Енді Қазақстан азаматтары жеке тұрғын үй құрылысына жер алу үшін eGov.kz порталы арқылы кезекке тұра алады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады. 10 сотық жерді алу үшін кезекке тұру бар-жоғы 5 минут уақыт жұмсайды. Бұған дейін кезекке тұруға 12 күн уақыт кететін. Өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталатын.
«Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтінім бере алады. Таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, кез келген өңірден жер теліміне өтінім беруге болады», – деді вице-министрі Әсет Тұрысов.Ол үшін eGov.kz порталына кіріп, «Жылжымайтын мүлік» – «Жер қатынастары» бөлімінен «Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру» қызметін таңдау қажет. Осыған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Биыл тағы да 140 ауылда интернеттің сапасын жақсартамыз деген еді.