Кеше Шығыс Қазақстанда жүк пойызының жолдан шығып кетіп, 11 вагонның жерге, алтауының Ертіс өзеніне құлағаны хабарланған еді. Оның ішінде мыс-мырыш тиелген екі вагонның Ресей Федерациясына, қож (шлак) тиелген 16 вагонның «ҚазцинкТемірТранс» ЖШС-іне тиесілі екені белгілі болды. Оқиғаның себебін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Іnbusiness.kz сайтының жазуынша, зардап шеккендер жоқ, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
«3 сәуірде сағат 12:04-те Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен-Күмістау» теміржол учаскесінде жүк пойызы рельстен шығып кеткен. Пойыз 37 шақырым сағат жылдамдықпен жүріп келе жатқан. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Көлік және жүк пойыздарының қозғалысына кедергі келген жоқ. Оқыс оқиғаның мән-жайын анықтау үшін «Қазақстан темір жолы» ҰҚ» АҚ басшылығы өкілдерінен жасақталған комиссия құрылды» делінген акционерлік қоғам таратқан мәліметінде.Облыстық Экология департаменті өкілдері пойыз рельстен шыққан аумаққа арнайы құрылғылармен өлшеу жүргізілгенін хабарлады. «Экологиялық кодекске сай қалдықтар қауіпті және қауіпсіз деп екі түрге бөлінеді. Бізге қождардың құрамын анықтау қажет. Жұмыс нәтижесі туралы алдағы уақытта хабарлаймыз», – деді департамент өкілдері.
Шығыс Қазақстан облысы