Парыздың парқын сезініп...
Парыздың парқын сезініп...
© коллаж: Әсел Балтақызы
321
оқылды
Иісі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Ра­ма­зан айы да есік қақты. Ал­дағы 30 күн бойы мұ­сыл­ман баласы бес парызының бірін орындау үшін таң ат­қаннан кеш батқанға дейін нәпсісін тыяды. Әйтсе де, әлемдегі сағат бел­деуіндегі айырма­шы­лыққа бай­ланысты оразаны көбірек немесе аздау тұта­тын елдер де бар. Сол се­кіл­ді арамызда қасиетті па­рызын жылдар бойы қаза қылмай өтеп келе жатқан­дар да табылады. Елордалық Байұзақ Бекмұра­тов солардың қатарында. 70 жас­тың желкенін керген ақсақал­дың ораза тұтып келе жатқанына биыл – 32 жыл. Ол алғаш рет 38 жа­сында Рамазан айындағы қа­сиетті парызын өтеуге ниет етіпті. Содан бері ауыз бекітіп келе жат­қан Байұзақ Орынбасарұлы ал­ғашқы жылдары мұндай құлшы­лыққа таңырқай қарағандар көп болғанын жасырмады. – Кеңес Одағы әне-міне тарап кет­келі тұрған кез болса да 90-жыл­дар­дың басында ораза тұтуға та­ңыр­қап, тіпті үреймен қарайтын­дар да бар еді. Сондықтан ол кез­дерде 5 парыздың бірін орындауға ниет етушілердің саны анау айтар­лықтай көп болмады. Негізінен, ораза тұтудың адам­ның тәні мен жанына пайдасы мол. Ра­ма­зан айынан бөлек әр ап­­та­ның дүй­сен­бі, бейсенбі күнде­рін­де парыз етілген оразаны да ұс­­таймын. Сон­дықтан маған 30 күн бойы таң атқаннан кеш бат­қан­ға дейін нәпсіні тыю анау ай­тар­лық­тай қиындық туғызбайды, – дейді Байұзақ Орын­басарұлы. Ұзақ жылдан бері қасиетті па­ры­зын қаза қылмаған ақсақалдың 1 ай бойы ас-судан тыйылуда ұс­танар өзін­дік ұстанымдары да бар. – Өзім оразадан 10 күн бұрын ашығып, Рамазан айына дайын­дала бастаймын. Оразадан кейін де 5-6 күн күн ұзаққа ас-судан ты­йылып, орга­низмді таңғы, түскі және кешкі астың уақытына бе­йім­деймін. Мұхаммед пайғам­ба­рымыз өз заманында уақыт өте адамдардың ашықпай-ақ бейбе­рекет тамақ іше беретінін болжаған екен. Бүгінгі заманның кейпі соған сай келіп тұр. Мен қазір де тамақты мейлінше ашыққан кезде жеуге тырысамын. Осылайша, Рамазан айына жыл бойы дайындалып жүруге болады, – дейді ақсақал. Жамбыл облысының тұрғыны Ер­махан Төреқабылов та қасиетті пары­зын өтеуге отыз жастан ас­қан­нан ке­йін ниет еткен екен. Соң­ғы 27 жылдан бері оразасын қаза қылмаған Ермахан Әбдірә­сілұлы денсаулық жағдайы көтер­месе де, ауыз бекітіп келеді. – Осы жылдар аралығында 3 рет инфаркт алдым. Қазір де мез­гіл-мезгіл жүректің ауырғанын басатын дәрі-дәрмек ішемін. Ауыз бекіткен соң бұл процедураларды сәресінде алып, ауызашарға дейін амалдауға тура келеді. Соған қара­мастан оразамды қаза қылып көр­медім. Бұл – Алланың пендесіне берген сыйы. Оның нығ­ме­тінен шет қалмауға барымызды сала­мыз. 27 жыл ішінде 30-40 градустық аязда, керісінше ауа температура­сы 40 градусқа дейін көтерілген ми қайнатар ыстықта да ораза тұтқан сәттерім болды,– дейді Е.Төреқабылов. Әлбетте, оразаны ұзақ жыл әрі түрлі жағдайға қарамастан тұтып келе жатқан азаматтар қасиетті парызын өтеуге енді-енді мойын бұрғандар үшін мол өнеге. Күллі мұсылман қауымына ор­тақ парызы болғандықтан, Ра­ма­зан айын әлемнің әр қиырындағы мұсылмандар да асыға күтеді. Де­генмен уақыт бел­деуіне байла­ныс­ты олардың бірі екін­шісіне қара­ғанда ұзағырақ ауыз бе­кітеді. Әлем­ді былай қойғанда, Қазақ­станның өзінде өңірлер арасында ораза тұтудың уақытында айыр­ма­шылық бар. Биыл елімізде ора­заға ниет еткендер орта есеппен 15-16 сағат ауыз бекітеді. Геогра­фиялық ерекше­лігіне байланысты кей өңірлер сәресін ерте ішсе, енді басқа аймақтарда күннің батуына байланысты ауызашар уақыты кеш кіріп жатады. Бұдан бөлек, ауыз бекітудің уақытында да 30 минутқа дейін айырма бар екен. Мәселен, биыл елдің солтүстігіндегі Пет­ропавл, Қостанай қаласының тұрғындары орта есеппен 13 сағат 30 минутқа ас-судан тыйылса, Тараз, Ақтау қаласындағы ораза тұтушылар 12 сағат 50 минутқа нәпсісін тежемек. Ал әлемдегі ең қысқа ораза тұту уақыты Аргентинаның Ушуая қа­ласында. Отты жер аралындағы порт­ты қаланың тұрғындары Ра­мазанның алғашқы күнінде сәре­сін таңғы 8.17-ге дейін ішіп үлгеруі керек. Мұнда ауыз­ашар уақыты 18.51-де кіреді. Оңтүстік жарты шарда Ушуаямен қатарлас жатқан Аустралия, Жаңа Зеландия­ның тұрғындарының да ауыз бекітуі уақыты орта есеппен 11 сағат 42 ми­нутқа жуықтайды. Керісінше, солтүстік жарты шар­дың солтүстік нүктесі сана­латын Шпиц­берген аралындағы Лоньгир қаласындағы тұту мерзімі 16 сағаттан асады. Мұндағылар оразаның алғашқы күнінде сәресін таңғы 5.15-те ішіп, кешкі 20.53-ке дейін ас-суды татып алмайды. Сол секілді Аляскадағы Барроу қа­ла­сындағы ораза тұту уақыты 16 са­ғатқа жуықтайды. Мұнда ора­заның алғашқы сәресін таңғы 06.37-ге дейін ішеді. Одан кейін Барроудағы ауыз бекітушілер кешкі 22.22-ге дейін ішіп жеуден тыйылуы керек. Жалпы, уақыт белдеуіне бай­ланысты ғаламшардың солтүсті­гіндегі кей қалаларда 21-22 сағат бойы ораза тұтуға тура келеді. Мә­селен, 10 жыл бұрын Финлян­дияның Рованиеми қаласының тұрғындары 21 сағат бойы ауыз бе­кіткен екен. Сол тұстағы гео­сая­си жағдайға байланысты Сомали, Ирак, Ауғанстаннан келген мың­даған мұсылман пана тапқан қа­ладағы ораза тұту мәселесі Ислам ғұламаларының назарын аудартты. Олардың кейбірі таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралық 18 сағаттан ашатын елдерде сә­ресі мен ауыз­ашарды Мекке, Мә­дине немесе жақын маңдағы мұсылман мем­лекетінің уақытына қарай ың­ғай­лауды құптады. Ал саударабиялық ғұ­­ламалар бұл көзқарасқа қарсы шы­ғып, ауыз бекіту жергілікті уа­қытқа сай жүргізілетінін еске салды. Әрине, кімнің қандай жағдайда және қанша уақытта ораза ұстай­тыны маңызды емес. Бастысы, бес парыздың бірі саналатын ізгі амал­дың ниетпен орындалуы болса керек. Ал оның өтеуінің қалай боларын бағамдау бір Алланың ғана қолында.