Үндістанда жерлеу рәсімі өткен ер адам "тіріліп", үйіне қайтып келген
Үндістанда жерлеу рәсімі өткен ер адам "тіріліп", үйіне қайтып келген
©sputnik.kz
Үндістанның Тамилнад штатының тұрғыны өзінің жерлеу рәсімінен соң, ертеңінде үйіне оралған. Бұл туралы Lenta.ru. хабарлады.  Басылымның жазуынша, 55 жастағы жалдамалы жұмысшы Мурти Тируппур қаласына қант құрағын тазартуға кеткен. Алайда ол бірнеше күн бойы жақындарына хабарласпаған, үйіне де оралмаған. Содан туыстарының бірі ер адамның отбасына қоңырау шалып, оның мәйіті автобус аялдамасына жақын жерден табылғанын айтқан. Мәйітті көрген ұлы, әкесі екенін растаған. Полиция оқиғаны тіркеп, ер адамның денесін отбасына берген. Жерлеу рәсімінен бір күн өткен соң, Мурти күтпеген жерден үйіне оралған. "Ол үйге кіріп келгенде өз көзімізге сене алмадық. Барлығымыз шошып кеттік", - дейді ер адамның туыстары. Енді полиция жерленген адамның нақты кім екенін анықтау үшін қайта тергеу жұмыстарын жүргізбек.