Ынтымақтың айтар назы бар
Ынтымақтың айтар назы бар
180
оқылды
Шымкент қаласындағы Абай ауданы – о бастан қаладағы ең үлкен аудандардың бірі. Жер көлемі де, халық саны да айтарлықтай. Ауданға қарасты Ынтымақ ауылының аумағы соңғы жылдары тіпті кеңейіп, жаңадан қоныстанушылардың саны артқан. Мұнда шешімін күткен мәселелер де баршылық. Бүгінде ынтымақтық тұрғындар қыста лай кешіп, жазда шаң жұтып отырамыз деп билікке өкпесін айтады. Одан бөлек, жуырда ауызсу құбырын жүргізген мердігер компанияның да жұмыстарына көңілдері толмайды. Абай ауданының әкімі Бұ­харбай Пармановты ел жақсы бі­леді. Әрине, кезінде Түр­кістан об­лысының Сарыағаш, Тө­леби ау­дандарында іскерлігімен та­нылған оны бүгінде халқы ұмы­та қойған жоқ. Барған жерін кө­гал­дандырып, гүлдендіріп, табиғи газ, ауызсу, тіпті жол салуда да ал­­дына жан салмаған әкімнің Абай ау­данына келгеніне жұрт қуанып-ақ қалған. Алайда билік өкілінің әл­денеге еңсесі түсті ме, бұл жолы ширақтық та, белсенділік те бай­қалмады. Әйтеуір, жұрт бұ­ры­нғы Пармановты танымай отыр. Әлеуметтік желілерде де Ын­тымақ шағынауданы туралы жиі арыз-шағым айтылады. Батпаққа батып жатқан көшені, керзі етіктің өзі мына батпақтан шыға алмай жатқанын көріп, оқушылар қалай жүр екен деп таңырқағанымызды жасыра алмаймыз. Ауылының мә­селесін айтып хабарласқан тұр­ғын­дардың өтінішімен шағын­ау­данға барған болатынбыз. Ауыл тұрғындары осынау мә­селе бойынша қала әкімі М.Әй­те­новке де, аудан әкімі Б.Парма­нов­қа да хатпен шығыпты. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмаған. Мұнда көшіп келгендеріне 10 жылдан асқан Айтағы көшесінің тұрғындары әлі күнге дейін көше­нің асфальтталмағанын айтады. Табиғи газ бен ауызсуды бірнеше жыл бойы тұрғындардың өздері жекеменшік мекемелерге өтініш жасап жүріп кіргізген. Электр жа­рығы да алғашқы жылдары тұр­ғын­дардың күшімен ортадан қар­жы жинап, орнатылған екен. Жуырда ғана сапалы электр жа­рығына қол жеткізіпті. Бүгінгі ең басты мәселе – сақалды құры­лыс­қа айналған ауызсудың жайы. Екі жылдан бері су құбырын жүргізе­тін мердігер мекеме құрылыс жұмыс­тарын қыста бастап, елді әбі­герге салып жүр. «Қаңтар айы­ның алғашқы күндерінде келген құ­рылыс компаниясының техни­ка­лары жерді қаза бастағанда тұр­ғындар наразылық танытты. Біз­дің талабымыз құрылыс жүргізу­шілері неге жазд­ы­күн­дері кел­мей, үнемі қыста бас­тайды? Жер дүние балшыққа ба­тып, аяқ алып жүру мүмкін болмай қалды. Со­дан соңы үлкен дауға ай­налып, учаскелік полицей ара­ласты. Болмаса төбелеске дейін барар еді», – дейді ауыл тұрғыны Тал­ғат Иманбердиев. Әсіресе, қыста мек­тептен қас қарая қайтатын бала­лар­дың жағ­дайы қиындаған. Жа­рықтанды­рыл­маған көшеден жү­ретін балалар талай рет батпаққа батып, үсті-басы малмандай лай бо­лып келіпті. Ал мердігер ком­пания өкілі қала әкімдігінен бө­лін­ген қаржының жазда емес, қысқа таяу берілетінін айтып ақталған. Бәрін айт та бірін айт, қазір жыр болған ауызсу құбырлары да тар­тылып, жұмыс бітіпті. Алайда құры­лыстың сапасы сын көтер­мейді. Су жүйелерінің құдықтары әрқайсысы әртүрлі деңгейде кө­мілгені көрініп тұр. Бірі жер бе­дерінен биік болса, енді бірінікі төменде орналасқан. Нөсер жауын болған күндері су тасып, айналаны су басқан. Біз бар­ғанда құдықтар­дан әлі де су шығып жатқанын бай­қадық. Ал билік шырылдаған халықтың үнін естір емес. Осы аумақтың ауыл төрағасы болып сайланған Жанболат есімді жігіт ағасы қала әкімінің қабыл­дауында болғанын айтады. Әзірге бәрі жақ­сы болады деген құрғақ жауапқа малданып қайтқан. Алайда тұр­ғындар бұдан бұрын да бірнеше рет шулаған елдің сөзін естімеген билік өкілдеріне сенімсіздікпен қарайды. Сапасыз ауызсудан бө­лек жолдың жыры да тұрғындар­ды мазалап тұр. Ауыл тұрғындары «қа­ла әкімі болмаса да, аудан әкімі төбе көрсетіп, мәселенің қашан шеші­летінін айтып берсе» дейді. Әзірге асфальт болмаса да, шағал тасқа разы болмақ. Себебі тұр­ғындар жылдар бойы жол азабын тартудай-ақ тартып келеді.

Шымкент қаласы