ЕАЭО: қосақ арасында бос кетпесек игі...
ЕАЭО: қосақ арасында бос кетпесек игі...
242
оқылды
Әлемдегі геосаяси жағдай ушығып, антиресейлік санк­ция неғұрлым қатая түскені ЕАЭО үшін де оңайға соқпайтын сияқты. АҚШ пен ЕО-ның биік мінберлерінен мұндай шектеулерді РФ-ның экономикалық одақтастарына, оның ішінде Қазақстанға да салу керектігі айтыла бастады.

Батыстың бұйымтайы не?

Батыс елдерінің кейбір белгілі саясаткерлері мен журналистік қа­уым өкілдерінің Қазақстанға да шүй­лігуі тегіннен-тегін емес. Өйт­кені біздің ел экономикалық шек­теулерден тыс болса, ЕАЭО арқылы РФ-ны санкциядан құтқарып қа­лады деп сезіктенеді. «Қытайдың тауары Ресейге Ке­дендік одақ елдерінің аумағы ар­қы­лы ешқандай құжаттық рәсім­деулерсіз де өткізіле беруі ықтимал. Ондай шектеулердің күші жоқ. Сондықтан Қазақстан, Қырғыз Республикасы және Армения бұл одақтан шығуы керек, әйтпесе олар да санкцияға ұшырауы мүмкін»,– деген күдігін білдірді OCCRP негізін қалаушы және бас редакторы Дрю Салливан. Сарапшы РФ-ның жалғыз өзін экономикалық қысымға алудың нәтижесі шамалы болатынын, мұн­дай жағдайда ол өзіне қажетті та­уар­ларды ЕАЭО арқылы еш қиын­дықсыз өткізе беретінін ескертті. Расы сол, теориялық тұрғыдан алғанда Ресей ЕАЭО арқылы санк­цияның тыйымдарын айналып өтіп, кез келген елдің нарығына шы­ға алады. Мұны Батыс та көріп отыр. Сондықтан АҚШ пен ЕО те­рістіктегі көршіні тәубесіне түсіру үшін Қазақстанға да қа­һарын төгуі әбден мүмкін. Оның үстіне, бізде түрлі сала бойынша ре­сейліктермен бірлесіп құрылған компания көп. Санкция салуға ол да негіз бола алады. Әйтсе де, Президент Әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов жақында Брюссельге барған сапарында Қа­зақстанның Ресей үшін санкцияны айналып өтетін құралға айнал­май­тынын ашық айтып, біздің мем­ле­кеттің айқын көзқарасын танытты. «Біз ЕАЭО-тың мүшесі болға­нымызбен, одан бөлек халықаралық қауымдастықтың да бір бөлігіміз. Сондықтан Қазақстанға АҚШ пен ЕО-ның санкциялары салынбауын қалаймыз. Біз тәуелсіз мемлекетпіз және Ресей мен Беларуське салын­ған шектеулерді сақтаймыз», – деді Т.Сүлейменов.

Экономикалық одақтың қазіргі ахуалы қандай?

Осынау қысылтаяң шақта еліміздің қандай да бір одақтан шығу-шықпау мәселесін тек ұлттық мүдде тұрғысынан шешу керектігі даусыз. Оның үстіне, ЕАЭО-тың атына антиресейлік санкциялар салынбай тұрған бұрынғы жылдары да сын-ескертулер аз айтылмай­тын. Бұл ретте көп сарапшы ке­дендік төлемдер бөлісіне, ма­ңызды мәселелерді шешу кезінде РФ мүддесінің басып кететініне, одақ­тың ішкі келісіміне қарамастан федеральдық қызметтердің түрлі кедергі ұйымдастыратынына нара­з­ы. Сондай-ақ ЕАЭО-ның о баста уәде етілгендей қарапайым халыққа да тиімді емес екенін жаппай қым­батшылықтан, үшінші елдерден ке­летін тауар тапшылығынан да көріп-біліп отыр. «Бес елдің экономикасынан құ­рылған одақтың өмір сүруі ақыл­ға сыйымсыз. Бастапқыда, КСРО құ­лағанда бұрынғы сауда-саттық, көлік қатынасы, басқа да экономи­калық байланыстарды үзбеу үшін ТМД құрылды, ол Кедендік одаққа айналып, енді қазіргі жағдайға же­тіп отыр. Бірақ ЕАЭО-ның о бастан жазылмай келе жатқан дерті бар, оның күні аз-ақ қалды»,– дейді эко­номист Алмас Чукин. Оның айтуынша, ЕАЭО бойын­ша консенсус арқылы шешім қа­былдау принципі о бастан дұрыс ойластырылмаған. Мысалы, қай­сы­бір мемлекет әлдебір мәселеге келісім бермесе, онда ортақ шешім шығарылмайды да, ол мемлекет басшыларының келесі кездесуіне қалдырылады. Бұл проблема келесі жолы да шешілмеуі мүмкін. Өмір өтіп жатыр, ал көкейтесті мәселе­лердің көпшілігі шешім таппай, аталған елдердің еркін дамуына кедергі келтіреді.. Сондай-ақ кедендік салықтан түскен кірістерді бөлісу тәртібі де тиімсіз. Кедендік алымның 85%-ы РФ-ның қазынасына құйылады, Қазақстан оның тек 6.9% үлесін қанағат етуге мәжбүр. Тағы 5 % Беларуське, қалғанын Армения мен Қырғыз елі өзара бөліседі. Мәселен, Қазақстан 100 млрд доллардың та­уарын тасымалдап, одан 10 млрд доллар кедендік баж салығын жи­нады делік. Соның 695 млн-ын ғана өзіне қалдырып, 8,5 млрд долларды Ресейге жібереді. Тағы 5 пайызы Беларуське кетеді. «Кедендік түсімдердің бұлай бөлісуін Ресей экономикасының Қазақстаннан 10 есе үлкендігімен түсіндіруге тырысады. Бірақ ол еш қисынға сыймайды. Әр мемлекет­тің экономикалық құрылымы әр­түрлі. Бірінде экспорт көп, бі­рін­де импорт көп, ЖІӨ әртүрлі есеп­теледі және бұл жерде «көлеңкелі» нарықты да ескеру қажет»,– деді Алмас Чукин. Сондай-ақ қазіргі Ресей мен Бе­ларуське санкция салынып отыр­­ған жағдайда терістіктегі көр­шіміздің аумағы арқылы келетін тауарлар легі шектеледі, бұдан бы­лай олардың орасан бөлігі қазақ даласы арқылы өтуі мүмкін. Яғни, РФ мен Беларусьтің кедендік баж салығынан түсетін табысы азайып, керісінше Қазақстанның табысы молая түспек. Мұндай жағдайда Қазақстан ЕАЭО-ның бюджетіне одан да көп қаржы құюға мәжбүр болады. Ал қатаң санкцияның астында қалған РФ мен БР «ортақ қазанға» кедендік алым салмастан, одан бұрынғыдан да көп алым алып отыратын болады. Бұл әділетсіздік емей немене? Әріптесінің ойын экономист Айдар Әлібаев дамыта түсті: «Енді онымен қоймай, РФ мен БР өз аумағында кедендік баж са­лығын рубльмен аламыз деп ұй­ға­рып отыр. Ал басқа мемлекет­тер бұ­рынғысынша доллармен есеп­те­­седі. Осыдан келіп валюта айыр­­­бас­тау бағамы бойынша қай­шы­лық­тар туындайды, олар оның кур­сын өз­дерінің нарығы бо­йынша есептегісі келетіні түсі­нік­ті. Сон­дықтан ЕАЭО-ның ішкі шекара­сына уа­қытша ұлттық ке­дендік қыз­метті қайта әкеліп, жеке ке­ден­дік баж есебін жүргізген дұрыс. Ал Эко­номикалық одақтың аясында өза­ра нөлдік мөлшерлеме қойып, шек­теусіз сауда-саттық жүргізе бе­руге болады»,– деді экономист.

Ресеймен алыс-беріс қалай?

2021 жылғы статистикаға сү­йен­сек, Қазақстан экспортының 40%-ы Еуроодаққа жөнелтілген. Одан кейінгі ірі сауда әріптесіміз – Қы­тай (16%) Ал Ресей мен ЕАЭО ба­ғы­тында ол көп емес – жалпы кө­­лем­нің небәрі 13%-ы. Одан кейін Түр­кия – 5% және Корея – 3%. Де­генмен осы экспорттық тауар­лар­дың жартысынан көбі Ресейдің құбыр желісі, теміржол және порт инфрақұрылымы арқылы өтеді. Енді импорттық тауар бойынша сараласақ, сырттан сатып алатын­дарымыздың 45%-ы ЕАЭО-ға тие­сілі, оның 90 пайызы РФ тауары. Одан кейінгі кезекте Қытайдың (20%), Еуроодақтың (14%) және Түр­кия мен АҚШ-тың (3%) өнім­деріне иек артамыз. Ал қазақ экспортының 70 %-ын мұнай-газ өнімдері құрайтынын ескерсек, оның да толықтай Ресейге тәуелді екенін көреміз. Жақында дауылдың кесірінен КТК мұнай құбырлары құрылғыларының за­қымдануы елімізді тығырыққа қат­ты тіреп тастады. Егер КТК дәлізі жақын арада ретке келтірілмесе, Қазақстан мұнай өндірісін әжеп­тәуір шектеуге мәжбүр болатыны түсінікті. Мұны ел экономикасы үшін қаншалықты зардапты екенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Экспорттағы одан кейінгі үлестің 15%-ы қара және түсті металдарға, 4%-ы химиялық өнімдерге, 2%-ы астыққа тиесілі. Бұл өнімдердің бәрі РФ-ның да негізгі экспорттық әлеуеті саналады және іргелес на­рықтарға бағытталған. Сондықтан да экспорттық салада екі елдің бә­секелестігі өткір. Яғни, Ресейдің Қа­зақстанға экономикалық тұрғы­дан ықпалы орасан. Ал тәуелсіздік жылдары Қытай­ға салынған мұнай құбырын Жаңа­жол мен Құмкөлдегі кен орнына иелік ететін қытайлық мұнай өнді­рушілердің өздері пайдаланады, сондай-ақ РФ ол арқылы өзінің «Сиб­нефть» өнімдерін экспорт­тайды. Экспорт-импорт дәлізін әрта­раптандырудың бір жолы ретінде «Баку–Тбилиси–Джейхан» мұнай құбырын қарастыруға болады. Алайда ол үшін порт терминалда­рын кеңейту, жаңа танкерлерді алу және көпсатылы және ультра алыс тасымалдау мүмкіндігін та­буыңыз керек. Бұл да әзірге шеші­мін күткен мәселе. Қорыта айтқанда, Қазақ­стан­ның РФ-ға экспорты 2021 жылы – $6,9 млрд, Ресейден импорт – $17,3 млрд, сауда сальдосы минус 10,4 млрд долларға жетті. Тәуелсіз са­рап­шы­лар Қазақстан ЕАЭО құ­рылғалы бері саудадағы осы теріс сальдоның кесірінен 45 млрд дол­лар қаржы­сынан айырылғанын айтады. Бұл Әзербайжанның ұлт­тық қорындағы ақшамен пара-пар. Осыдан-ақ бұл одақтың қазақ үшін қаншалықты зардапты екенін байқай беріңіз.