Өткенге ой салып, ертеңімізді болжап, бүгінімізге шолу жасасақ қазақ журналистикасында ел ықыласына бөленген есімдер қаншама?! Сол жандар жайлы сөз еткенде көңілдің жайнап, ойдың сайрап, қаламның ұштала беретіндігі де жасырын емес. Оның ішінде, «азамат» деген атқа лайық болғанымен, жұмысы жақсы болса да отбасы шайқалған, мінезі жақсы болса да қызметі ақсаған, отбасы жақсы болғанмен дос-жараңдары қалмаған, елге сыйлы болса да артына мұра қалдыра алмаған азаматтар да бар. Бүгінгі күні үлгілі отбасын құра білген, адал жар, қамқор әке, мейірімді ұстаз, еңбекқор қызметкер, адал дос, дана қария, баршамызға үлгі бола білген – Әбілфайыз Ыдырысов көптің жадында мәңгі сақталмақ. Қайталанбас тұлға қасиетті қара шаңырақ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің озық түлегі, кейіннен қаламы қарымды қаламгер, ұлағатты ұстаз, публицист-жазушы, ғалым, тың еңбектердің авторы, зерттеушісі болғаны көпшілікке мәлім болғанымен, ол кісі жайлы жазылған мәліметтер енді ғана толысып келе жатқандығы, кейбіріне таңсық болып қалатындығы жасырын емес. Соның негізінде, жеке адамдар жайлы сөз емес, махаббат жайлы жыр мен сыр, заман жыры мен сыры берілген «Таңшолпан» роман-хикаятын талдап-саралай отырып, жазушы үніне құлақ түру – бүгінгі ұрпақтың парызы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, қаламгер, публицист, жазушы, профессор Әбілфайыз Ыдырысовтың «Таңшолпан» атты 4 томдық шығармалар жинағы – махаббат пен шынайылықты барынша аша білген озық туындылардың бірі. Жалпы, журналист шеберлігінің қалыптасуы мен дамуына қатысты бірнеше критерийлер басты назарға алынуы шарт. Ол крийтерийлер жазушымыздың туындысында толықтай сақталған. Әрі аса шеберлікпен жазылғанына да көз жеткізе аламыз. Мәселен, шеберлікке қатысты бірінші критерий – туындыға тақырып таңдай білу. «Таңшолпан» атауына зер салайық. «Оның зайыбы – Заря Мәлікаждарқызы! Заря сөзінің мән-мағынасы, аудармасы – Таң! Таң атауына келсек, ол әлемнің ақ аруы! Шолпан – жұлдыздың керемет сұлуы! Сонда Таңшолпан әлемнің қос сұлуының қосындысы, бірлігі болып шығады». Шынымен де кітаптың атауын оқыған сәтте, мұқабадағы берілген көк аспандағы сансыз жұлдыздар мен сап-сары жарық айдың бейнесі оқырманды тұңғиыққа жетелейді. Сол тұңғиық түбінде аппақ маржан тасы жатқандай сезім сыйлайды. Ол маржан тасқа тек кітаптың ішіне үңілгенде ғана жете алатынын көп оқырман аңғарары хақ. Кітаптың атауына кеңірек тоқталатын болсам, жазушы өмірдің соқпақ жолына тап болып, өзін іштей мүжіп жүрген кезден бастап жазылған жүрекжарды туындысы еді. Туындының басты кейіпкері – сүйікті жары Заряға арналған. Кітап: «Ол маған бар асылын сыйлады. Керемет сұлулығын қиды. Ғажап әнін тәркі етті. Өз ғұмырын арнады. Жанұяма алтын босаға боп бекіді. Жамандығымды жасырды. Жақсылығымды асырды» деген жолдарынан басталуымен кіршіксіз таза махаббатты, ақ сезімді білдіріп тұрғандай. Басты кейіпкерлер махаббаттары Төлеген мен Жібектен кем болмайтын екі жас – Алтай мен Таңшолпан. Алтай – жазушы Әбілфайыз, Таңшолпан – жары Заряның нақ өздері. Яғни, кітап басты кейіпкердің атымен аталған. Роман өз ішінде үш тарау мен бөлімдерге бөлінген. Тараулардың атаулары да ерекше тіркестермен құрылған, адамды еліктіріп әкетеді. Әрі жайма шуақ күнді, жайдары мінезді айқындап тұрғандай. Мысалы, «Бір-бірін іздеген аққулар», «Көгілдір көңіл – жазира көктем» атты тараулар болса, «Көгілдір жігіт», «Көгілдір қыз», «Жаным, сол!» деді ол» және т.б. бөлім атаулары құпияға толы сиқырлы әлемдей күй сыйлайды. Оларға қарап бірден жазушының жан дүниесінің кіршіксіз таза, алпауыт сезімге, нәзік көңілге, шексіз махаббатқа толы екенін аңғаруға болады. Кітаптың мұқабасына үңіле отырып, оның безендірілуіне соқпай кету жөн болмас. Сап-сары әсем бейнедегі ай мен сансыз жұлдыздар, төменгі жағында шексіз сезім кейіпкерлерінің жүрек пішіндес бейнелері ерекше тапқырлықпен берілген. Яғни, сол бозбала мен бойжеткенге қарап, шығарманың махаббат жайында екенін сезгендей боласыз. Сол мұқабадан түйген оймен бірінші бетін ашсаңыз, нәзіктікті аңғартатын көгілдір түспен берілген Әбілфайыз Ыдырысовтың әйеліне деген кіршіксіз махаббатынан, көркем сыйластығынан, ақыл мен жүректің қосылып салған әнінен туындаған ғашықтық пен сырға толы жазбалары адамды өзіне елітіп әкетеді. Мұқабадан түйген ой мен жазбалардың қосындысы сізді махаббат төріне әкелгендей болады. Мұндай күй кешкен оқырман кітаптың ішіне қалай үңіліп кеткенін білмей де қалатыны айтпаса да белгілі. Титул бетіндегі жоғары жағында жазылған: «Сүйікті жарым – Заря Мәлікаждар қызына арнаймын. Автор» деген жазба бағанадан ойға түйіп келе жатқан түйсікті толықтырғандай әсер етті... Журналист шеберлігінің келесі крийтерийі – дерек және шындық. Ендігі кезек, кітаптың ішіне үңілгенде, барлығының шынайы өмірден алынғандығы, әсірелеу болмаса, бір түйір жалғандықтың жоқ екендігі, әрбір болған жайтты оқырманға түсінікті тілде хабардар етіп отыруы – жазушының тағы бір алғырлығын паш еткендей. Өзінің сүйікті жарын сипаттаумен басталған шығарманы оқи отырып, сол ғашық жандармен бірге ілесіп жүргендей боласыз. Әрі әрбір қадамдарын, бұрылып қарағандарын, көзқарастарын, іштегі ойларын, іс-әрекеттерінің бәрін еш жасырусыз ашық сипаттай білген. Соларға қарап отырып, кітаптан оқып емес, көзбен көргендей, сезімдерін шынайы сезінгендей күйге түсетініңізге күмәнім жоқ. Сонымен қатар, шындықты ешбір бүкпесіз жайып салғанына Алтайдың Нәзира деген қызбен араласып, ол жайлы ойлап, күмәнданған сәттерін де ашық суреттеп, мазмұндай білген. Мәселен: «Біраздан бері билемеген, соны сағынып қалған мен қолтығымдағы қыздың жеп-жеңіл шүйіріле айналғанына, икем-ырыққа тез бейімделіп, беті алаулап қызарғанына, жігіт емеспін бе, сәл елтіңкіреп әрі тәуір билей алатынымды танытқым кеп, алғаш шыққан биді айтарлықтай беріле биледім». Жазушы шеберігінің келесі крийтерийі болып тапқырлық шеберлігі ұсынылады. Жоғарыда көрсетілгендей, романдағы әрбір оқиға желісі бір-бірімен сабақтаса, бірін-бірі толықтырып ерекше тапқырлықпен құрылған. Осы негізде жазушы үшін тіл шеберлігі қажет. Ол – ойды көркемдеп жеткізу ғана емес, көңілдің көрікті ойын оқырманға ұсына алу шеберлігі. Әбілфайыз Ыдырысұлының бұл романынан да ол шеберлікті анық байқай аламыз. «Сол өз Жібектерімізді» жанпида сүйе де, сыйлай білдік пе, ғұмыр бойы? Қазіргі әлпештеуіміз қалай оларды? Көздері кіреңкелі, беттері әжімді, аяқ-қолы сырқыраулы, жүректері қағулы, қысқасы «қырық аурулы», бергісінің біразы кем дегенде егде тартқан, арғысы кәрілік қамытын киген, балаларымыздың анасы, келіндеріміздің енесі, немерелеріміздің әжесі болған сол «жібектеріміз» бен «баяндарымызды», сол «еңліктеріміз» бен «мамырларымызды» – өзіміздің кешегі, кезіндегі сүйікті де сүйкімді теңі жоқ сұлуларымызды, бүгінгі «сумұрындарымызды» қай көзбен көріп, қалай қадірлеп отырмыз, дәл қазір?!» деп жазушы романның ең алғашқы бетінде де, соңғы бетінде де оқырманыма жетсе екен деген ниетпен өз ой-сезімімен бөліскені көрінеді. «Таңшолпан» роман-хикаятына тілдік және стильдік тұрғыдан талдау жасайтын болсақ: Роман көркем әдебиет стилін қамтыған, себебі: ой және сезім образ арқылы бейнеленген. Өз ойын тіл құралы арқылы жеткізе білу, соның ішінде, роман – жазушының өмір тануынан, дүние сезінуінен, көзқарасына сол өмір фактісін жинақтап, қорытып бейнелі тілмен жазу мәнерінен құралған. Сөздер сараланып, белгілі стильдік мақсатта қолданылған. Көркем сөзбен жазылған көркем шығарма – өмір фактілерін барлық аумағында толық қамтитын жанды организм саналады. Яғни, өмірдегі барлық құбылыстар ашық та айқын түрде, оқырман қолына ұсынылған. Әр ақын-жазушылардың өзіндік ерекшелігі болады. Ақын-жазушылардың өзіндік стиль ерекшеліктері, жазу мәнері, жалпы халықтық тілдің негізінде қалыптасып жетіледі. Жазушының стиль ерекшелігі – жалпы халықтық тілдің жалғасы ретінде дамитын әдеби тілдің маңызды бөлшегі. Әбілфайыз Ыдырысұлының туындыларының стилі қарапайымдылықты паш етіп тұрады. Ешбір үйіп-төгілген диалектизм, неологизм, метафораны байқамайсыз. Қалай бар, солай баяндалған. Қарапайым күнделікті қолданыстағы ортақ сөздермен жазылған. Дегенмен, бұл сөзбен романның құны жоқ деген мағынаны айтпаймыз. Өзге жазушылардан артықшылығы – қарапайым баяндау арқылы оқырманды өзіне баурап ала алуы, көңіліне де, жүрегіне де айтайын деген ойын нақ жеткізе алуы, әр іс-қимылды барымен сипаттау арқылы ерекше әсер қалдыра білуі. Өзінің өміріндегі қандай жағдай болмасын, ой, ішкі сезім мен талас-тартысты, қызығы мен шыжығы мол оқиғалардың әрқайсысын асқан шеберлікпен суреттей отырып, оқырманға шынайы жеткізе алғандығы кез келген жазушыда болатын шеберлік емес. Алғаш романды бастап оқығанда, жазушының әңгімені жеткізе алу таланты соншалықты, кітап оқып отырған емес, дәл өмірді өз көзіңізбен көріп отырғандай күйге бөленесіз. Қос жұбайдың арасындағы сырға толы кіршіксіз пәк махаббаттан құралған әңгімелері өзіне елітіп, «Қандай керемет десеңші! Мұндай адалдық пен сыйластыққа толы махаббатты кездестірудің өзі мұң ғой!» деген ойлардың шырмауына амалсыздан түсіп қаласыз. Мәселен, мына бір жолдарға назар аударып, сол күйді өзіңіз де сезінуге тырысып көріңіз: «Таңым! – дедім, оны еркелете. – Әлгі айтқаныңның бәрі дұрыс, бәрі рас. Солай ойлағаным рас. Қорыққаным да, шошынғаным да рас! «Мен үшін сен талантыңды тәрік етер ме екен?! – деп қиналатыным да өтірік емес! Енді несін жасырам!..», «Аңғалым! Кең жүрегім, сол! – деп күрсініп алды. Кәгәм жайлы айтқанымды әлі есіңде сақтап жүр екенсің ғой! Оныңа мың рақмет! Сонсын, менде Кәгәм айтқан: «Маңдайымда қаспақ» бары рас! Бірақ ол «қаспақ» – ырыс, бақыт! Сол ырыс, бақыт – сенсің!.. Сен – менің өмірімнің ырыс-бақытысың! Сондықтан мен сол өмірлік ырыс-бақытымнан айырылам ба?! Айырылмаймын! Ендеше алдын ала айтайын. Егер сен: Мені тұтқындап ұстамайын! Сайраған сандуғашты еркіне, бостандыққа жіберейін! – деп ойлар болсаң, тіпті солай ойлап та жүрсің, оған айтарым, осы! Мен сен үшін – ғұмырлықпын! Өзімді де, әнімді де саған біржола арнағам!». Берілген кішігірім бөлігінің өзінде, тасыған өзендей тулаған сезім өзені мен алып мұхиттай сенімділік пен сыйластық қай жанды болмасын елең еткізеді. Осы сезімді бастан өткерген әр оқырман, іштей жазушының талантына бас игендей болары хақ. Негізінен, функционалдық стильдің бір тармағы саналатын көркем шығарма тілін лингвостилистика тұрғысынан зерттеуде мыналарды есте ұстау қажет:
- «автор образы» дегеннің көрінісі;
- Баяндаудың түрлері;
- Кейіпкерлердің сөзін беру (кейіпкерлерді сөйлету) принциптері;
- Кейіпкерлер тілі мен автордың өз тілінің көрінісі.
Жібек Құдайбергенова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 3 курс студенті