Тағы 300-ге жуық елді мекенге қауіп төнді
Тағы 300-ге жуық елді мекенге қауіп төнді
472
оқылды
Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздегі 285 елді мекенді су басуы мүмкін екенін жариялады. Уақытылы шығарылмаған қар, еріген су мен тазартылмаған арықтардың кесірінен мамандар осылай дабыл қағуға мәжбүр. Әсіресе, елдің солтүстігі мен батысында жағдай алаңдарлық. Ведомствоның мәлімдеуінше, 2023 жылға дейінгі су тасқынына қарсы жоспарланған жұмыстардың тек жартысы ғана атқарылған. Қазірдің өзінде солтүстік мен батыстағы бірнеше ауылды су басып, көлік жолдарын шайып кетті. Мәселен, Павлодардағы Рождественка ауылында 67 үйдің аумағына су жайылған. 5 үйге су кіріп, 30 аула көлкіп тұр. Бұл аумақта кешелі бері су сорылып жатыр. Павлодар қаласының гарнизоны, Төтенше жағдайлар департаменті өз күшін жұмылдырған. Бірақ құтқарушылармен қоса мотопомпа, қайық, өзге де техника зардабымен ғана күресіп жатқанын ескерген жөн. Алдын алу жағы ешкімді толғандырмағандай. Сондай-ақ Батыс Қазақстандағы Шыңғырлау ауданының орталығын Ақшат және Сегізсай ауылдарымен жалғайтын жолдан көліктер өте алмай қалды. Ал Қаратөбе ауданында Қаратөбе-Каракөл аралығы жабылды. Қазір бұл аумаққа арнайы белгі орнатылып, күзет қойылған. Осы орайда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинмен және өңір басшыларымен кеңесіп, жұмысты жеделдетуді тапсырған. Ал алдағы уақытта қауіп төнген елді мекендердің жайы не болары белгісіз.