Әскери кафедра студенттерге азаматтық мамандықпен қатар әскери өнерді игеріп, шен алуға мүмкіндік беретін тетік. Әйтсе де, соңғы уақытта бұл құрылымның қызметіне сын көбейді. «Әскери өмірді» университет қабырғасында жүріп өткергендердің жауынгерлік дайындығының әлсіздігі өз алдына. Студенттердің азаматтық және әскери мамандықты қатар игеремін деп шапқылауы маман даярлау ісіндегі сапаның нашарлауына әкеліп соғуы мүмкін. Расында, бүгінде студенттер жоғары оқу орнында негізгі мамандықты игере жүріп, жауынгерлік дайындығын шыңдауға құштар. Оның себебі де түсінікті. Бұл мүмкіндік арқылы олар айналдырған 4-5 жыл ішінде негізгі мамандықты игеріп қана қоймай, әскери мамандық пен шен де алып шығады. Әрі әскери кафедраны бітірушілер әскерге шақырылмайды. Сондықтан талапкерлер арасында әскери кафедрасы бар жоғары оқу орындарына сұраныс жоғары. Нарықтағы осы бір сұранысты ескерген университеттер қазір өз базасында әскери мамандыққа баулитын құрылымдарды құруға күш сала бастады. Оған қоса, бірер жыл бұрын әскери кафедраны ақылы негізде өтуге мүмкіндік берілді. Осы бір мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысқан оқу орындарының басшылары әскери кафедраны қосымша табыс табудың көзі ретінде қарастыруға көшті. Сөзімізге дәлел тек соңғы 6 жылдың өзінде еліміздің әр аймағындағы 11 жоғары оқу орнында әскери кафедралар ашылған екен. Алайда жүргізілген тексерулер мен талдаулар да аптасына бір рет қана әскери дайындықты шыңдайтын мұндай кафедралардың кәсіби армия жасақтауға анау айтарлықтай ықпал ете қоймайтынын растаған. Есесіне аптасына 1 күнін әскери өмірге арнайтын студенттердің болашақ мамандығын өз деңгейінде игере алмау қаупі төнеді. Оған қоса, кафедраларда даярланатын 200 мамандық кейбіріне бүгінде әскери салада сұраныс жоқ. Мәселен, әскери кафедрадан заңгерлік, медициналық, ветеринарлық, қаржылық қамтамасыз ету, мәдени-тынығу жұмыстары сияқты мамандықтарды алып шыққан сардарлардың осы біліктілік бойынша жұмыс істей қоймасы анық. Есесіне күні ертең запастағы офицер, сержант атанатын әскери кафедраның 1 курсантын даярлауға Білім және ғылым министрлігі 179 мың 800 теңге, Денсаулық сақтау министрлігі 138 мың 500 теңге көлемінде қаржы бөледі екен. Демек, қыруар қаржы бөлінген әскери кафедралардағы білім сапасының талапқа сай келуі де маңызды мәселе. Дегенмен Қорғаныс министрлігі кафедра түлектерінің жауынгерлік дайындығында ешқандай мәселе жоғын айтады. – Әскери кафедраны бітіріп шығатын запастағы офицерлер мен сержанттар саны мен сапасы Қазақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының талаптарына сәйкес келеді. Сонымен қатар кафедралардың материалдық-техникалық базасы, оқытушы құрамы да Әскери доктринаға сай. Қағидаларға сәйкес, әскери кафедрадағы маман даярлау ісіне қажетті материалдық-техникалық базамен, оқу әдістемелік құрал-жабдықтар Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен мекемелері арқылы жүргізіледі. Кафедраларды әскери бөлімдерге бекіту ведомстволық бұйрық негізінде жүргізіледі, – дейді Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов. Осылайша, ведомство басшысы әскери кафедрадағы маман даярлаудың сапасына шаң жуытпады. Сала мамандары да әскери кафедралардың Қарулы Күштердің сапын білікті кадрлармен толықтырудағы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әсіресе, әскердегі кейбір салалардағы маман тапшылығын сезілгенде әскери кафедраны тәмамдаған запастағы офицерлер мен сержанттар қызметке көптеп шақыртылатын көрінеді. – Дәл қазіргі сәтте бізге әскери кафедралар керек деп сеніммен айта аламын. Өйткені мұндай құрылымдарда даярланатын мамандарға қай кезде де сұраныс бар. Бір ғана мысал – Қаңтар оқиғасы әскери дәрігерлердің тапшылығын көрсетті. Бізде арнаулы әскери дәрігерлер даярлайтын оқу орны болмағандықтан, сұранысты әскери кафедраны бітірген дәрігерлердің есебінен өтеуге тура келді. Сол сияқты әскердегі инженерлер, психологтер, аудармашылар сияқты арнаулы мамандардың тапшылығын сол саланы меңгерген запастағы офицерлердің есебінен толықтыру тәжірибесі бар, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің запастағы полковнигі Сағидолла Сиқымбайұлы. Егер запастағы полковник айтқандай, шын мәнінде әскери саладағы кадр тапшылығы запастағы офицерлер мен сержанттар есебінен өтелетін болса, әскери кафедралардың тиімділігіне көз жеткізу қиын емес. Әйтсе де, олардағы маман даярлау ісінің сапасына тиісті деңгейде көңіл бөлінуі керек-ақ. – Бірақ әскери кафедраларды тәмамдаған офицерлер мен сержанттардың кәсіби біліктілігінің талапқа сай келуі өзекті мәселе. Бұрын кафедраны бітірген студенттерді екі айлық далалық жиынға барып, оқ-дәрінің иісін сезініп, жауынгерлік техникаларды сынақтан өткізуге қатысады. Осы мәселені қазірде жүйелі жолға қоюға болады. Жоғары оқу орнында оқып жүрген студент уақытының басым бөлігін болашақ мамандығын игеруге жұмсайды. Ал кафедрадағы 1-2 жыл оған толыққанды әскери білім бере алмайды. Сондықтан әскери кафедраларда далалық оқу-жаттығу жиындарына, тәжірибелік дәрістерге көптеп көңіл бөлінгені жөн, – дейді С.Сиқымбайұлы. Демек, әскери кафедралар белгілі бір деңгейде Қарулы Күштердегі кадр тапшылығын шешеді. «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек әскери кафедраның әлеуеті әлемдік стандарттарға сай болғанда ғана мықты әскер қалыптасатынына тоқталды. – Жасыратыны жоқ, әскери кафедраларды пайда табу үшін ашылуы да мүмкін. Сондықтан оларды жабу жайында көп айтыла бастады. Дегенмен әскерилер арнаулы кафедралардың арқасында запастағы офицерлер қорының көбейгенін айтып отыр. Әскери кафедраға жылына шамамен 6 мың студент түседі. Олардың кейбірі болашағын әскери саламен байланыстырып жатыр. Демек, қандай да бір шешім шығарылмай тұрып әскери кафедраның тиімділігі жан-жақты зерделенуі керек деп ойлаймын, – дейді Асхат Налшыбек. Әлемдік тәжірибеде армияны кәсіби кадрлармен толықтыруда әскери кафедрларға иек артудың мың түрлі мысалын кезіктіруге болады. Мәселен, Ресей Федерациясында әскери кафедралар 2019 жылы таратылып, оның орнына әскери оқу орталықтары құрылған. Бұл орталық запастағы офицерлерді және келісімшарт бойынша әскери қызметке офицерлерді даярлау бағдарламасын жүзеге асырады. Ал АҚШ-тағы колледждер мен университеттердегі офицер даярлау жүйесі екі жылдық және төрт жылдық оқу мерзімін қарастырылған. Сәйкесінше, қазір елдегі офицерлер корпусының 70 пайызын оқу орындары жанындағы әскери даярлық курстарын аяқтаған түлектер құрайды. Ұлыбританияда да әскерден тыс даярлық жүйесінен жыл сайын шамамен 150 мың студент пен оқушыны қамтиды. Әскерден тыс даярлық курстары Британияның барлық университетімен политехникалық институттарында бар. Бір сөзбен айтқанда, әскерді заман тудырған сын-қатерлерге сай жасақтауда салалық оқу орындарымен бірге әскери кафедраларға да үлкен үміт артылады. Демек, осы үміттің үдесінен шығудағы әскери кафедралардың әлеуетіне танытар сәт туды.