Сырлы қобыз
Сырлы қобыз
567
оқылды
Францияда Әміредей феноменнің ізін жаңғырта ән салып, бағалана білген Қарқаралы тумасы Қазыбек ӘДІКЕЙ осы кеште әуелете ән шырқап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Бұл – Қарағанды Тәттімбет атындағы өнер колледжінің 70 жылдығы және колледждің халық аспаптар бөліміндегі қылқобыз сыныбының ұстазы Жаңқаш Жұмабековтің бастамасымен ашыл­ғанына 30 жыл толуына орай өткізіліп жатқан мерейтойлық шара еді. Ал Қазы­бектей әншінің осы Жаң­қаш Ықыласұлының шәкірті екенін білеміз бе? Қарағандылықтар ұлттық өнердің қадір-қасиетіне толық жететінін осы жолы байқадық. Себебі  қылқобыз концертіне халық біршама жиналды. Залдың қай орын қатары болмасын кетігі жоқ. Түгелінде өнерге ынтық жан­дар самсап отыр. Кешті тіз­гін­деген айтыскер ақын Тілеген Әділов пен Айтбай Жұ­мағұлов өлеңдете сөйлеп, шара шымылдығын түрді. Ықыластай күйшінің мұрасын аманат етіп арқалаған Жаңқаш Ықыласұлы сол төрт­күл дүние­ге тең таралған Ықылас Дүкенұлының «Кер­толғау» күйі­мен дүйім жұрт­қа сәлем берді де, ары қарай бір шеті сонау Ақтөбеден, Алматы шаһарынан өнер деп қолдарына қызыларша домбырасы мен үйеңкіден үйірген қобызын қолтықтай келген шәкірттеріне берді кезекті. Сондай-ақ  концерттік бағдарламада қобыз атасы Қорқыттың күйлері, Ықылас Дүкенұлы шығармалары және халық композиторларының шығармалары ака­демия­лық Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. – Арнайы келдім. Ұстазым Жаңқаш Ықыласұлына деген құрметім бөлек. Қыл­қобыз сыныбының ашылуына бірден-бір себепкер бол­ған ол кісінің мен секілді бір­шама шәкірті халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүр. Мен ұстазымның берген тәлімімен 2012  жылы Алматыға аттандым. Сосын ол жақта консерваторияға түсіп, ары қарай осы қобыз аспабын жетік меңгеруге көштім. Қа­зір Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда қызмет атқарамын. Осы ша­раға мен арнайы Медет Ес­бер­генов деген қа­зір­гі заманауи сазгердің «Күз» шығармасын ала келдім,– дейді ақтөбелік шә­кірті Аяулым Жетпісбаева. Бір-бірінен өткен шә­кірт­тердің кезегін Қазыбек Әдікей жалғай жөнелді. Ол қолына ысқышын алып ту құйрыққа тіл беріп, сонау Париж төрінде әуелеткен ха­лық әндері «Қара-ай кө­зім», «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» шығармаларын шырқап, көп қауымның қошеметіне бөленді.  Көрермен қобызбен үндескен әнге ұйып, әншіден бірнеше ән орындауын өтінді. «Халық сұраса, хан түйесін сояды» демекші көптің сұрауымен Қазыбек әнші халық әндерінен тағы шырқап жиналған жұрттың ықылас, батасын алды. – Бұл – кешегі әрісі Қойлыбай бақсы, берісі Дәулет Мықтыбаевтан қалған өнерді жалғастырып, насихаттау тұрғысынан ұйымдастырылған шара. Осынау іс-шарада қылқобыз сыныбын бітірген шәкірттердің жеткен жетістіктерін, орындаушылық шеберліктерін халыққа тарту ету де мақсат. Өйткені шәкірт бойында ұстазға беймәлім ашылмаған қырлары осындай дүбірлі шараларда ашылуы әбден мүмкін. Дарыны мен шеберлігі үйлескен тұста ғана олар танымалдылыққа ие болады. Ал қобыз­шылар, оның ішінде мен баулып өсірген шә­кірт­тер танымал болса, ол менің де жеңісім деп білемін. Жаңа байқағандарыңыздай, менің алғашқы шәкірттерім­нің бірі Қазыбек Әдікейді елі ардақтай қарсы алғанда, ішім жылып, көңіл жадырап сала берді, –  деп ризашылы­ғын білдірді ұстаз Жаңқаш Жұмабеков. Жалпы, Қарағанды ша­һарын­да қыл қобыз өнерінің өркендеуіне тағы бір тұлғаның атсалысқанын тілге тиек етті. Ол – марқұм Мейірхан Адамбеков. Осынау сыныптың ашыл­уы үшін қолынан келген көмекті аямай басы-қасында болған марқұм ағамыз бүгінгі шараға масаттанар ма еді?! Әкеден қалған ізді жал­ғап, бұл шараға ұлы Алданыш Адамбеков келді. Ол сах­на төріне шығып «Сағындым», «Шайтанкөл» әндерін домбыраға тіл бітіріп, дауысымен үндестіре шырқап, Мейірхан ағаны сағынған қауымның көңілдерін босатты. Іс-шара соңында қонақтар күнделікті эстрада әніне емес, рухани ой берер, ежелден елдің мұңын ішекке арқау еткен қылқобыздың әуеніне бастарын иіп, жан-жақты пікір білдіріп, алғыс жаудырып жатты. – Қобыз – сонау Қо­рқыт­тың заманынан бергі қазақтың аспабы. Сүйінбай айтқандай «Бөрілі байрақ көргенде» деп, біз қобыз көрсек Қорқыт пен Ықылас есі­мізге түседі. Енді бүгін Жаң­қаш Ықыласұлының осынау шарасы жалғыз біз­дің ғана емес, барша жинал­ған жұрттың көңілінен шыға білді. Біз концерттен рухани ләззат алдық. Қобыз өнері атадан балаға осылай мұра болып жалғаса берсін. Осын­дай өнер жанашырлары барда ұлы өнер­дің өлмейтініне сенеміз, – деді көрермен Сара Зейнелқызы. Осыншама әсерді арқалаған дүйім жұрттың тарқағысы жоқ. Әншілермен суретке түсіп жатыр. Өнер бағаланса, өнерпаздың тасы өрге домалағаны емес пе? Қарағандылықтар ежелгі өнердің асыл қазына екенін біліп қана қоймай, оны өз туғандарымен бө­лісердей әсерде тарқасты.

Қарағанды қаласы