Мегаполистегі Төле би көшесінің бойында бірнеше бағдаршам бір уақытта істен шықты. Салдарынан шамадан тыс автокөлік кептелісі орын алды. Куәгерлердің айтуынша, Розыбакиев көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі аралықтағы бағдаршамдар жұмыс істемей қалған. Сонымен қатар, Әуезов көшесінің бойында, Төле биден Құрманғазы көшесіне дейінгі аралықтағы бағдаршамдар да сөнгені хабарланды. «Алатау жарық» компаниясының мәліметінше, оқиғаға электр қуатының белгісіз себептермен бірден өшуі себеп болған. Олардың айтуынша Айманов – Төле би – Әуезов – Қарасай батыр көшелері жарықсыз қалған.
«Электрдің өшу себебі анықталуда. Екі сағаттың ішінде Алмалы ауданында орналасқан бірқатар ғимараттарға электр қуатын беру қалпына келтіріледі. Жүргізушілерден уақытша қолайсыздыққа түсіністік танытып, жол жүру бағыттарын ыңғайлап алуларын сұраймыз», – деді оңтүстік астананы жарықпен қамтамасыз етіп отырған «Алатау жарық» мекемесі.