Жыл басынан бері Шымкентте интернеттегі алаяқтық бойынша 281 қылмыстық іс тіркелген. Оның 34-і сотқа жолданып, 181 іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков мәлімдеді. «Алаяқтық бойынша 5 адамнан құрылған топтың қылмыстық әрекеттері анықталды. Үшеуі қамауға алынды. Қалған екеуі іздеуде. Бұл топтың 20-дан астам қылмысқа қатысы бары дәлелденіп отыр», – деді ол. Тек өткен жылдың өзінде 11 мыңнан астам шымкенттік алаяқтарға алданып, қаржы пирамидаларынан зардап шеккен. Алаяқтар оларға 5 миллиард теңгеден астам материалдық шығын келтіріпті.