«AMANAT» жастар қанаты Қазақстанның жоғары оқу орындарын сыбайлас жемқорлық әрекетіне қатысты тексерді
«AMANAT» жастар қанаты Қазақстанның жоғары оқу орындарын сыбайлас жемқорлық әрекетіне қатысты тексерді
Жыл сайынғы «TAZA SESSIYA» акциясы аясында отандық жоғары оқу орындары студенттерінің сауалнамасы аяқталды. Ұйымдастырушысы «AMANAT» партиясының жастар қанаты. Небәрі 4 күн ішінде, 28-31 наурыз аралығында, белсенділер 64 университетке барып, Қазақстан бойынша 20 мың студентке сауалнама жүргізді.
«Акцияны өткізудің басты шарты – адалдық пен анонимдік. Сондықтан мен барлық мүдделі тұлғаларды қатысуға шақырамын. Тек бірігіп, біз университеттердегі сыбайлас жемқорлықты жойып, отандық білім беру деңгейін арттыруға үлес қоса аламыз», - деді Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев акция басталған күні.
Белсенділер жоғары оқу орындарының саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін, бірақ бәрі бірдей «TAZA SESSIYA»- ға қатысуға келісім бермегенін айтты.
«Өңірлерде университеттер мен колледждер сыбайлас жемқорлыққа толы. Бұл студенттер мен оқытушылар үшін әдеттегі тәжірибе. «Сабақта отырғыңыз келмейді ме? Шоколад алып бер де, кете бер!». Ең өкініштісі, студенттерге бұл жағдай ұнайды», - деді акцияға қатысушылардың бірі.
Сауалнама жүргізуге тәуелсіз бақылаушылар, соның ішінде халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік, блогер Алмас Сағынұлы және экстремалды спортшы Сәкен Кагаров, басқа да қоғам қайраткерлері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар жанындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің өкілдері тартылды. AMANAT «AMANAT» партиясының жастар қанаты акция қорытындысын биыл сәуір айының соңында жариялауды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетейік, «TAZA SESSIYA» акциясы 8 жылдан бері өткізіліп келеді. 2020 жылғы нәтиже бойынша сұралғандардың 12,5%-ы өздерінің ЖОО-да сыбайлас жемқорлық фактілері бар екенін айтқан.  Бұл 2019 жылға қарағанда 0,3%-ға аз екені мәлім болды. 2020 жылы сауалнамаға 20 710 адам қатысты, оның ішінде 63,3% 2 курс, қалғаны одан жоғары курс студенттері (46,5% - әйелдер, 53,4% - ерлер). Көбінесе студенттер сыбайлас жемқорлыққа емтихан тапсыру кезінде тап болған, бұл туралы акцияға қатысушылардың 23,8%-ы мәлімдеді. Сонымен қатар, сол жылғы рейтингтің антилидері «Астана» медицина университеті болды. Нәтижесінде «параның орташа мөлшері» анықталды. Мәселен, 400 мың теңгеге студенттерге ақылы оқу түрінен бюджеттік оқу түріне ауысуды, 260 мың теңгеге әскери кафедраға түсуді, 150 мың теңгеге дипломдық жұмысты «өте жақсы» етіп қорғауды, ал сессияны 22 мың теңгеге «автоматпен» тапсыруды ұсынған. Өткен жылы акция университеттер қашықтықтан оқытуға көшкендіктен өткізілген жоқ.