«AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев азаматтарды мобильді қабылдау, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесулер өткізу, сондай-ақ ірі бастауыш партия ұйымдарының базасында қоғамдық қабылдаулар ашу қажеттілігі туралы тапсырма берді. Бүгінде партияның ірі кәсіпорындар базасында құрылған 186 бастауыш ұйымдарының қоғамдық қабылдаулары жұмыс істейді. Жалпы, республикада 4,5 мыңнан астам бастауыш партия ұйымдары бар, олардың 270-ке жуығы – ірі партия ұйымдары. Ақмола облысында 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап 5 ірі кәсіпорын базасында партияның қоғамдық қабылдаулары ашылды. Сондай ірі кәсіпорындардың бірі – «Асыл арман» ЖШС-да 1,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Осы кәсіпорында партияның Ақмола өңірлік филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі саяси ұйым депутаттық фракциясы мүшелерінің, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен азаматтарды қабылдауды ұйымдастырды. Қабылдауда кәсіпорынның 60-тан астам жұмысшысы болды, олар түрлі сұрақтар мен ұсыныстар көтерді. Бастауыш партия ұйымдары базасындағы қоғамдық қабылдаулар ірі кәсіпорындардың қызметкерлеріне жұмыс процесінен қол үзбей, жеке мәселелері бойынша партия мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне жүгінуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Дулатұлы Қызылорда облысындағы «Жарық» бастауыш партия ұйымы базасында қоғамдық қабылдаудың ашылуына қатысты. «Жарық» бастауыш партия ұйымында энергетика саласында 500-ден астам адам жұмыс істейді. Қабылдау бекітілген кесте бойынша жүргізіледі.