Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде саяси ғылымдар докторы, профессор Ержан Исақұловтың «Шыңғыс хан», белгілі шығыстанушылар Зәріпбай Оразбай мен Мұхаммедзафар Оразбаевтың «Ұлы түрк тарихы» атты зерттеу кітаптарының тұсаукесері өтті. Жиынға елімізге белгілі тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кітапта XV және XVI ғасырларда парсы тілінде жазылған Шараф ад-дин Али Йаздидің «Зафар Нама» және Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» шығармаларынан түркі тайпаларының пайда болу уақыты туралы жаңа мәліметтер келтірілген. Сондай-ақ ұлы ханның шежіресі, туған жері туралы зерттеулер, ғалымдардың топографиялық жазбалары және Шыңғыс хан мен оның жақындарының жерленген орны секілді өзге де мәліметтер көрсетілген. Ержан Исақұловтың айтуынша, «Шыңғыс хан» кітабы 560 беттен тұрады. Оқырмандар кітапты Алматыдағы Қазына кітап дүкенінен ала алады. – Кітапта тың деректер айтылды. Осы күнге дейін біз Шыңғыс ханды моңғол деп келдік. Олай емес. Шыңғысхан қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Ертіс өзенінің бойында дүниеге келген. Оның ордасы да, ұрпақтары да сол жерде болған. Бұған дейінгі деректерде Шыңғыс ханды орысша аударғанда моңғол деп бұрмалап жіберген. Негізі тарихта моңғол деген ұлт жоқ. Моңғолияда тұратын халықты «қалқа» деп атайды, – деді автор. Ал Зәріпбай Оразбай мен Мұхаммедзафар Оразбаевтың «Ұлы түрк тарихы» кітабы адам баласы жаратылғаннан бастап ұлы далада өмір сүрген түрк тайпаларының түрлі тармаққа бөлініп, олардың ішінен қазақ халқын құратын рулардың пайда болуы мен кейінгі тарихы жайлы. Бұл кітапта да авторлар Шыңғыс хан мен ұлдарының әлем елдерін жаулап алып, олардың ұрпақтарының сол елдерді бірнеше ғасырлар бойы билегені, әлем халықтарының экономикасы мен мәдениетіне жасаған ықпалы туралы жазған. Айта кету керек, бұған дейін түрк тайпалары мен олардан шыққан қазақ халқының көне дәуірлері, орта ғасырлардағы тарихы толығымен қамтылып, қазақша жазылған еңбек болған емес. Кітапта қазақтан шыққан 200-ден астам даңқты қолбасшы батырлардың аттары аталып, тарихы берілген. – Бұл еңбек ұрпақтарымыз өз ататегін білсін деген мақсатта жазылған. Кітапта ру-тайпалардың шежіресі, олардың өмір салты, әдет-ғұрпы, діні, түр әлпетінің көрінісі және қазір ұмыт болған көне түркі сөздерінің айтылуы мен мағыналары туралы құнды мәліметтер бар. Бұл еңбек әлемдік деңгейде бағасын алуы тиіс, – деп қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков алғысөз жазыпты. Тұсаукесерге жиылған зиялықауымының пікірінше, қос кітап – қазақ тарихына қосылған үлкен олжа.