«Жарғақ құлағы жастыққа тимей» құрамаға қолдау көрсетіп жүрген жанкүйерлер аяқдоптан дәреже-деңгейіміздің төмен екенін айтудай-ақ айтып келеді. Әсіресе, футболдан әйелдер құрамасы халықаралық турнирлердің іріктеу кезеңдерінде күйрей жеңілуді қалыпты үрдіске айналдырып алды. Бұл сәтсіз серияға тоқтау салып, Еуропаның ортаңқол құрамаларымен тең дәрежеде доп тебер күн қашан келер екен?! Бұрымдыларымыз 2013 жылдан бері 48 ойын өткізіп, соның 37-інде жеңілді. 5 матчта тең түсіп, 6 ойында ғана жеңіс тойын тойлады. Доп айырмасы – 157-25. Осындайда қазақстандық жаттықтырушы Дмитрий Огайдың «Футболды дамыту жолында тек кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Көлденең көк аттыны қосудың қажеті жоқ. Ел футболына түбегейлі өзгеріс жасамай, өрге басу болмайды», – деген сөзі еске түседі. Қазақстандық футболшылардың бүгінге дейін сүреңсіз ойын көрсетуі олардың кәсіби шеберлігінің төмендігінен екені үнемі айтылып жүр. Жасыл алаңда бір-бірімен түсінісе алмайтынын ойыншылардың физикалық, моральдық дайындығы еуропалық деңгейде өнер көрсететін футболшылармен салыстыруға келмейді. Осыдан кейін пас алмасу кезінде жиі қателікке бой алдырамыз. Кей ойындарда футболшының пас бергенін не болмаса қақпаға доп тепкенін ұғына алмай пұшайман күйге түсеміз. Оған қоса, аяқдопшылардың алаңда тым сылбыр қимылдайтыны тағы бар. Бұл ерлер құрамасына да, әйелдер құрамасына да тән дағдыға айналды. Бапкерлер осы қателіктермен жұмыс істесе, ортаңқол құрамалардан оңайлықпен жеңілмес едік. Енді 8-12 сәуірде футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы 2023 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында екі жауапты кездесу өткізеді. Аруларымыз өз алаңында Словения және Уэльс құрамасын қабылдайды. Қазір құрама оқу-жаттығу жиынында осы матчтарға дайындығын пысықтап жатыр. Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының тізгінін ұстаған жаттықтырушы Айтбай Жамантаевқа үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Бұған дейін құраманы жаттықтырған маман матч алдындағы баспасөз мәслихатында алты ойында барынша көп ұпай алуға күш салатынын айтты. – Бір-екі жылдықта көптеген тәжірибелі деген ойыншымыз құрамамен қош айтысты. Олардың орнына жас футболшылар келді. Сондықтан командамыздың ойынында аздаған өзгерістер болады. Топтағы қарсыластарымыз мықты. Мен құраманың кейінгі өткізген ойындарын қарап шықтым. Босния-Герцеговинадан 1-0 есебімен жеңіліп қалдық. Басқа бапкердің тұсында Грекиядан да ұпай ала алмаппыз. Негізі, бұл құраманы жеңуге болар еді. Біз бұған дейін олардан жеңілмегенбіз. Енді алдағы алты ойында барынша жоғары ұпай алуға тырысамыз. Осылардың арасында азуымыз бататын қарсылас деп Эстонияны айтар едім. Оларды жеңуге болады. Қалған қарсыластарымыздан да ұпай алуға тырысамыз, – дейді бас бапкер. Мұнан кейін Қазақстан құрамасы 28 маусымда Эстонияға қонаққа барады. Сосын 2 қырқүйекте Словениямен сырт алаңда ойнайды. Араға төрт күн салып, 4 қыркүйекте Эстонияны өз алаңымызда қабылдаймыз. Қазір құрамамыз 5 ойында ұпай еншілей алмай, бесінші орынға жайғасты. Осы ретте біздің құраманың әзірге әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарында ойнап көрмегенін айта кетейік. Жалпы, Қазақстанның әйелдер құрамасы 1995 жылдан бастап ұжым боп қалыптасты. Бұл құрама Қазақстанның футбол федерациясының құрамына кіреді. Аяқдопшыларымыз алғашқы ойынын Малайзияның Кота-Кинабалу қаласында 1995 жылғы 24 қыркүйекте Гонконг қыздарына қарсы өткізіп, тең тарқасқан. 1999 жылы өз тарихымызда осы елдің қыздарына 7 доп соғып, ең ірі жеңісімізге қол жеткізген екенбіз. Әлі күнге дейін футболшыларымыз осындай ірі жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуанта алмай келеді. Ал өзіміздің қақпамызға 2011 жылы неміс футболшы қыздары жауапсыз 17 доп соғып, ең ірі жеңілісімізді тарихқа енгізді. Өзегімізді өртеп жүрген ел футболының көші қашан түзеледі? Әр жеңілістен соң «ойындағы қателіктермен жұмыс істеп, келесі матчтарға тыңғылықты дайындаламыз» деп келе жатқанымызға біраз уақыт болды. Қазақ футболы өрісінің кеңеюі үшін әлі де атқарылуы тиіс жұмыстар шаш етектен. Дегенмен қазір де қолға алынып жатқан шаралардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Елімізде жалпы спорт саласына ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Тек командалардың аздығы, ішкі біріншіліктегі бәсекелестіктің жоқтығы қыздар футболының дамуына кедергі болып тұр.