Жыл толды ақын жүрек тоқтағалы
Жыл толды ақын жүрек тоқтағалы
312
оқылды
Есенғали Раушановтың өмір­ден өткеніне жыл толды. Елі жоқтауда әлі... Есенғали мінезді ақын еді. Ақын інісіне абыз Әбіш былай деп мі­нездеме берген: «Жүріс-тұрысы нар тай­лақ сияқты болғанымен, бойында көш бас­тай­тын көсем түйенің мінезі бар. Ша­ңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсынбайтын қазақтың нағыз атанжілік ақыны. Оның өлеңін оқыған кезде біздің құлағымыз жөндеп ести алмай қалған баяғы қариялар қайта тіріліп кеткендей болады». Сөз-ақ! Сөйткен ақын қоғамның небір кердең кеселдерін жүрегінен өткізген екен. Бір сұхбатында «Біз идеологияға бағыну ор­нына белгілі бір топтардың қызығына, со­лардың таным-талғамына, солардың ин­теллектісіне бағытталған, соған шақ­тал­ған, соған лайықталған қоғам құрдық. Бүкіл нәрсені осы жерден іздеу керек шы­ғар деп ойлаймын. Әдебиеттің жағдайы на­шар деп отырмыз, былайғы жерде бұдан да нашар болады. Өйткені бүгінгі қоғам – өзгерісті талап етіп тұрған қоғам», – деп қаңтар дүрбелеңіне дейін-ақ қоғамның қотыр жарасын тырнап ашып беріпті. Алғашқы жыр жинағы «Бастау» деген атпен 1980 жылы жарық көрді. Одан кейін «Келінтөбе», «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі», «Қара бауыр қасқалдақ» атты жыр кітаптары сыршыл әлемге оқырманын үйіріп, тартып әкеткен. Есенғали Раушановтың халықтық аңыз, мифологиялық желіде жазылған «Ғайша бибі», «Түн деген Көрұғлы», «Нұқ пайғамбардың кемесі» туындылары «Бая­ғы қариялар қайта тіріліп кеткендей» түп­сана көкжиегіне жетелей береді. «Нұрдан жаралған» романы, құстар табиғатын сөз еткен этнографиялық новеллалары өзгеше бір арна. Ақынның көптеген өлең, поэмасы орыс, литва, украин, болгар, чех, өзбек, қыр­ғыз тілдеріне аударылған. Өзі де шебер аудармашы. Өзбек тілінен ортағасырлық мұра «Темір жарғыларын», Хамза Ниязи өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетті. Ақын қазіргі әдебиеттің жайын ойлап, жиі күйзелетін. «Әдебиеттің есік терезесі ашық-шашық. Абай айтқан, «Көрінген ит кетеді бір-бір сарып» деп. Әдебиетіңіз бүгінде шешек шығып, шетте қалған бір үй секілді, кез келген адам келіп, керегін алып, шығып кетіп бара жатады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Қан­шама халтурщик жастарды дайындадық, дайындап келе жатырмыз. Жастарға бері­летін мемлекеттік «Дарын» деген сыйлық бар. Оны кім береді, комиссияның мүше­лері қандай, мен оны білмеймін. Әде­биет­тің тағдырын шешіп отырған адамдарды танымаймын. Бірақ олар жазушы-мем­ле­кет қайраткері, жазушы-қоғам қайраткері болып есептеледі. Абай айтады тағы да, «Сонда жауап бере алман мен бейшара» деп. Содан мен ұятты қойып, «ол жазушы ма еді, қандай жазушы еді?» деп сұраймын. «Иә, жазушы ғой, бірдеңе деген повесі шыққан» деген жауап естимін», – деп көкіректегі шерді қалың жұртқа ақтарып салғанын да білеміз кезінде. «Солай, тамыр, тек жақсылық тос күнде, Келсін мейлі, жұт егіз. ...Қазақстаннан әулие емес ешкім де, Күтеміз!» – деген әйгілі жыры жұрт көкейінде жаттаулы. Қаттаулы тарихты бір басына сый­ғыз­ған қайран Ес-ағаң нағыз кемел шаққа кел­генде келместің кемесіне кезексіз мініп кетті. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегманов ақын қайтқанда: «Көктем. Кеңсай. Есенғали Раушановпен қоштасу» деп жоқтау жазып еді. Жоқтау өлеңінде: «Тар лақатқа неғайбіл сиярыңда, Нені ойладың жалғанды қиярыңда. Кетіп қалдың есімді жиярымда, Көктем сайын ұшасың құсқа айналып, Көкмойнақ жыр қалқиды қиялымда» деп жоқтаған-ды. Есенғали ақын мен Қа­сым­хан Бегмановтың жастық шағы бірге өтті. Өлең дейтін өлкенің де есігін қатар ашқан. Сол бір күндер сағынышқа айналарын ақын Қасымхан Бегманов осыдан бір жыл бұрын сезбеген де болар. «Есенғали Раушановпен бірге бүкіл жастық шағым өтті. Екеуміз жақсы дос бол­дық. Есенғалисыз бір жыл өте шы­ғып­ты. Алматыда асын өткіздік. Есенғалидай мық­ты ақыннан айырылып қалу қазақ хал­қы­ның жүрегіне үлкен салмақ түсірді деп есеп­теймін. Өзімнің де жүрегіме ауыр сал­мақ түсті. Мұндай ақыннан айырылу – ­ұлт­тың үлкен қайғысы. Өткен ғасырдың 80-жыл­­дары барлығымыздың өлең кіта­бы­мыз бірге шықты. «Бастау» деген атпен. Шәм­­шия Жұбатова, Әбубәкір Қайран, Мейірхан Ақдәулет, Әділғазы Қайырбеков, Есенғали Раушанов, бәріміздің өлеңіміз бар. Бізге редактор болған Өтежан Нұр­ғалиев пен Күләш Ахметова апайымыз. Жұмекен Нәжімеденов рецензия жазды. Көп ақын­ның ішінен бес-алтауын іріктеп алған да Жұ­мекен аға болатын. Сөйтіп, Жұмекен ақын­ның алғысөзімен, Өтежан ақынның ре­дакторлығымен алғашқы ­кі­та­бымыз жарық көрді. Есенғали менің жас­тық ша­ғым­­­ның куәсі деп айтар едім», – дейді ақын. Қасымхан ақын мен Есенғали ақын бірге талай жерді шарлады. Елді ғана аралаған жоқ, алыс-жақын шетелдерде де бірге жүрді. Талай жолдан бірге өтті. «Есенғали өмірінде маған арнап үш өлең жазды. Әке-шешем Есенғалиды өз баласындай көретін еді. Ауылды жиі аңсап тұратын едік. Қолымыз қалт еткенде ауыл­ға тартып тұратын едік. Түркістанға, мен туған Бабайқорғанға жиі баратын. Былтыр ақын Бауыржан Бабажанұлы екеуміз Есенғали дүниеге келген Қарақал­пақ­станға, Қожеліге барып қайттық. Әу баста үшеуіміз бірге барамыз деп жоспарлаған сапар еді. Амал не, Есенғали ол арманына жете алмады. Сол өңірді, Төлеген Айбер­генов жатқан өлкені бір аралап қайта­йық­шы деп келісіп жүргенде оған нәсіп бол­мады. Есенғали жүрген мекенге сапар ше­гіп, Есенғали табаны тиген аймақты ара­лап қайттық. Есенғали Раушановқа деген сағыныш енді басталды. Күн өткен сайын адам ақынның рухына жақындай түседі. Оның поэзиясы мәңгілік. Қазір Бейнеуде Есенғали отырғызған бау бар. Сол бауға отырғызылған ағаштың бәрі Бабайқорғанның қаламшалары. Садыхан мен Уәлихан дейтін інілерім бар. Ұйым­дастыру жұмыстарының бәрін сол екі інім атқарды. Түркістанның тал-теректері бү­гінде Бейнеуде жайқалып тұр», – дейді. Қасымхан ақын айтқандай, Есенғали Раушанов та сағынышқа айналып барады. Оның өмірде досы да, сырласы да өлең болды. Раушановты іздеген жан оны өлең­дерінен табатыны анық. Ақын туралы ақын­нан артық кім айтар? Ертай Ашық­баевтың Есенғали ақын туралы жазба­сында: «Әрине, әдептен озған жоқ, әуелі социалистік реализмнің шарттарына онша қияс келмейтін бау-бақшаның қақпасын ашты. Дегенмен «Бастау» дейтін тұңғыш жи­нағына сол социализм туралы жылы лепесті ештеңе жарияламады. Бәлкім, жазғысы келмеді, бәлкім жазғысы келсе де, тартынды. Өйткені алдындағы аға-апалары тоталитарлық режим делінетін сол заманның өзінде «улы сия, долы қол­мен» талай нәрсені жазып кетіпті. Қай­талау, басқа салаға жарасар да, ал поэзия­да тіпті де ілімнің анасы емес. Сөйтіп, «…Қалай да саған, Уақыт, Оқуым керек бір өлең!!!» деген үш лепті сөйлеммен іркіле тұрды» деп жазады. Сонымен, бұл көктем – Есенғалисыз көктем. Бір түрлі мұңды көктем. Ақындар азайған сайын көктем де, келетін құстар да азайып бара жатқандай көрінеді... Құс қанатынан қарай алатын жандар азайып бара ма, әлде?!