Жамбыл облысының әкімі лауазымына Нұржан Нұржігітов тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. "Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі лауазымына тағайындалсын" деп жазды Мемлекет басшысының ресми сайты. Нұржан Нұржігітов 1967 жылы дүниеге келген, білімі жоғары. 1991 жылы Еңбек Қызыл Ту орденді Ленинград ауылшаруашылық институтын "Инженер-механик", 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін "Экономика" мамандығы бойынша бітірген.Техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры. Еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы М.Горький атындағы колхозында механик болып бастаған. Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы сынды қызметтерді атқарған. Одан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, Байзақ ауданының әкімі болып жұмыс істеген. 2021 жылғы сәуір айынан бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен.