Тасқынға тосқауыл бар ма?
Тасқынға тосқауыл бар ма?
244
оқылды
Аймақтағы жұрт бір айдан бері ұйқысыз. Атқамінерлер «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» деп жүр­ген­­де елді мекендерді түгел су алды. Жылдағы жағдай сол, көктем келісімен тұрғындар толарсақтан су кешеді. Елді әбігерге салатын тасқынға қандай тосқауыл бар? Ауа райын болжаушылар жауапты мекемелерді төтенше жағ­дайға алдын ала дайын болуға шақырды. Сөйтіп, республиканың барлық аумағында тұрақсыз ауа райы сақталса, су басу қаупі сақта­латынын барынша ескерткен. Бі­рақ қазіргі жағдайда тасқыннан зар­дап шекпеген өңір аз. Өткен жолы Түркістан облысының Же­тісай мен Мақтаарал аудандарында толассыз жауған жаңбырдың кесі­рінен тұрғын үйлердің аулалары мен көшелерін су басты. Апта бо­йы нөсерлеп төккен жауыннан үй құлап, ондаған елді мекен судың ас­тында қалды. Құтқарушылар тас­қын судың мөлшерін шама ша­р­қынша азайтқанымен, су сор­ғыштардың жеткіліксіздігінен асфальттан асқан су жеке үйдің ауласына кірді. Сондай-ақ қатты жауын-шашынның салдарынан Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан және Атырау облыстарының автомобиль жолдары судың ас­тында қалды. Қырдан келген қы­зыл суды ауыздықтауға кейбір ауыл­дық округтер мүлдем дайын бол­май шықты. Техника түгілі, қол­дарында күрегі жоқ әкімдіктің орнына ауыл азаматтары өз тех­никаларын жұ­мылдырып, су тас­қынына уа­қытша тосқауыл қойған. Бұдан бұрын тасқынға тас-түйін дайын деген Алматы қаласында да тұрғын үйдің жертөлелерін су басып жатыр.

Жедел штаб жұмыс жүргізуде

Алдыңғы аптадағы жағдайды айтпағанның өзінде соңғы күн­дер­де еліміздің бірнеше облысында тасыған судан тұрғын үйлер опы­рылып, мал қырылып жатыр. Төрт аяқ­ты­ны былай қойғанда, тасыған су­да адамдардың өзі суға батып жа­тыр. Кеше Батыс Қазақстан об­лыстық Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің басшысы Ернұр Ете­ге­нов 140 үй мен 2 әлеуметтік ны­­санды су басып, 168 бас ірі қара өл­генін растады. Аймақтағы алты ауданда жағдай шиеленісіп тұр. Қазір облыс орталығындағы Дер­құл, Шаған, Жайық өзендерінің жайылмасында орналасқан саяжай бірлестіктерін су басу қаупі басым. Күннің күрт жылынуы салдарынан Ақтөбе және Павлодар облыста­рында да жағдай күрделене түсті. Мә­селен, Ақтөбе облысындағы 8 автожол учаскесінде еріген қар суы тасыды. Салдарынан Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы 1 республикалық маңызы бар авто­жол мен 15 жер­гілікті маңызы бар автожолдардың учаскесін су ша­йып кетті. Қазір аймақтардағы қа­лып­тасқан су тасқыны жағ­да­йына бай­ланысты ТЖМ мен өңір­лерде же­дел штабтар жұмыс жүргізіп жатыр. су тасқыны «Қазгидромет» РМК мәліме­тінше, алдағы тәуліктерде Ақмола, ШҚО, Қарағанды, Қостанай, Пав­лодар, СҚО және Нұр-Сұлтан қа­лаларында да жаңбыр мен қар болуы мүмкін. Демек, алдағы апта­ларда да құтқарушылар кірпік іл­­мей қызметте болуы қажет. Сон­дай-ақ Түркістан, Жамбыл, Ал­ма­ты облысының таулы ауданда­рын­да­ғы өзендерде су тасып, қар көш­­кі­ні жүреді. Бұл туралы ал­дың­ғы ап­таның соңында қауіпсіздікті қам­тамасыз ету шаралары туралы БАҚ өкілдеріне баяндама жаса­ған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен өңірлердегі бір­қатар департамент басшысы айтты.

Су басу қаупі басым

Ведомство басшысы Юрий Ильин «су тасқыны ерекше бақы­лауда» екенін айтып, су тасқынына әсер ететін 60 су қоймасына мони­торинг жүргізілгенін жеткізді. Оның сөзінше, орталық пен сол­түстік облыстардағы су қоймала­ры­ның толу деңгейі 60-70%-дан ас­қан. Су басу қаупі басым 2 мыңға жуық елді мекеннің 197-і тасқынға дайын емес. Ал су тасуы мүмкін 1 010 елді мекеннің 285-інде қауіп-қатер әлі де сақталып тұрғанын айтып еді. Десек те, брифингте ай­тылған бұл сандар қазір сағат сайын өзгеріп жатыр. Қауіп-қатердің алдын алу үшін жүргізілген жұмыстар туралы баян­даған министр: «Қарағанды облы­сындағы Шерубайнұра, Кең­гір, Ақмола облысындағы Есіл, Қал­құтан, Сілеті, Ақтөбе облысын­дағы Қарғалы өзендерінің бас­сейн­де­рінде жинақталған ылғал қорының көлемі азайтылды», – дейді. Ал Ақмола облысындағы Жабай, Ша­ғалалы, Батыс Қазақ­стан облы­сындағы Шыңғырлау өзендерінің бассейндерінде жи­нақталған ылғал қорының көлемі қалыпты.

Төтенше жағдай министрлігі тас-түйін дайын

Көктем келсе, құтқарушылар­дан бұрын үдере көшуге сақадай-сай отыратын атбасарлықтарды Ақмола облысының атқамінерлері мен құтқарушылары әдеттегідей су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасып жатқанын және су бө­геттері тұрақты бақылауда екеніне сендіріп әлек. Тіпті, өңірдегі су тасқыны маусымына дайындыққа кеткен қаражат былтырға қара­ғанда 1,5 есе артқан. Ал Түркістан облысы Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасы да барлық қауіп-қатерге дайын екен. Ол үшін облыс аумағында 108 500 құм са­лынған қап, 1 296 тонна инертті және 65,8 тонна жанар-жағармай материалы дайын. Осы уақытқа дейін 300 каналда тазарту жұмыс­тары жүргізіліп, жергілікті атқа­ру­шы органдар мен Төтенше жағдай­лар департаменті тарапынан 2 065 жеке құрам, 400 техника, 6 қайық, 294 мотопомпа дайындыққа кел­тірілген. Алматы облысында да 43 елді мекенді су басуы мүмкін. Алайда аймақтағы су тасқынының алдын алу үшін 129 тонна ЖЖМ, 3 мың тоннаға жуық инертті ма­териалдар және 61 мыңнан астам қап дайын тұр. бөгет Бүгінде шығыстағы қар басқан аудан 85 пайызды құрайды. Қар­дың биіктігі 1 см-ден 133 см-ге де­йін. Аймақтың құтқарушылары «Бұқ­тырма су қоймасының реттеу­ші сыйымдылығы – 20 млрд 722 млн текше метр, Шүлбі су қой­масында – 611 млн текше метр, бұл Бесқарағай ауданы мен Семей қа­ласы елді мекендерінің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп отыр. Облыс ауданда­рында барлығы 108 су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталған. Дегенмен өңірдің құтқару күштері мен құралдары да кез келген қауіпке сақадай-сай тұр. Төтенше жағдайға дайындық барынша жүргенімен, өткен жыл­дан сабақ алмаған жергілікті ат­қа­мінерлер маусымдық алдын алу іс-шараларын тағы да естен шы­ғарған. Осылай деген министр уа­қытында шығарылмаған қар, тазарту көрмеген арықтар мен ка­налдар еріген қар мен жаңбыр суы тасуға себеп боларын айтты. Айт­қанындай болды. Қазіргі жағдайға қарасақ, тұрғындардың қарапайым ғана қағиданы естен шығарып, жеке үйлеріндегі аумақта тазарту жұмыстарын жүргізбеуі жағдайды қиындатып отыр. Тағы да табиғат­тың тосынсыйына дайын болмай шықтық. Себебі тілсіз жаудың ай­тып келмейтіні де ақиқат.

Енді қайтпек керек?

Көктемгі су тасқыны маусы­мын­да жұрттың есіне су бөгет­тері­нің жайы түседі. Өйткені судың тасуына дәл осы антропогендік фактор айрықша себеп. Депутаттар осы мәселе бойынша жақында ғана Үкіметке сауал жолдаған. Мә­селен, елдегі гидротехникалық құ­­рылыстарға күрделі жөндеу қа­жет.­ Оның үстіне, Ақтөбе обл­ы­сын­дағы Ойыл өзенінде 56 түрлі бөгет салынған. Оның кейбіреуінде құжат жоқ. Ертеңгі күні қауіп бол­са құқықтық құжаты жоқ бөгет­тер­дің иесін анықтау қиын. Ақтөбе об­лысының әкімдігіне тапсырыл­ған заңсыз кедергілерді алып тас­тау шарасынан кейін де 56 бөгеттің 6-ы ғана алынған. Қолданыстағы 653 гидротехникалық құрылыс­тардың 268-і шұғыл жөндеуді қажет етсе, су шаруашылығы объек­тілерінің 60%-дан астамы апат­тық жағдайда. «Қазсушар» РМК Эксплуатация және су пайда­лану бөлімінің басшысы Ербол Салықбаев бұл айтқанды жоққа шығарады. Алайда жауапты ма­ман­дар жөндеу жұмыстары су қой­малары жарылған жағдайда ғана жасалатынын өздері мойындайды. Оның сөзінше, қауіптілігі болған жағдайда ғана су бөгеттеріне жөн­деу жұмыстары жүргізіледі. «Су ны­сандарының көбісі салынға­ны­на 40 жылдан асқан. Оның бар­лы­ғына күрделі жөндеу өткізу мүмкін емес. Ағымдағы жөндеу жұмыс­та­рын кезең-кезеңімен жасап жа­тыр­мыз», – дейді Ербол Салық­баев. Мәселен, биылғы көктемгі су тасу маусымына су бөгеттерін даяр­лауға 179 миллион теңге жұм­салған. Бөлінген қаражат 204 ны­санның даярлығына ғана болмаса, күрделі жөндеуіне жетпейтіні он­сыз да белгілі. Сол үшін су тас­қы­нынан тұрғындар зардап шекпес үшін жергілікті атқарушы орган­дардың жұмысына жауапкершілік жүктеу керек. Әр су қоймасында су тасқынын өткізу үшін кемінде 25 пайыз сы­йымдылық болуы қамтамасыз еті­леді. Дегенмен бөгеттерге су өзен­дер мен жыралардан ағып ке­леді. Тасу қаупі жоғарылайды. Со­ған қарамастан жергілікті атқа­рушы органдар су арнасының бо­йына жөн-жосықсыз үй салуға рұқсат береді екен. Сондықтан су бөгеттері мен құтқарушылардың дайындығы тасқынға 100 пайыз тас-түйін дайын болғанымен, та­би­ғаттың тосын мінезі өз дегенін жасайды. Сол үшін жер учаскелерін пайдалануға рұқсат беру кезінде қажет болатын ереже қатаң еске­рілуі қажет. Осындай ұсыныс бұған дейін де талай көтерілді. Өкі­нішке қарай, «егер өзендер мен көлдердің жанындағы қандай да бір аумақ табиғи факторларға бай­ланысты су астында қалуға бейім болса, осы аумақта елді мекендер мен өндірістерді орналастыруға тыйым салу керек. Өзен жағасында құрылыс жүргізуге болмайды. Жер учаскелерін сатып алу-сату кезінде адамдар бұл тармақтарды білмеуі және ескермеуі мүмкін. Сондықтан тиісті заңмен бекітілген ереже қа­жет» деген депутаттардың жанай­қайы жауаптыларға жеткенін жылда су тасығанда ғана түсіндіріп, қашанғы жүре бермекпіз?