Допингке тоқтау бар ма?
Допингке тоқтау бар ма?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
431
оқылды
Кейінгі кезде ел спортында допинг қолданып, жаза басқан спортшылар қатары азаймай тұр. Әсіресе, рұқсат етiлмеген дәрумен қолданудан ауыр атлеттеріміз алдына жан салар емес. Олардың арасында ересектер де, жастар да бар. Антидопинг орталығының мәліметіне сәйкес, 2014 жылдан бері елімізде 124 спортшы допингке байланысты спорттан шеттетілді. Ауыр атлетика – 26 (бүгінгі 6 спортшы және Ниджат Рахимовты қосқанда), жеңіл атлетика – 13, армрестлинг – 12, күрес түрлері бойынша (грек-рим, еркін, самбо, дзюдо) – 11, велоспорт – 10, муайтай – 8, бодибилдинг – 6, байдарка және каноэде ескек есу – 5, парапауэрлифтинг, джиу-джитсу – 4, волейбол, гір спорты – 3, пауэрлифтинг, биатлон, гимнастика, шаңғы, футбол, регби – 2, жүзу, ММА, парашаңғы, паражүзу, құзға өрмелеу, су добы және спорттық балық аулаудан 1 спортшымыз допингпен ұсталған. Бұдан елдің имиджіне де айтарлықтай нұқсан келді. Бір ғана ауыр атлетиканың өзінен бірнеше спортшымыз жазаға тартылды. Құрамамыз осымен аталған спорт түрінен жеңіп алған алтыншы алтынын қайтарды. Бұған дейін халықаралық спорт ұйымдары Қазақстанға салған санкциядан кейін біз Токиоға тек екі ауыр атлет апардық (негізі, ережеге сай әр ел Олимпиадаға 8 лицензия жеңіп ала алады). Енді алдағы жазғы Олимпиадада ауыр атлетикадан лицензияны төртеуге дейін арттыруға тырысып жатқан тұста Ниджат Рахимовтан допинг табылды. Зілтемірші Олимпиаданың алтын жүлдесінен айырылды. Сонымен қатар 8 жылға спорттан шеттетілді. Спортшының 2016 жылғы 15 наурыздан бергі спорттық нәтижелерінің күші толығымен жойылды. Жығылғанға жұдырық болғандай, күні кеше бір топ жас атлеттің допинг пайдаланғаны хабарланды. Тест сынамасы оң нәтиже көрсеткен спортшылар тізімінде Игорь Сон да жүр. Алты спортшының мәселесіне қатысты Қазақстан ауыр атлетика федерациясы арнайы мәлімдеме жасады. «2022 жылғы 9 ақпан мен 2 наурыз аралығында Қазақстан Ұлттық допингке қарсы күрес орталығы жарыстан тыс допинг-бақылау аясында ауыр атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрама командасының спортшыларын тестілеу­ден өткізді. Бақылау қорытындысы бойынша келесі спортшыларда оң допинг-сынамалар анықталды: Абылай Әуелханов, Игорь Сон, Юлия Потасова, Руфина Чалқарова, Алексей Дроздов, Матвей Макрушин. Жоғарыда аталған барлық спортшылар Алматы облысының өкілдері. Допингке нөлдік төзімділік саясатын ұстана отырып, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы бұл оқиғаға ішкі тергеу жүргізуге ниетті» деп жазды ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі. Өткен жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Чалқарова мен Әуелханов жеңімпаз атанып, Дроздов күміс медаль иеленген болатын. Ал Игорь Сон үшін бұл – оның мансабындағы екінші допинг дауы. 2015 жылы ол жастар арасындағы әлем чемпионатынан кейін 7 айға спорттан шеттетілген. Бірақ кейін препараттың ағзаға тағамдық қоспа арқылы енгенін дәлелдеп шықты. Оған қоса, Сон биыл Таиландтағы ересектер арасындағы әлем чемпионатында да үздік нәтиже көрсетіп, екінші орын алған. Биыл Токио Олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізді. Енді спортшының кінәсі дәлелденсе, бұл жүлделер де есептен шығарылады. Осы мәселеге қатысты ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дәулет Әділғазиннің пікірін білдік. – Негізі, 2018 жылдан бері қарай ішкі, сыртқы чемпионаттарда өнер көрсетіп жүрген жастарды «таза буын өкілдері» деп атап жүр ғой. Олар туралы нақты айтуға әлі ерте секілді. Келеңсіз жағдайға тап болып қалды ма деп те ойлаймын. Анығы бір Аллаға аян. Қазір осы жағдайға қатысты арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақында себептері анықталып, істің ақ-қарасы белгілі болар, – дейді маман. Бір кездері осы спорт түрімен айналысқан экс-ауыр атлет Айдар Қазов Олимпиададан, өзге де халықаралық жарыстардан жүлде алған спортшылардан допинг анықталған жағдайда жаңа заң бойынша сыйақы қайтарылуы тиіс екенін, арада он жыл өткеннен ғана алған сыйақы және пәтер, көлік қайтарылмайтынын айтады. Жалпы, допингке қарсы кодексте ешқашан бұзуға болмайтын 10 бөлім нақты жазылған. Допинг ішу – соның бірі. Рұқсат етілмеген пре­параттың спортшы организміне қалай түскені маңызды емес: мүмкін мақсатты түрде пайдаланды, мүмкін біреу қастандық жасады. Қалай болғанда да спортшы ережені бұзған болып саналады. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, шетелдерде спортшылар допинг қолданғаны үшін қатаң түрде жазаланады. Айталық, Швейцарияда допинг пайдалану қылмыс ретінде қарастырылады. Полтарининді допингке қатысы бар деп қамап тастағанының өзі осының анық дәлелі. Сондай-ақ шетелдерде заңсыз препараттарды қолданған спортшылармен бірге бапкерлер, жеке дәрігерлер, тіпті спорт функционерлері де спорттан шеттетіледі. Ал бізде бұл мәселе әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай келеді. Допинг қолданған «чемпиондарға» жұмсалған және сыйақыға берiлген қыруар қаржы сол күйі көкке ұшып кетті. Елдiң ақшасын ысырап еткендерге шара қолданылмады. Жанкүйерлердің де осы жайтты айтып, шыр-пыр болып жүргеніне де біраз уақыт болды. Бірақ оған бас ауыртып жатқандар шамалы. Қорыта айтқанда, осы допинг дауы – отандық спорттың дамуында өрескел қателіктің бар екенін аңғартатын бірден-бір фактор. Сенім артқан саңлақтарымыздың рұқсат етiлмеген препараттарды қабылдауы ел спортының атына нұқсан келтіріп, кері әсерін тигізуде. Өкініштісі сол, әлі күнге дейін бұл даулы мәселені біржола шеше алмай келеміз. Бұған тоқтау салар күн қашан келер екен?!