«Үш» көрерменге жол тартты
«Үш» көрерменге жол тартты
1,118
оқылды
Адам жегіш Николай Жұмағалиев туралы «Үш» атты фильм көрерменге жол тартты. Фильмнің режиссері – Оңтүс­тік Кореяда тұратын Руслан Пак. Оның «Үш» фильмі  – Қазақстанда түсіргісі келген екінші толықметражды фильм. «Бала күнімде фильмдегі басты кейіпкер маньяк Жұмағалиев туралы жиі еститінмін. Жақында осы қылмыскерді ұстау операциясын басқарған адамды жолықтырдым. Мен одан осы оқиғаға қатысты көп жайтты сұрадым. Әңгіме барысында бұл кинематографиялық оқиға екенін түсіндім», – дейді Руслан Пак. Туындыда халықты үрей құшағында ұстаған қанішердің жаға ұстатар қылмыстары көрсетіледі. Тіпті, авторлар жұртты дүр сілкіндірген істің ел біле бермейтін деректерін де туындыға қосқан. Фильмнің сценарийі 80-жылдары болған жан түршіктірер оқиғаларға негізделген. Кинода милицияның арнайы бөлімшесіне тәжірибеден өтуге келген Садықовтың өмірі баян­далады. Жұмысқа кіріскен ал­ғашқы күннен-ақ жас тергеуші қанды қылмыстарды ашумен айналысатын топқа ілесіп, бұ­рын-соңды көрмеген сұмдықтың куәсі болады. «Үш»-те басты рөлдерді Асқар Ілиясов, Самал Еслямова, Ержан Түсіпов, Нұржан Садыбеков және ресейлік актер Игорь Савочкин сомдайды. Фильм осыдан үш жыл бұрын Алматыда түсіріліп, бір жылдан кейін Пусандағы халықаралық кинофестивальде арнайы сыйлықпен марапатталды. Айта кетейік, Қазақстандағы премьерадан кейін «Үш» фильмі Кореяда кең прокатқа шығады.

Әбілмансұр ЖАСАН