Украина-Ресей қарулы қақтығысы басталғалы Қазақстанға ағылған Ресей мен Украина азаматтарының саны айтарлықтай өскен. Әсіресе келгендер арасында ресейліктер көп. Қазірдің өзінде Қазақстанға жұмыс істеу және өмір сүру мақсатында бірнеше мың ресейлік азамат келген. Қазақстанға бұл жағдай қалай әсер етуі мүмкін? Ел тұрғындарының алаңдауына негіз бар ма? Көбіне елге IT-индустрия қызметкерлері, кәсіпкерлер, фрилансерлер және басқа да салаларда жұмыс істейтін ресейлікер мен украиналықтар көшіп келуде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов ОКҚ брифингінде қазіргі таңда Қазақстанда 100 мыңнан астам Ресей азаматы тұратынын, олардың 6 мыңнан астамы жұмыс істеу мақсатында келгендер екенін хабарлады. – Елімізге жоғары білікті мамандар және ЦДИАӨМ бастамасымен ірі IT-компаниялар келеді. Сондай-ақ InDriver Қазақстанға келіп кеңсесін ашпақ. Бұл білім импорты, құзыреттілік импорты, – деді Ержан Біржанов. Ол халыққа жұмыс орнынан айырыламыз деп алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті. Вице-министр білікті мамандар қазақстандықтарды жұмыс істеуге, жаңа қабілеттерді игеруге үйрететін, сонымен қатар жаңа кәсіпорындар ашып, қосымша жұмыс орындарын құратынын және бюджетке салық төлейтінін қоса айтты. – Келушілердің басым бөлігі консалтингке, IT-салаға, IT-шешімдерді әзірлеуге, ақпараттық қауіпсіздікке маманданған азаматтар. Менің ойымша, бұл керісінше, жаңа жобалардың тезірек іске асуына көмегін тигізетін болады, – деді вице-министр. Біржанов Қазақстанға басқа елден келетін азаматтар саны және олардың келудегі мақсаты қатаң бақылауда екенін атап өтті. Осы орайда аталған мәселеге қатысты экономист Мақсат Халық өз пікірін айтты. Оның пікірінше ресейліктердің көптеп көшіп келуі елдегі жұмыссыздық деңгейінің артуына себепші болуы мүмкін.
– Ресми деректерге сәйкес Ресейден келген азаматтар саны украиналықтарға қарағанда көп, шамамен 105 мыңға жуық. Олар негізінен Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына келіп қоныстанып жатыр. Қонақ үйлерде орын болмай жатқан көрінеді, сондай-ақ көбінесе үй де сатып алып жатыр. Осы жағдайға байланысты үй жалдау құны мен баспана бағасы айтарлықтай өскен. Баспана сатып алу мен жалға алу бағаларының өсімін аталған жағдайдың кері әсері деп айтсақ болады. Сонымен қатар жұмыссыз адамдар санының көбеюіне де әсер етуде. Жақында шыққан ресми статистикалық дерек бойынша елімізде 25 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алуға өтініш берген. Соның ішінде 18 мыңы бірінші рет өтініш беріп отырғанын айтқан. Демек, бұл жағдай елдегі жұмыссыздық деңгейінің өсуіне әсер етіп жатыр деп айтуға негіз бар. Біз Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақта болғандықтан Одақ келісіміне сәйкес ресейліктер біздің елімізге келіп еркін жұмыс істей алады. Сондықтан бұл жағдайды реттеу аздап қиындау. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтық беру мәселесін күшейтуі керек деген ұсыныс айтылып жатыр. Мен бұл ұсынысты толық қолдаймын, қазіргі уақытта бұл бізге керек. Аталған мәселенің пайдалы тұсы ретінде бір ғана жағдайды айта аламын. Көпшілігіне белгілі, Ресейден 400-дей компания кетіп қалды. Соның ішінде KPMG компаниясының өзінен 9 мың қызметкер кеткен. Ол азаматтар мықты аудиторлар, қаржыгерлер, аналитиктер. Егер олар Қазақстанға келіп, біздің елге үлес қосып жатса, елде белгілі бір дәрежеде еңбек өнімділігі жоғарылап, компаниялардың немесе қаржы секторының тиімді жұмыс істеуіне үлестерін қосуы мүмкін – дейді Мақсат Халық.