Азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік – өзекті бағыт
Азық-түлік және энергетикалық  қауіпсіздік – өзекті бағыт
319
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев  пен  Энергетика министрі Болат Ақшолақовты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Ербол Қарашөкеев Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, фермерлердің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы туралы хабардар етті. Ведомство шаруалардың жанар-жағармай, тыңайтқыш, тұқым қорларымен қамтамасыз етілгендерін және техникалардың дайындығын қайта тексерді. Президент осы бағыттағы қаржыландыру көлемін 2 есе ұлғайту туралы шешім қабылдады. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық тауарларды жаңа нарықтарға шығару, аг­рар­лық ғылымды дамыту, көктемгі егісті са­палы жүргізу жөнінде бірқатар тапсырма бер­ді. Сондай-ақ жерді тиімді пайдалану үде­рісіне және пайдаланылмайтын жерлерді қай­таруға бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. Ал Болат Ақшолақов Мемлекет басшысына еліміздің отын-энергетика кешенін дамытудың негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумында (КҚК) қалыптасқан жағдайға байланысты қабылданған шаралар жөнінде есеп берілді. Энергетика министрі Президентке газ саласын дамытудың кешенді жоспарының пысықталу барысы туралы баяндады. Аталған жоспар халықтың әлеуметтік жағдайы төмен топтары үшін бағаны ұстап тұруды ескере отырып, сұйытылған газға баға белгілеу ісін жетілдіруді, ресурстар базасын ұлғайтуды, өңірлерді одан әрі газбен қамтамасыз етуді, Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін жаң­ғыр­туды және кеңейтуді көздейді. Қасым-Жомарт Тоқаев Энергетика министріне еліміздегі жылу энергетикалық нысандарда апаттардың жиілеп кетуіне, атап айтқанда Петропавлдағы екінші ЖЭО-дағы жағдайға қатысты мәселемен айналысуды тапсырды.