Таразда дауылдан кейін жарық өшіп, тұрғындар сусыз қалды
Таразда дауылдан кейін жарық өшіп, тұрғындар сусыз қалды
Фото: tdk42.kz
125
оқылды
Таразда дауылдан кейін қалада электр жарығы сөніп қалды. Кеше қалада жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен соқты. Кей жерлерде жел қарқыны 25 м/с дейін жетті. Тараздың басым бөлігі жарықсыз қалды, бағдаршамдар жұмыс істемеді. Электр қуаты өшірілген соң насос стансаларының жұмысы тоқтап, қаланың тұрғындары ауызсусыз қалды.
«Дауылдан ағаш құлағаны жайлы хабар келгенімен, «Жасыл ел Тараз» мамандары оқиға орнына барып, тексеру жүргізгенде құлаған ағаш болған жоқ. Шатыр ұшқаны туралы шағымдар болған жоқ. Соған қарамастан, әкімдік қызметкерлері ғимараттарды тексеріп жатыр. Білім және денсаулық сақтау нысандарына қауіп төнген жоқ» делінген ресми хабарламада.
Таразға жақын маңдағы Жамбыл ауданында Жамбыл ГРЭС-іне қарасты №157 және 158 стансаларында апат болды. Сондықтан бірнеше көше мен мекемелерде жарық сөндірілген. Бүгінде №157 стансада апат салдары жойылып, жұмыс толық қалпына келді. №158 стансада алты бригада жұмыс істеп жатыр. Жарық берілгеннен кейін сумен қамту қызметі де ішінара іске қосылды. Облыс әкімдігінің 109 арнайы қызметіне 72 шағым келіп түсті, оның 71-і қала ықшамаудандарында электр қуатының өшуіне қатысты болды. Арызданған тұрғындардың ішінде 32 мекенжай бойынша жарық берілді.