Қазақстанда жыл сайын шамамен 15 мыңға жуық табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай болып, 3-5 мың адам зардап шегеді. Мерт болатындар саны да аз емес. Өкінішке қарай, табиғи апаттардың «өзіндік құны» тек адам шығынымен, қираған мүлікпен өлшенбейді. Апаттардың ел экономикасына тигізетін кері әсері, келтіретін қаржылай шығыны да орасан. Жыл сайын болатын табиғи апаттар ел бюджетін қаншама қаражатқа «қағып» кетеді. Дегенмен шамамен алғанда қанша шығын келуі мүмкін? Қазақ даласының жағрафиялық ерекшеліктеріне байланысты елімізде жер сілкінісі, су тасқыны, көшкін, сел, құрғақшылық пен өрт шығу қаупі жоғары өңірлер аз емес. Қазақстанда, әсіресе зілзала қаупі орасан. Еліміздің 475 мың шаршы шақырымы сейсмикалық қауіпті аумаққа жатады. Осынау аумақтың 42,9 пайызында қуаты алты және одан да жоғары балға жететін жер сілкінісі болуы мүмкін. Қазір республиканың сейсмикалық белсенді аймақтарында 7 миллионға тарта адам өмір сүреді. Еліміздің ең ірі қаласы Алматыда 200 мыңға тарта тұрғын сейсмикалық тұрғыдан осал үй-жайларда тұрып жатыр. Егер қуатты зілзала бола қалса, бұл ғимараттардың төтеп бере алар-алмасы белгісіз. Мұндай қауіптен әлеуметтік нысандар – мектеп, аурухана, балабақша және басқа да қоғамдық мекемелер де толық қорғалған дей алмаймыз. Ал тарихқа көз жіберсек, Алматыда 1911 жылы болған жер сілкінісінен келген шығын 20 миллион долларға жеткен. Сарапшылардың айтуынша, біздің мемлекет бүгінге дейін зілзаланың салдарынан 1 миллиард доллардан астам шығын шеккен. Сондай-ақ Қазақстанда су тасқыны да жиі болады. Олардың бүлдіргіштік күші зілзала сияқты жойқын болмағанымен, оның да экономикалық залалы орасан. Мәселен, 2005 жылы су тасқынының зардабы 7,6 миллион долларға бағаланса, 2008 жылы ол 100 миллион долларды, 2010 жылы 53 миллион долларды құрады. Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасының жарылуы экономикалық шығындармен қатар, адам өліміне де апарып соқты. Сол кезде 45 адам қаза тауып, 300 адам жарақат алған, 2 мың адам басқа жерге көшірілген. Үкімет қаза тапқандардың отбасыларына 500 мың теңгеден өтемақы төледі. Сондай-ақ 2020 жылы Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, тасқын Түркістан облысының Мақтаарал ауданының бір аумағын басып кеткені естеріңізде болар. Бұл кезде 1 мыңнан астам үйге зақым келіп, 31 мың адам эвакуацияланды. Айта кетейік, елімізде су тасқынынан ғана жыл сайын 300 мыңға жуық адам жапа шегеді. Күні бүгінге дейін одан қазынаға 3 миллиард доллар шығын келген. Одан бөлек, жыл сайын дала мен орман өртенетіні бар. Айталық, 2021 жылы Қазақстанда 712 орман өрті тіркелген. Ал өртенген орманның жалпы ауданы 148,7 мың гектарды құрапты. Келтірілген шығын көлемі болса 4,6 млрд теңгеге жетіпті. Бұл дегеніңіз, 2021 жылдың дерегі. Демек, соңғы 10 жылдағы орман мен дала өртінен келген шығынды есептесек, қаржы көлемі еселеп өсуі мүмкін. Одан бөлек, табиғатта түрлі індет тарап мал, кейде жабайы жануарлар қырылып қалатыны тағы бар. Мәселен, 2015 жылы Қазақстанда 200 мыңға жуық киік қырылды. Жыл сайын түрлі өзен-көлдерде балықтың қырылып қалатынына куә боламыз. Былтыр тұтас аймақтарды құрғақшылық жайлағаны бар. Бір ғана Маңғыстау өңірінен өлген малдың саны 5 мыңнан асып жығылған. Әрине, мұның бәрі табиғи апат саналғанымен, олардың сипаты бөлек. Зілзала, су тасқыны, өрт, қар немесе топырақ көшкіні тәрізді қиратқыш сипатта болмайды. Сондықтан есеп-қисапқа ауру-сырқау, құрғақшылық тәрізді жұттардың «құнын» қоспадық.
Саланың жеке министрі болғанмен...
Елдегі төтенше жағдайлармен күрестің нәтиже бермеуі, соңғы 5-6 жылда үздіксіз қайталағанға су тасқыны, дала және орман өрті тәрізді табиғи катаклизмдермен күресте Үкіметтің дәрменсіздігін ескерді ме, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы Төтенше жағдайлар ведомствосын Ішкі істер министрлігінің құрамынан алып, өз алдына жеке министрлік етіп құру туралы Жарлық шығарды. Сөйтіп, азаматтық қорғаныс саласына қан жүгіргендей болған еді. [caption id="attachment_190811" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Тіпті, төтенше оқиғалардың алдын алу, оның зардаптарын жою ісі біршама жақсара түскендей. Соның әсері де шығар, 2020 жылы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан келген материалдық шығын 7,3 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін азайған. Түрлі апаттардан құрбан болғандар саны 10,8 пайызға төмендеген. Өндірістік өлім-жітім – 36 пайызға, ауыр жарақаттар 9 пайызға кеміген. ТЖМ басшысы Юрий Ильиннің айтуынша, 2021 жылы республика бойынша 12 мыңнан астам төтенше жағдай тіркелген. Ол оның алдындағы жылмен салыстырғанда 8 пайызға азайған. Былтыр құтқарушылар төтенше жағдай орнына 76 мың рет шыққан. Авиация төтенше оқиғалардың алдын алу үшін 1 мың рет ұшып, 632 науқас санитарлық авиациямен тасымалданған. Бірақ бұл деректердің барлығы табиғи апаттарға байланысты емес екенін де ескерген дұрыс. Былтыр Жамбыл жерінде әскери қойма өртеніп, жарылыс болды. Ал оны мамандар техногендік апат қатарына қосады. Біздің пайымдауымызша, тиісті сала мамандары техногендік сипаттағы апаттардың алдын алу жағына айрықша көңіл бөлгені дұрыс еді. Өйткені техногендік апаттың зардабы мен шығыны да аз болмайды. Ал табиғи апаттар әдетте алдын ала болжау қиын, тиісті саланың дайындығын ұдайы пысықтап отыруды қажет ететін құбылыс. Оның алдын алу үшін төтенше жағдайлар саласы мамандарынан бастап әкімдер, мекеме басшылары қырағы болуы қажет. Дегенмен ТЖМ құрылғаны апат шығындарын сәл де болса азайтқаны көңілге демеу болатыны жасырын емес.Төтенше жағдай өтемақысы 7 млрд теңге
Сонымен, әу бастағы сауалға оралайық. Сөз басында табиғи апаттардан келетін шығын көлемін деп басып айту мүмкін емес екенін атап өттік. Дегенмен сарапшылар табиғи апаттардың салдарынан Қазақстан экономикасына жыл сайын орташа есеппен 15-16 миллиард теңге шығын келетінін алға тартады. Одан бөлек, төтенше жағдайларда өтемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен арнайы қарастырылатын қаржы тағы бар. Мәселен, ТЖМ мамандарының айтуынша, биыл төтенше жағдайда өтемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 7 млрд теңге қарастырылыпты. Демек, от пен судан төнетін қауіптің алдын алу, зардабын жою дейсіз бе, әйтеуір шығын аз емес. Айтпақшы, осы тұста «табиғи апат шығындары қалай есептеледі?» деген сауал да көкейде тұратыны бар. Сөйтсек, шығындар белгілі бір нормативтер негізінде есептелетін көрінеді. «Төтенше жағдайлар кезінде туындаған шығындар нақты нормативтер бойынша есептеледі. Сол арқылы расталған шығын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға арналған Үкімет қорынан, әртүрлі деңгейдегі жергілікті бюджеттен бөлінеді», – деді Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дамир Ермағанбетов. Бір сөзбен айтқанда, табиғи апаттардың зардабын жоюдың өзіндік әдіс-амалы бар екен. Одан бөлек, сақтандыру нарығы бар. Ол бірақ басқа әңгіме.Р.S. Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы келтірген мәліметке сәйкес, соңғы 50 жылда әлемде табиғат апаттары 5 есе жиілей түскен. Сарапшылар мұны климаттың өзгеруімен тікелей байланыстырады. Соның салдарынан 2 миллионнан аса адам опат болған. Материалдық шығын көлемі 7 есе артқан. Тек былтырдың өзінде табиғи зауалдардан келген шығын 250 миллиард долларды құраған. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп. Демек, табиғи апаттардан сақтану мәселесі күн өткен сайын өзекті болып келе жатыр деген сөз.