңгейде грант­тың бөлінбеуі. Тіпті, 2007 жылы еліміздегі 6 медициналық ЖОО-да Педиатрия факультеті түгел жа­был­ған еді. Сол кездегі жүйе бо­йын­ша ол Емдеу факультетімен бі­ріктіріліп, болашақ педиатр­лардың оқу мерзімі 9 жылға дейін ұзартылған болатын. Дегенмен елімізге белгілі дәрігер Камал Ор­мантаев: «Педиатр – өз алдына жеке мамандық. Ересек адам мен нәрестенің ағзасында айтарлықтай айырмашылықтар, өзіндік ерек­шеліктер бар. Сондықтан олардың барлығын бірдей жалпылама оқы­ту дұрыс емес» деп жоғары жаққа қайта-қайта хат жолдап, он жыл­дан кейін Педиатрия факультетін қайта ашқызды. Сол жылдары бү­кіл Қазақстан балалар дәріге­рінсіз қалды. Алғашқы жылдары байқалмағанымен, кейін зардабы біліне бастады. Бір айта кетер жайт, Қазақстаннан басқа елдер мұндай қадамға бармады. Украина, Қырғыз Республикасы Педиатрия факультетін жапқанымен, екі жылдан кейін қайта ашып алды. Ал балалар дәрігеріне ерекше кө­ңіл бөлетін Ресей мен Өзбекстанда жеке педиатрия медицина инсти­туты бар. Ал Педиатрия факультетінің қайта ашылуын сарыла күткен жұрт­тың қуанышы ұзаққа созыл­ған жоқ. Арада 4 жыл өтсе де, ма­ман тапшылығын шешуде әлі де нақты қадамдар жасалмады. Қазір еліміз бойынша балалар дәрігер­лерін тек С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ғана жеке форматта оқы­тады. Былтыр денсаулық сақтау саласына 2 700 грант бөлінсе, оның 150 гранты педиатрияға бөлінген. – Бала дәрігері болу үшін сту­дент 5 жыл жалпы дайындық оқи­ды. Содан кейін 2 жыл клиникалық интернатурада білім алуы керек. Жалпы 7 жыл оқуы тиіс. Маман­дық­ты тереңдетіп арнайы бір са­ла­ны игерем дегендер осыдан кейін резидентураны оқуы қажет, – дейді Педиатрия факультетінің аға оқы­тушысы Алмагүл Нұрқасымова. Иә, еліміздегі 5 миллионнан астам балаға жыл сайын дайын­далып шығатын 150 дәрігердің жет­пейтіні анық. Сондықтан жал­пы медицинаны бітірген мамандар да балалар дәрігері бола алады. Ол үшін жалпы тәжірибедегі дәрігер педиатрия бойынша резиденту­ра­ны тағы да 3-5 жыл оқуы керек. Нә­тижесінде, студент 30-33 жа­сын­да ғана балалар дәрігері ата­нады. Жас мамандар университет бітіргеннен кейін ұзақ уақыт оқы­ғысы келмей, жалпы медицинаға жұмысқа орналасады. Бұл да ма­ман тапшылығын арттырып отыр­ған себептердің бірі. – Жалпы медицинаны бітірген жастар педиатрияның резиден­турасына аз түседі. Сондықтан тек грант бөлу арқылы ғана маман тапшылығын шеше алмаймыз. Са­лаға жастарды тарту үшін жас ма­манға әлеуметтік көмек көр­сетілуі керек. Жоғарыдағылар ба­лалар дәрігерінің еңбекақыларын көбейтіп, үй беру жағын қарастыр­са, – деген ұсынысын айтты Алма­гүл Нұрқасымова. Жыл өткен сайын елдегі демо­графиялық дүмпу де артып келеді. Ендеше бірер жылда балалар дәрі­герінің тапшылығы айқын білінері анық. Қазірдің өзінде Педиатрия факультетінде сабақ беретін оқы­ту­шылардың ең жасы 45-50 жаста. Ал 2018 жылы оқуға түсіп, енді ғана 4-курста білім алып жүрген балалар дәрігерлері бітіріп маман атанғанша әлі он жылдай уақыт керек. Сол кезде педиатрияны оқыт­паған он жылдың олқылы­ғынан зардап шегеріміз сөзсіз.

Баланы да, қартты да емдейді

Баласы ауырғанда ата-ана шы­рылдап, сәбиін емханаға алып ке­леді. Бірақ қазір көптеген мемле­кеттік емханада балалар дәрігері жоқ. Сондықтан жалпы тәжірибе­дегі дәрігерлер балаларды қарайды. Негізі, бір ғана педиатрия саласы­ның 26 түрлі бағыты бар. Неона­толог, балалар хирургі, балалар ин­фекционисі, тағы басқалар. Ба­­ла­ларды қабылдап жатқан отба­сы­лық дәрігер көзін жаңадан аш­қан ша­қа­лақты қарауға жүрек­сі­неді. Өйткені жалпы медицинаны бітірген маман балалар ауруын біл­мейді. Ал пе­диатрлар күннен-күн­ге азайып ба­ра­ды. Бүгінде өңір­дегі ауылдардың 25 пайызы ғана педиатрмен қам­тылған. Жалпы, балаларға медици­налық жәрдем көрсетудің шарты бойынша бір педиатр-дәрігерге 15-20 баладан келсе, қазір 30-40-қа жетіп жығы­лады. Ал мұндайда са­палы емдеу жайында айтудың өзі қиын. Бала өлімі үш есе кемігенмен, олардың ауруға шалдығуы, созыл­малы дерт­пен ауыру көрсеткіші керісінше 22 пайызға артқан. Бұл біріншіден, ересектерді емдеп үй­рен­ген дәрі­гер­лердің балаға нақты диагноз қо­йып, дұрыс емдей алма­уынан бо­лып отыр. Екіншіден, бі­лімді, бі­лікті педиатрлар жала­қысы жо­ғары жекеменшік кли­ни­ка­ларға кет­кен. Үшіншіден, бұ­рын­ғы тәжі­рибелі педиатрлардың жасы келіп, ұрпақ сабақтастығы үзілді. Медицина ғылымдарының кан­дидаты Жұпар Наханованың айтуынша, жастардың педиатрияға бармауының басты себебі маман­дықтың күрделілігі. Мысалы, кіш­кентай бала жылағанда қай жері ауырғанын тап басып табу қиын. – Жаңа туған нәрестелерді ем­дейтін дәрігер-неанотологтер жоқ­тың қасы. Емханаларға барсаң, от­басылық дәрігерге көрінуге үл­кен де, кіші де келеді. Елде тұратын кішкене тұрғындардың 40 пайызы­ның денсаулығы төмен. Оларды отбасылық дәрігер қабылдап, дене қызуы болса, түсіріп қоя береді. Бірақ ол баланың қызуы неге кө­терілді, онда шаруасы жоқ. Сөйтіп, бала созылмалы ауруға шалдыға­ды, – дейді Жұпар Наханова. Әрине, маман тапшылығы мә­селесін шешу үшін уақыт керек. Соң­ғы кездері жастардың бала­лармен жұмыс істегісі келмеген­дік­тен, педиатр мамандығын таң­дамайтынын да байқадық. Са­рапшылардың пікірінше, балалар дәрігеріне жастарды тартамыз де­сек, әуелі мемлекеттік грант санын көбейтіп, екінші әлеуметтік жағ­дайын жақсартуымыз қажет. Өйт­кені дәрігерлер жетіспеуінің тағы бір себебі әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Орташа есеппен былтыр балалар дәрігерлері айына небәрі 138 мың теңге еңбекақы алыпты. Ендеше саланы сапалы мамандармен толықтырудың бас­ты амалы – бала денсаулығын тә­жірибе жасайтын алаңға айнал­дырмай, 10 жылдық олқылықты уақыт өткізбей қалпына келтіру.