Тосын жағдайда неге тосылып қалдық?
Тосын жағдайда неге тосылып қалдық?
194
оқылды
Апат айтып келмейді. Десе де, технология дамып, ғарыш ғаламаттары ашылып жатқан заманда кез келген табиғи құ­былысты алдын ала болжауға болады. Мәселе сол бол­жамды жасайтын тиісті орындардың өз ісіне салғырттық танытып жататынында сияқты. Осыдан келіп, қарапайым тұрғындар зардап шегіп жатыр. Айталық, осы аптаның сейсенбісінде Алматыда болған екі сағаттық дауылдан қалаға шаш етектен шығын келді. Сол күні түс қайта ауа райы аяқас­тынан құбылып, дауыл жел соғып, арты нөсер жауынға ұласты.

Шығын шаш етектен

Алматы қалалық төтенше жағ­дайлар қызметінің берген мәлі­метінше, 28 сәуір күні бас-аяғы екі сағаттың ішінде болған дауыл мен нөсер жауыннан 21 автокөлікке ағаш құлаған. Жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты әкімшілік ғима­раттардың шатырларының ұшуы бойынша 8 дерек тіркелген. Көпқабатты үйлердің сыртқы қаптамалары мен қасбеттері құ­лаған. Сондай-ақ жел екі автотұ­рақ қоршауын құлатқан. Оны­мен қоймай, троллейбус желі­сінің сы­мын үзіп, қоғамдық көлік­тің қыз­метіне айтарлықтай зиян кел­тірген. Шаһардағы бірнеше ша­ғынаудан мен қала орталығы са­ғат­тап жа­рықсыз қалды. Бағдар­шамдар іс­тен шығып, сол уақытта қала кө­ше­лерінде 26 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан бірнеше адам түрлі жағдайда жа­рақат алып, ауруханаға жеткізіл­ген. Қаланың жеке секторында тұратын бірнеше үйдің ауласы мен үй іші суға толған.

Кінәлі кім?

Жоғарыда айтқанымыздай, шамалы уақытқа ғана созылған аяқасты құбылыстан осыншама зардап шегуіміздің себебі неде? Ай мен күннің аманында табиғаттың болмашы тосын мінезіне төтен­ше­ліктер неге дайын болмай қалды? Бізге жауап берген Алматы қа­лалық ТЖД мамандары аяқасты да­уыл жел болатыны туралы ха­барланбағанын мойындап отыр. Ауа райын болжайтын мекеме оларға ешқандай дауыл туралы ақпарат бермеген. «Бізге мұндай жағдайда «Қаз­гидромет» мекемесі алдын ала ес­керту ақпаратын жіберу керек . Біз сол ақпаратқа сүйене отырып, «112» желілік қызметі немесе ар­найы мобильді қосымша арқылы қа­ла тұрғындарына хабарлама жі­береміз. Алайда бұл жолы бізге қала ішінде ондай табиғи жағдай болады деген ақпар түскен жоқ. Соның салдарынан, өкінішке қа­рай осыншама деңгейде залал мен зардап болды», – деді қалалық ТЖД баспасөз қызметі. «Қазгидромет» мекемесіне ха­барласып, ауа райының жайсыз­дығы туралы мәлімет бермеуіне не себеп болғанын білгіміз келді. Алайда ол мекемеден сауалымызға жауап алу мүмкін болмады.

Шымбұлақта қарлы бұрқасын болған

Алатаудың баурайындағы «Шым­бұлақ» демалыс аймағында адамдар аппақ бұрқасынның арасында қалып қоя жаздаған. Тау етегінде алаңсыз демалып жүрген тұрғындардың ойламаған жерден болған бұрқасыннан үсіп, көмек сұраған видеолары әлеуметтік же­лілерде сол мезетте таралып жатты. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Тек екі адам қатты суықтап, ауру­ханға түскен. Қалалық тө­тен­ше жағдай қызметі «Шымбұлақ» демалыс аймағындағы жағдайға жауап бермейтінін айтты. Себебі олардың арнайы өз қызметі бар көрінеді. «Біріншіден, бізде «Шым­бұ­лақта» болған жағдайларға қатысты ақпарат келіп түскен жоқ. Екін­ші­ден, ол жақта демалыс аймағының өз қауіпсіздік қызметі бар. Ке­лушілердің өмірі мен қауіпсіздігіне толықтай солар жауапты. Өйткені ол жекеменшік нысан»,– дейді Алма­ты­ның ТЖД қызметі.

Құлаған ағаштардың бәрі әбден шіріген

Алдында көрсетіп кеткен за­лал­дың статистикасындағы тал ба­сып қалып, түрлі дәрежеде за­қым келген 21 көліктің үстіне қала ішіндегі шіріген кәрі ағаштар құлаған. Бұл ақпаратты да қалалық ТЖД беріп отыр. «Оны алдын алу­дың жолы бар. Бірақ көзге көрін­бей­тін бірнеше кедергі бар», – дей­ді мамандар. Мәселен, қала ішін­дегі қандай да бір шіріген ағашты әкімдік қызметкерлері анықтап, оны қырқуға барған сәтте сол маңайда тұратын тұрғындардың қарсылығына тап болып жатады екен. Негізінде, шаһардағы ағаш­тар көшедегі және аула ішіндегі деген екі категорияға бөлінеді. Бі­ріншісіне әкімдік иелік етсе, екін­шісіне пәтер иелері коопе­ра­тивтері қожалық етеді. Алғашқы ка­тегория бойынша шіріген немесе бас­қаша қауіп төндірген талды еш­кімнің рұқсатынсыз қырқып, та­зар­та алады. Ал аула ішіндегі ағаш­тарды қырқу үшін заңға сәйкес ПИК-тің рұқсаты керек. ПИК болса, рұқсатты тек тұрғындардың келісімі арқылы ғана бере алады. Өкінішке қарай, дауыл кезінде автокөліктің үстіне ағаш құлау де­ректері дәл осы аулаларда болып жатады. Себебі тұрғындардың көбі көлігін өз ауласына жақын маңайға қойып кетеді. Сейсенбідегі дауылдан кейін алматылықтардан түскен тыным­сыз шағым қоңырауларынан кейін қалалық әкімдіктің Жасыл эконо­мика басқармасы дауыл нәтиж­е­сінде құлаған ағаштардың салда­рын жою жұмыстары бойынша рейд өткізді. Оған БАҚ өкілдерін ар­найы шақырды. Рейдке қатыс­қан басқарма мамандары мен ғы­лыми қызметкерлер ағаштың құлау себептері мен қолданылып жатқан шаралар туралы біраз мәлімет айт­ты. Олардың айтуынша, мега­по­лис­те мерзімі жетіп құлаудың сәл-ақ алдында тұрған кәрі ағаш­тар баршылық көрінеді. Бір ғана наурыз айының ішінде Алматыда 84 ағаш діңі мен ірі бұтақтардың құлау дерегі анықталған, оның ішінде 44-і автокөліктерге түскен. Шіріп тұрған талдардың көп бөлігі тұрғын үйлердің аулаларында ор­наласқан. Кешегідей түрлі апаттың алдын алу үшін оларды тез арада кесіп тастау керек. Табиғатты қор­ғау туралы заңға сәйкес, кесілген теректің орнына бірден жас шыбық отырғызылуы керек. Тұрғындар мен әкімдік инспекторлары ара­сындағы түсінбеушілік осы жерден туындайды екен. «Біз осындай қауіпті ағаштарды анықтап, шара қабылдау үшін ау­дандық әкімдіктің арнайы инспек­торларын жібереміз. Олар кесуге барған кезде ПИК-тің қарсылы­ғы­на ұшырайды. Себебі орнына еге­тін жас көшеттерді сатып алу, отыр­ғызу, оны ары қарай суарып, күтіп-баптау шығындарын ПИК көтеруі керек. Сол себепті олар ағаш­ты қырықтырмау үшін барын салып қарсыласады. Кейде түрлі табиғатты қорғау мақсатындағы Үкіметтік емес ұйымдарды шақы­рып, ұрандатып жатады», – дейді қалалық Жасыл экономика бас­қармасының мамандары.

Дауыл өтті. Келген шығынды кім өтейді?

Бірнеше көлік тал астында қалса, тағы бірнеше үйдің шатыры ұшқан. Басқа да түрлі залалдың шығыны қалай өтелмек? Осы мә­селеге қатысты тағы да ТЖД-ға сауал тастадық. «Біріншіден, көлік жекелеген адамдарға тиесілі болғандықтан, олардың шығынын арнайы сақ­тан­дыру компаниялары өтеп беруі тиіс. Бірақ бізде көп азамат сақ­тан­дырудың осы табиғи және басқа да апат түрлерінен алдын ала сақ­тан­дыру мәселесін құнттай бермейді. Егер ондай сақтандыруы жоқ бол­са, мүлкіне зардап келген азамат құтқару қызметінен арнайы анық­та­ма алуы керек. Әрі қарай тәуелсіз бағалаушыларға жүгінеді. Содан кейін сотқа шағым түсіріп, келті­рілген шығынды өтеп ала алады»,– дейді қалалық ТЖД баспасөз хатшысы Гүлдана Нұрымбетова. Алматы секілді климаты құ­был­малы қалада қауіптің кез кел­ген түрі болуы мүмкін. Сондай кез­де салалық мекемелер салғырт­тық танытпай, өз ісіне жауапкер­шілік пен ыждағаттылық танытса, көп қатердің алдын алуға бола­ты­нын айтқымыз келеді. «Сақтансаң сақтайды» деген емес пе?

Алматы