Алматы қаласында Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ұйымдастыруымен «Сырдарияның төменгі ағысындағы ежелгі егіншілер» ғылыми еңбектің тұсаукесері өтті.
Кітапта Сырдарияның төменгі ағасында орналасқан Шірікрабат мәдениетінің (Бәбіш мола, Бұланды) ескерткіштеріне 2007-2019 жылдары жүргізілген археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалады. Ғылыми еңбекті тарих ғылымдарының кандидаты, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Жолдасбек Құрманқұлов, ерте темір дәуірі археологиясы бөлімінің жетекшісі Жанболат Утубаев және Мәскеу қаласындағы Шығыс музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сергей Болелов сынды белгілі ғалымдар бірлесіп дайындады. Тұсаукесер форматындағы дөңгелек үстел Қазақстан ғылымы күніне арналды. Жиынды ашқан қазақстандық белгілі археолог-ғалым Жолдасбек Құрманқұлов ескерткіштердің зерттелу тарихы мен Шірікрабат мәдениеті жайлы кеңінен таныстырды.
«Қызылорда облысындағы ежелгі антикалық қалалардың бірі – Шірікрабат мәдениетінің елді мекені Сырдарияның төменгі ағысында б.з.д. I мыңжылдықтың екінші жартысында Хорезммен қатар мемлекеттік жүйеде өмір сүрді. Сақ дәуіріндегі елдімекен тұрғындары климат ерекшелігіне қарай егін егу шаруашылығын меңгерді. Саз, құм және сабан қоспасынан иленген қыш кірпіштерінің арасынан дәндердің көп түрлері табылды. Яғни, бұл сол кезеңде Сыр өңірінде қала мәдениетімен қатар, егін шаруашылығы дамыған өркениет орталығы болғанын айғақтайды» – деп атап өтті ол.
Сыр өңірі анау тас ғасырынан берігі жаңа заман тарихы тұнып тұрған өлке. Сырдария өзенінен төрт көне арналар бөлініп шығады. Олар - Іңкәрдария, Эскідариялық, Жаңадария және Қуаңдария. Соның ішінде ең көнесі Эскідариялық арнасынан тас дәуірінің тұрақтары табылса, Іңкәрдарияда неолит және қола дәуірінің ескертіштері орналасқан. Ал Жаңадария арнасында ерте темір дәуірінің ескерткіштері, Қуандария арнасы бойында Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері бой көтерген. Жалпы мазмұны 5 тараудан тұратын осы жаңа кітапта соларды жан-жақты зерттеу қамтылған. Бірінші тарау жалпы Сырдарияның төменгі ағысындағы ескерткіштердің зерттелу тарихына арналған. Екінші тарау және үшінші тарауларда Бұланды және Бәбіш мола ескерткіштерінің соңғы жылдардағы зерттеулері берілген. Ал, төртінші және бесінші тарауларында Бәбіш мола және Бұландыдан табылған керамикалар қарастырылған.