Жанерке Зейлбекова Түркістан облысы Келес ауданы Біртілек ауылдық округіне қарасты №9 Көлтоған жалпы орта мектебінде оқиды, – деп жазады inform.kz. Ол 9-сыныптан бастап ағылшын тілін меңгерген. Мақсаты Назарбаев университетіне түсу еді. Ол былтыр шетел университеттері жариялаған онлайн олимпиадалар мен конкурстарға қатысып, үздік атанды. Нәтижесінде, АҚШ-тағы 8 университеттен оқуға шақырту алып отыр.
«Жанерке мектеп карантинде қашықтан оқу форматына ауысқан кезде уақытын босқа өткізбей, ағылшын тілінен қосымша сабақтарға қатысып жүрді. Репетитордан онлайн дәріс алды. Ешқандай гимназия, лицей емес, жалпы білім беретін мектепте оқиды. Бостон, Нью-Йорк, Чикаго қалаларында орналасқан жоғары оқу орындарынан шақырту келді. Бүкіл ауыл қатты қуанып жатырмыз», – дейді мектеп директоры Қалдыгүл Тұрсынбекова.Жанерке Зейлбекова алдағы емтихандарға дайындалып жатыр. Құжатын Түркиядағы университетке тапсырған. Болашақта дәрігер болуға талаптанып отыр.