Мобильді операторлар Мусинмен неге «мүйіздесті»?
Мобильді операторлар Мусинмен неге «мүйіздесті»?
© коллаж: Елдар Қаба
Бағдат Мусин мен ұялы операторлар арасында жанжал туды. Екеуі бірін-бірі аяусыз айыптады. Цифрлық даму министрлігіне сен­сек, ауыл-аймақты интернетпен қамтуға міндеттеме және мил­лиардтар алған ұялы операторлар Үкіметті алдап келген, интернетке қо­сыл­ған ауылдар санын «қосып жазған». Ұялы байланыс алпауыт­та­рының уәжіне жүгінсек, билік міндет-межені, талап-критерийлерді сан құбылтып, ақыры өзінің біліксіздігі үшін бизнесті айыпты еткен. Қайсысынікі дұрыс? Мәселенің мәнісіне үңілсек.

Өне бойы көзбояушылыққа бөккен сала

Екі жыл бұрын Мәжілісте ауылдың интернетке қол жеткізу мәселесі тал­қыланғанда 2022 жылға қарай барлық қазақстандықтың 97%-ы сонымен толық қам­тылатыны жария етілді. Аталған мерзім өтті, Үкімет мақсат үдесінен шыға алмады. Сала көзбояушылық батпағына батқан, алыс өлкелерді айтпағанның өзінде үш мегаполистің біраз ауданында интернет жылдамдығы нашар. Елде қаншама ауыл жаһандық желінің не екенін білмейді. Үшінші мегаполис – Шым­кенттің тұрғыны Берік Сайлаубеков қалада ұялы байланыстың да, ұялы интернеттің де сапасы сын көтер­мейтінін айтады: «Мысалы, Ақ­жайық шағынауданында байланыс сигналы үнемі жоғалып кетеді. Ар­тынан қоңырауларды қабыл­дамай, өткізіп алғанымыз туралы sms хабарлама келеді. Жедел жәр­дем, полиция, өрт сөндірушілер се­кілді құтқару қызметтеріне жедел хабарласа алмай қалатын кез бо­лады. Біздің ауданда ұялы интернет деген мүлдем жоқ. Біз біраз жылдан бері Altel, Tele2, Activ, Kcell, Beeline операторларының техникалық қыз­меттерін мазалаумен келеміз. Мәселе әлі күнге шешілген жоқ», – деп кейиді шымқала тұрғыны. Ауыл-аймақтағы жағдай одан да нашар. Аумағы жөнінен әзірше ең ірі облыстардың үштігіне кіретін, қазір екіге бөлініп, қайта құрылғалы тұрған ШҚО-да таяуда облыс әкімі Даниял Ахметов цифрландыру мен IT технологияларды дамыту мәсе­лесі бойынша кеңес өткізді. Жиын­да бұл саладағы ахуал мәз емесі ашық айтылды. ШҚО-да ауылдық елді мекендерді кеңжолақты және мобильді интернетпен қамтамасыз ету үшін республикалық Жол картасы жүзеге асырылады, сондай-ақ 2022 жылдың қаңтарында жер­гілікті арнайы бағдарлама қолға алынған. Облыс әкімдігінің дерегінше, бүгінде Шығыс Қазақстанда 683 ауыл интернетке қосылған деп есеп­теледі. Тағы 103 ауылда интер­нет атымен жоқ. Сорақысы сол, «интернетке қол жеткізді» деген 683 ауылдың тек 201-інде оның жыл­дамдығы 8 мбит/секундтан асады. Басқасында 5 мбит/с аспайды. Яғни, облыстағы барлық ауылдық елді мекеннің тек 25,5%-ы қана­ғат­танарлық күйдегі интернет желісін пайдаланады. Бұл Үкімет дәріптеген 97%-дан әлдеқайда аз. Облыс бас­шысы қалалар мен аудан әкімдеріне әрбір елді мекеннің атауын және интернеттің шекті жылдамдығын көрсете отырып, барынша нақты карта жасауды жүктеді. Жалпы, саладағы көзбояу­шы­лықпен күресті бұрыннан бастау керек еді. Әйтпесе, қазақстандықтар министрлік пен операторлардың есептеріндегі көркем көрсет­кіш­тердің жалған екенін айтып, біраз­дан дабыл қағып келеді. Мәселен, «Қазақтелеком» қандай да бір ауылға оптикалық-талшықты желі тартады, жергілікті мектепті, әкім­дікті, бір-екі меммекемені соған жал­ғайды. Сөйтіп, әлгі ауылға кең­жолақты интернет жеткізілгені жө­нінде есеп береді. Шынында, ол ауылдың қарапайым тұрғындары оның қызығын көре алмайды, өз үйінде отырып, электронды Үкімет порталынан мемқызметтерді пай­далана алмайды. Жамбыл облысының Мерке ауылының тұрғыны Нұржан Қай­ратұлы көшеде, 200 метрдей ғана жерде Tele2 мұнарасы орнатыл­ғанын жеткізді: «Оның іргесінде отырған бізде мобильді интернет те, ұялы байланыс та жөнді істемейді. Speedtest арқылы тексердік, жыл­дамдығы 1мб/секундтан аспайды. 2020 жылғы қыркүйектен бері Tele2 операторына өтініш-шағым айтып келеміз. Құлақ аспайды, жөндеу жұмыстары жақында аяқталады деп жалтарады. Жөндеуі болса, 1,5 жыл­дан бері бітер емес», – дейді тұрғын. Айтпақшы, Үкімет операторлар жұмысына, ұялы байланыс пен интернеттің сапасына және оның қолжетімділігіне қатысты жұртшы­лықтан шағым қабылдау үшін еGov.kz аясында жеке yourmobile.kz сервисін іске қосқан-тын. Сөйтіп, бораған арыздың астында қалды. Халық операторлардың әділетсіз әрекеттерін, көз қылған тірліктерін, сапасыз қызметтерін нақты дәлел­дермен ашық айтты. Одан не нә­тиже шықты дерсіз? Аталған сервис қазір кем дегенде екі айдан бері қолжетімсіз! Ашыл­майды, тиісін­ше, азаматтар шағым бере алмайды. Бұл «жауырды жаба тоқу» емес пе?

Министрдің «Қазақтелекомға» тісі батпады

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрі Бағдат Мусин көзбояу­шы­лық­пен күрескісі келетін сыңай та­нытты. Ол кейбір провайдерлерді «қосып жазады», жалған ақпарат ұсынады деп айыптады. Министр ауылдардың заманауи байланыс түріне қосылғаны туралы опера­тор­лар ұсынған мәліметтердің шын­дық­қа сәйкес келмейтінін енді ғана біліп, таңғалыпты, көзі ашылыпты. Оның айтуынша, пәр­менді тексе­ріс­тер жүргізілгеннен кейін компа­ниялардың өзі сапасыз жұмыс жүр­гізгенін мойындаған көрінеді. «Біздің министрлік сапасыз интернет проблемасын шешуге баса көңіл бөледі. Бұл – көкейкесті проблема. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаппай тексерістер жүргізілді. Өткен жылы 560 тексеру жүзеге асырылды. Нә­тижесінде, ұялы байланыс опера­тор­ларына салынған айыппұл со­масы 2019 жылы небәрі 15 миллион теңгені құраса, 2021 жылы ол сома шамамен 140 миллион теңгеге де­йін өсті. Яғни, оны 10 есе арттыр­дық», – деді Б.Мусин «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қаралған Есеп комитетінің отырысында. Цифрлық даму министрі бірқа­тар ұялы оператор ауылдарды ин­тер­нетке қосқаны жөнінде жалған мә­ліметтер беріп келгенін мәлімдеді. – Біз бақылау функцияларын күшейттік. Операторлар өздеріне бекітілген ауылдардың қайсысында бұрынғыдай байланыстың жоқ еке­нін хабарлап, мойындай бастады. Олар бұрын интернет пен ұялы байланыс бар деп есеп беріп келген 200 ауылдың шынында одан жұрдай екенін мойындады. Өйткені олар қазірден мойындау жасап, қатені түзету жұмыстарын жүргізудің дұ­рыс екенін түсінді. Олай болмағанда өтірігін ары қарай өрбіткенде, біз тиісті машиналарымызбен бүкіл ауыл-аймақты аралап, сол арқылы қай жерде сапалы интернеттің жоқтығын онсыз да әшкерелейтін едік, – деді Бағдат Мусин. Ол Есеп комитетінің ауди­тор­ларына жүгініп, «Қазақтелеком» ұлттық операторын тексеру кезінде Цифрлық даму министрлігінің бі­лік-білімін пайдалануды, министр­ліктің кәсіби мамандарын тексе­ріске тартуды ұсынды: «Өйткені бұл – квазимемлекеттік компания, жеке нарық ойыншысы, сол себепті ол біз үшін қолжетімсіз» деп күр­сінді министр. Бұдан бұрын ашық ақпарат көздерінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» 2018-2031 жылдар аралығын қамтитын, алыс ауыл­дарды интернетпен қамтамасыз етуге арналған МЖӘ жобасын жү­зеге асырып жатқаны хабарланды: бұл жобаның жалпы сомасы ша­мамен 140 миллиард теңгеге түспек. Бұдан бөлек, 2020 жылы Мәжілістегі Үкімет сағатында «Цифрлық Қа­зақстан» бағдарламасына мемор­ган­дардың 371 миллиард теңге жұм­сағаны жария етілді. Салаға құ­йылатын қаржы тасқыны алда еселеп артпақ. «Цифрландыру, ғы­лым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» атты ұлт­тық жобасында оны іске асыруға шығындалатын қаражат көлемі 2 трлн 255 млрд 900,3 млн теңгені құрайтыны көрсетілген.

Тайталастан қиналатын тарап – тұтынушы

Мусиннің мәлімдемесінен ке­йін Kcell, Tele2 және Beeline Қа­зақстан бірлескен мәлімдеме таратып, мәселенің туындауына Цифрлық даму министрлігінің өзін айыптады. Операторлар жалған мәліметтер ұсынбағанына сенімді. «250+», яғни 250-ден көп тұр­ғыны бар ауылдарды кеңжолақты интернетпен қамту жобасын Үкімет операторлармен 2018 жылдың екінші жартысында талқылай бас­тады. Негізгі критерий арқылы бірде-бір ұялы оператор бармаған, яғни мобильді интернет мүлде жоқ елді мекендер таңдалған. Бұл ретте мобильді байланыс пен интернеттен құралақан ауылдар туралы ақ­паратты және тізімді мемлекет опе­раторлардан алыпты. Басқаша айтқанда, қай ауылды интернетке қосу қажеттігі жөнінде Үкіметке кеңесті де солар берген. Ал бизнес алдымен өзіне тиімдісін қарасты­ратыны, өз мүддесін басты орынға қоятыны жасырын емес. Тиісінше, 250+ бағдарламасына солар қалаған елді мекендер қосылды. Үкіметте сол кезде цифрландыруды жүзеге асыруға жауапты болған тұлға­лар­дың бір қателігі де осында болса керек. «Бағдарлама жүзеге асыры­латын ауылдардың бастапқы тізімі тек ұялы оператор күшімен түзіл­ді», – дейді операторлар. Бұл – бір. Екіншіден, бірлескен мәлімде­меде мобильді кеңжолақты интер­неттің (МКЖИ) ең төменгі жыл­дам­дық көрсеткіштеріне және де­рек­тер­ді беру сапасына 2018 жылы еш­­қандай талап қойылмағанына назар аудартылады. Цифрландыру сала­сын­дағы екінші қателік те осыдан туындайды. Нақты талап болмаған соң ақшаны игерушілер ойына келгенін істейтіні мәлім. «Опера­торлар барлық міндетте­ме­сін толық көлемде және белгіленген уақытта орындады», – дейді опе­раторлар. Үшіншіден, байланыс опера­торларының ақпараты негізінде сала реттеушісі о баста 928 ауылдық елді мекеннен тұратын тізімді бе­кітеді. Өзара меморандумға сәйкес, олар 2020 жыл соңына дейін МКЖИ-мен қамтылуы тиіс болған. «Алайда жобаны іске асыру барысында елді мекендер тізіміне түзетулер енгізілді, сөйтіп жобаға қатысты түсінікте алшақтық пайда болды. Бұған қоса «250+» жобасы­ның жұмыстары қызған, құрыл­ғылар тегіс сатып алынған шақта реттеуші орган біржақты түрде МКЖИ сапасына қатысты мини­мал­ды параметрлерді белгіледі. Ол параметрлер бастапқыда бас­шылыққа алынған ITU халық­ара­лық стандарттарынан айтарлықтай ерекшеленді. Талаптардың өзгеруі 2021 жылы операторларға түрлі айыппұл-санкцияның салынуына соқтырды және тізімнің түзетілуіне себеп болды», – деген ұстанымда Kcell, Tele2 және Beeline Қазақстан. «Нарық қатысушылары байла­ныс сапасына қатысты жаңа та­лаптар жобалардың өзін-өзі ақта­уы­на теріс әсер етуі мүмкін деп ми­нистрлікті бірнеше рет ескертті. Сондай-ақ жаңа талаптарды кезең-кезеңмен енгізу керектігі еске­ріл­меді. Өйткені барлық оператор ин­фрақұрылым құрылысымен ай­налысып жатқандықтан, ондай талаптарды орындауға уақыт қа­жет», – дейді Kcell бас атқарушы директоры Юрий Харламов. Beeline Қазақстан CEO-сы, бас атқарушы директоры Евгений Нас­традин министрдің операторларды өтірік айтты деп айыптағанын есті­генде айран-асыр болғанын мәлім­деді: «Бұл жерде әңгіме жалған сөйлеуде емес, міндеттемелерді біржақты түрде өзгерте салуда. Мұндай шаралар тіпті дамыған елдерде жасалмайды, оны енгізу техникалық мамандарды және халықаралық салалық ұйымдарды тарта отырып, мұқият пысықтауды талап етеді. Соған қарамастан, сапа параметрлері қабылданды, тек­серістер саны былтыр ондаған есе көбейді, ал айыппұл мөлшерін 1 мың АЕК-ке (3 063 000 теңгеге) де­йін көтеру жоспарланды. Бұл ұялы операторларға инвестициялық және операциялық шығын шек­ті­реді және қызмет құнының қым­бат­тауына ықпал етеді», – дейді ол. Мусиннің командасы мен мо­бильді операторлар арасындағы тай­талас немен тынары белгісіз. Бір аны­­ғы, екі ортада тұтынушылар зар­дап шегіп жатыр. Байланыс опе­ра­тор­ларының, «Қазақ­те­ле­ком­ның» қыз­мет сапасы құлдырап барады. Енді, міне «интернет жет­кен» ауыл­дардың тізімі де фейк екені анықталды. Цифрлық даму министрлігінің соңғы мәліметінше, өткен жыл­дар­дың қорытындысы бойынша 1 257 ауыл талшықты-оптикалық бай­ла­ныс желілері (ТОБЖ) арқылы кең­жолақты интернетпен, тағы 928 елді мекен мобильді интернетпен қам­тыл­ды. «Байланыс сапасын арт­ты­руға баса мән беріледі. Былтыр 611 елді мекенде мобильді КЖИ жақ­сартылса, биыл 157 ауылдағы ин­тернеттің сапасын арттыру жос­пар­ланған», – деп хабарлады ве­дом­с­тво. Меморганның осы жы­лы са­пасыз байланыс үшін айыппұл­ды 1 500 АЕК-ке дейін көтеру жос­пары бар. Бір жақсы жаңалық: бүгінде Кас­пий теңізінің түбінде тал­шық­ты-оптикалық байланыс желіле­рін салу жұмыстары қолға алынды, бұл – Қазақстанды Еуразия ор­талығын­дағы цифрлық хабқа ай­налдыру жо­лындағы маңызды және ауқымды жобалардың бірі. Әзірге еліміз ин­тер­нетке негізінен Ресей арқылы қо­сылады. Көзін қан жа­уып, жолын­дағысын қырып, еліріп алған көрші интернеттен ағытылып қалса, Қы­тай арқылы қосылуға тура келетін кө­рінеді. Ал Каспий түбімен тарты­ла­тын желі жаһандық интер­нетке ті­келей қосылуға мүмкіндік беруі тиіс.