Тайтөбедегі жайылым үшін тайталас
Тайтөбедегі жайылым үшін тайталас
Елорданың іргесінде тұрса да, әлеуметтік мәселелерден көз ашпай келе жатқан ауылдардың қарасы азаяр емес.  Оның ішінде тұрғындарды толғандыратын жағдайдың бірі жайылым жердің тапшылығы болып тұр. Жердің тарлығынан қорасындағы бірен-саран малын да азайтуға мәжбүр болғандар да табылып тұр. Сондай ауылдардың бірі – Целиноград ауданындағы Тайтөбе ауылы. Еліміздегі ауылдардың айналасындағы құнарлы жерлердің көпшілігі кезінде «Ұс­та­ғанның қолында, тістегеннің аузында» кеткені рас.  Рес­ми деректерге сенсек, тек 2020 жылы ғана Ақмола, Қостанай, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстарында ғана 8 миллион гектардан астам бос жатқан жерлер анықталған. Космомониторингтік зерттеулердің нәтижесінде оның жартысы, яғни 4 миллионға жуығы мемлекет меншігіне қайтарылған. Шағын ғана Тайтөбе ауы­лында да латифундистердің жайын аузынан қалған азын-аулақ тулақтай жерлер қазір мал тұяғымен әбден шиырланып, тақырлана бастаған. Әрі жұрт мал жаятын жайылымдардың әрбірі әр жерде орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, оның өзі бар-жоғы 200 гектардан аспайды. Қалған жерлер не өзіне, не біреуге бергісі келмей тыраштанып отырған латифундистердің қолында тұр...

Тайтөбені ұлардай шулатқан Асқар кім?

Жайылым жер үшін тайталас Тайтөбеде талайдан бері қордаланып келеді. Әсіресе, сәуірдің таңы атып мал өріске шығатын қазіргі шақта жанжал мен дау жиі туындайды. Бірен-саран малына шауып алатын шөбі мен жаятын өріс таппай қызыл-кеңірдек болатын жұрт ақыры дауласып жүріп әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын құрыпты. Басты мәселеде тұрғындар өзара келісіп, мал басын аса көбейтпеуге де уағдаласқан. Алайда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық па әлде басқа себеп бар ма тайтөбеліктердің аузын аққа жеткізбей, онсыз да аз жайылымды тарылтқандар табылып тұр. «Жергілікті жұрт жайылым жердің тапшылығын әбден қиналып, ауыр зардабын тартып келеді. Кезінде тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда тайтөбеліктерді осында келген ІІМ  алдап кетті. Одан кейін жер біреуге жалға, біреуге былай беріле бастады. 2016 жылы аудан әкімі Малғаждар Тәткеев болып тұрған тұста «Сивка-Бурка» деген компания аудан әкімдігімен ымыраласып, 300 бас мал кіргізбек болған. Дауласып жүріп кіргізбей қойдық. Ал осыдан үш жыл бұрын ӘКК құрғанбыз. Тайтөбеде құрылған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациядағы 1000 гектар жердің шабындыққа және жайылымға қалғаны 200 гектарға да жетпейді. Ал кезінде «Бармақ басты, көз қыстымен» шұрайлы жерлерді алып алған «Ырзықты», «Фролов» деген латифундистердің қолында 20 мың гектардай жер бар. Не өздері пайдаланбайды, я біреуге бермейді. Шабындық жер айналасы 150 гектардың айналасы ғана. Ол жерден шапқан шөп көп дегенде 10 шақты үйге әзер жетеді. Ал жақында «Заңды» түрде біздің жерге кірген Асқар есімді кәсіпкер онсыз да жоқ жайылым жерімізді тарылтып кетті. Бір өзі жүз бас мал шығарады. Ал біз – тайтөбеліктер жайылым жер жетпеген соң бес сиыр да ұстай алмаймыз. Тіпті, осындай келісім де бар.  Асқар ешкімнің айтқанына көнбейді. Өйткені жоғарыда су тамбайтын «қақпағы» бар сияқты», – дейді Тайтөбе ауылының тұрғыны Рүстем Ахметов.

ӘКК-ге кіруге әркімнің құқығы бар

Ал аудан әкімдігі Қосшы ауылдық округінде құрылған «Тайтөбе» ӘКК-на әркімнің кіруге құқығы бар екенін айтып, ақталмақ болды. «Жайылым және шабындық жерлердің тапшылығына байланысты Қосшы ауылдық округінде 2019 жылы «Тайтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылған болатын. Онда тұратын округ тұр­ғыны жарғыға сәйкес аталған ӘКК-ге кіруге құқығы бар. 2020 жылы «Тайтөбе» ӘКК-не ауыл тұрғындарының малын бағуға жайылым және шабындық жер үшін 987 гектар жер ұсынылған», – дейді Целиноград ауданының әкімі Бахидбек Оспанбеков. Жайылым дауының тым шиеленісіп кеткені соншалық Тайтөбедегі жайылым үшін тайталас облыс әкімінің де құлағына тиген. Облыс әкімі апта ішінде мәселенің ше­шімін табуға тапсырма берді.

P.S.

Әзірге ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреген жайылым жайы Тайтөбеде ушығып тұр. Мал өріске шығып аузы көкке ілінгенде дау тағы басталмақ. Ал тиісті органдар мен жергілікті атқарушы органдар жағдайды қалай реттейтіні әзірге беймәлім...

 Ақмола облысы