Қазақстанда алғаш рет ерекше балалардың ата-анасына арналған мотивациялық кездесу өтті
Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні «Болашақ» корпоративтік қоры «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері» атты ерекше балалы ата-аналардың мотивациялық кездесуін өткізді. Іс-шара «AMANAT» партиясының қолдауымен «Кедергісіз келешек – Будущее без барьеров» партиялық жобаның шегінде өтті.
Кездесуде ата-аналар ерекше баланы тәрбиелеу тәжірибелері туралы әңгімелеп берді, аутизм бар және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеу бойынша кеңестері мен ұсыныстарымен бөлісті, балалары оларға қандай табыстар мен жетістіктерге жетуге шабыт бергендерін айтып береді. Іс-шараға тәжірибелі ата-аналар да, жақында ғана диагнозға тап болған ата-аналар да қатысты.
2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Аутизммен ауыратын балалардың мәселелеріне назар аударту мақсатымен бұл күн 2007 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленді. Бас Ассамблеяның қарарында аутизммен ауыратын балалардың көп болуына алаңдаушылық білдіріледі, ерте диагностикалау және тиісті зерттеулердің маңыздылығы көрсетіп аталады.
2008 жылдан бастап, жыл сайын 2 сәуірде бүкіл әлемде әртүрлі ақпараттық науқандар мен акциялар өткізіледі: бейне порталдарда, теледидарда әлеуметтік жарнама бейнероликтері көрсетіледі, аутизм туралы конференциялар өткізіліп, онда аутизмнің жаһандық мәселесі талқыланады. Халықты жаппай ақпараттандыру бастамасы барлық деңгейде қолдау табуда. Түрлі мемлекеттердің, соның ішінде біздің еліміздің де басшылары Дүниежүзілік күнді қолдап әлеуметтік желілерде посттар жариялайды.
ҚР БҒМ деректері бойынша Қазақстанда 8 796 аутизм бар бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша аутизм бар балалар саны 30 мыңнан асады. "Autism Speaks" халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54 балаға аутизм диагнозы қойылады. Аутизм баланың кішкентай кезінен көрінеді және жынысына, нәсіліне немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты емес. Аутизм әдеттік мінез-құлыққа бейімділікпен, күнделікті қарым-қатынастағы, әлеуметтік өзара әрекеттесудегі қиындықтармен сипатталады. Алайда аутизм бар балалар мектепте сәтті білім алып, қоғам өміріне қатыса алады. Бұл мүмкін болуы үшін балаға ерте жастан бастап білікті мамандардың көмегін қамтамасыз ету қажет.
Кездесуде аутизм бар балалардың ата-аналары – баланың ауыр диагнозын естігенде мойымай, одан әрі дами бастаған, оқу орталықтарын, әлеуметтік кәсіпорындарды ашып, заманауи әдіс-тәсілдерді үйреніп, білімдерін жетілдірген, ата-аналар қауымдастығын құрып, басқа ата-аналарға көмектескен ерік-жігері мықты адамдар сөз сөйледі. Кездесуде сөз сөйлегендер: кәсіпкер, «Особенное счастье» кітабының авторы Әлия Әбдібаитова, белгілі балалар психиатры Татьяна Дегтярь, ерекше баланың әкесі Жалғас Әшірбеков, аутизм бар балалар ата-аналарының «ОРДА» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы және жетекшісі Салтанат Есмағанбетова, сертификатталған мінез-құлық талдаушысы және CBA-S супервизоры, аутизм бар балаларға арналған «Алуа» орталығының негізін қалаушы, «Болашақ» қорының кураторы Жанара Қалиева. Кездесуге «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы, сертификатталған коуч, «Superkyz» кітабының авторы Динара Гаплан модераторлық етті.
Аутизм бар жасөспірімді тәрбиелеп отырып, өз-өзіңді қалай дамытуға болады? Ерекше балаларға арналған әлеуметтік жобаны қалай бастауға болады? Ерекше балалы ата-аналар қоғамдық бірлестігін қалай құруға болады? Іс-шараға келген 70-тен астам ата-ана баяндамашыларды қызығушылықпен тыңдап, осы және өзге де сұрақтарға жауап алды. Шараға қатыса алмағандар үшін әлеуметтік желіде тікелей эфир ұйымдастырылды.
«Ерекше балалардың ата-аналарына арналған мұндай мотивациялық шараны бірінші рет өткізіп отырмыз. Инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі жобамызға міне 7 жылдан артық болды, және осы айтулы күні біз ата-аналар үшін ерекше бір нәрсе өткізуді ұйғардық, өйткені 2014 жылы бұл бағытты бастауға бізді ата-аналар ынталандырды. Расында, көп нәрсе, соның ішінде инклюзивті білім беру жүйесінде ата-анаға байланысты. Бүгін осында баласының әлеуметтенуіне, барынша көп мүмкіндіктерді пайдалана алатындай, оның қоғамда өз орнын табуы үшін мүмкіндігінше жағдай жасауға қауқары бар, жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын белсенді ата-аналар жиналды. Өз отбасы әлемімен, тек қана ерекше баласының қажеттіліктерімен шектеліп қалмай, алға тағы бір адым басып, білім алып, дамып, басқа ата-аналарға және олардың ерекше балаларына көмектесіп, әлеуметтік жобаларды іске қосып, қоғамдастық құрып, ерекше балаларға білім беру мәселелерінде сарапшы болған ата-аналар келіп отыр. Осы ата-аналар диагнозға жақында ғана тап болған ата-аналар үшін үлгі болсын, дейміз», - деп атап өтті «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
«Болашақ» қорының «Әрбір бала мектепке баруға лайықты» жобасы Қазақстанның мектептері мен балабақшаларына аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін әзірлеуге және енгізуге бағытталған. 2015 жылдан бастап Қазақстанның 17 өңірінде 46 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар 600-ден астам бала мектепке күнде баруға мүмкіндік алды. Жоба еліміздің 60-тан астам мектебін қамтиды. 3500-нан астам маман инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті, 400-ден астам жұмыс орны құрылды.
Аутизм туралы ақпарат тарату аясында 2022 жылдың сәуір айында «Болашақ» Қоры бірқатар іс-шараларды жоспарланған. Еліміздің қалаларында ғимараттарын, орталық көшелерін көк түспен (аутизм түсі) сәулеттік жарықтандыру бойынша «Көк түсті жақ» науқанына және елорданың сауда-ойын-сауық орталықтарында аутизм туралы ақпараттық бейнероликті орналастыруға дайындық жүріп жатыр; Pickle, Global coffee кофеханалар желісімен, Lanzhou мейрамханалар желісімен бірлескен қайырымдылық акциялары және басқалар.