Қазақстанда жаңа Конституция қабылдау қажет. Бұл туралы заң ғылымдарының кандидаты, PhD Алмас Жұмағали еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге қатысты өткен жиында айтты.
Сулейман Демирель атындағы университет пен «Құқық үстемдігі институты» ұйымының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік билік механизмінде Конституциялық Сотты құру биліктің бөліну принципіне, конституциялық процестің үздіксіздігі мен қайтымсыздығына, мемлекеттік органдардың қоғам мен халық алдындағы жауапкершілік алатынына кепілдік беретінін айтты. Сондай-ақ азаматтар мен басқа да құқық субъектілеріне құқықтары бұзылған жағдайда тікелей қорғауға мүмкіндік беретінін жеткізді.
«Саяси реформаның ең бастысы – Конституцияға өзгеріс енгізу. Тіптен жаңа Конституция қабылдау қажет. Президенттің 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында айтқан шешімдері, бастамасы дұрыс. Бірақ сөз күйінде қалмай, жұмыс тобы тез арада өзгерістерді Конституциялық заңдардан бастап енгізуі керек. Конституциялық соттың қайта қалыпқа келуі өте дұрыс. Сонда халық ойын ашық айта алады. Сонымен қатар елімізде мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйелері қатар болуы керек. Президент мажоритарлық жүйені 30 пайыз енгізіп жатыр, бірақ түбінде елуде елу болуы керек деген ұсыныс айтылды», – деді Сулейман Демирель атындағы университеттің аға оқытушысы.Талқылауға қатысқан заңгерлер қолданыстағы заңды жетілдіргенде өз құқықтарын жүзеге асыруда көптеген қиындықтарға тап болып отырған азаматтардың құқықтары мен бостандықтары туралы блокқа ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.