Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мемлекеттік білім беру гранттары бойынша ауыл квотасының 35 процентке өсетінін мәлімдеді.
– Биыл біз ауыл квотасын 35 пайызға дейін көбейттік. Осылайша, квота тағы 5 пайызға өседі. Үкіметке тиісті ұсыныс енгізілді, – деді Ерғалиев мәжілісте өткен үкімет сағатында. Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша ауыл квотасы көп жағдайда игерілмей жатады. Оны жыл сайынғы статистика да растаған. Себебі мектеп түлектері ондай мамандықтарға құжат тапсырмайды. – Гранттар жетіспей жатқан жоқ, мемлекеттік тапсырыс жетеді. Мәселе мынада, жастар ауылдағы мамандықтарға бармайды. Жалақысы аз, статусы төмен, әлеуметтік пакеті де мардымсыз. Бұл – үлкен проблема. Мысалы, былтыр 21 процент грант игерілмей қалды, – деді Ерғалиев. Ауыл квотасының нақты мамандықтары беріледі. Оны үкімет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарай анықтайды. Ал байқау кезінде гранттардың 30 пайызы тек ауыл балаларына бөлінеді. Биылдан бастап оның көлемі 35 пайызға өсті.