Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, халықтың елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар болуын арттыру, атқарушы органдардың халық алдындағы жауаптылығы мен есептілігін күшейту, мемлекеттік басқару процесіне халықты кеңінен тартуды мақсат етеді. Сәйкесінше Орталық атқарушы органдардың басшылары жыл бойы халықпен тұрақты кездесу өткізетін болды. Ведомство басшыларының халықпен кездесуінің кестесін Қазақстан Үкіметі бекітеді. Сондай-ақ белгілі бір салада жағдай ушыға түссе6 кестеден тыс кездесулер ұйымдастырылады. Жарлықта кездесулерден онлайн-трансляциялар, бейнеконференц байланыс ұйымдастыру жайы қарастырылған. Халықпен кездесулер шеңберінде азаматтарға жеке қабылдау жүргізіледі. Мұндай кездесулерге барлық деңгейдегі әкімдер қатысу міндеттеледі. Олар өз құзыреті шеңберінде ведомство басшыларының халықпен кездесулерде көтерген мәселелерін шешуге атсалысады. Орталық атқарушы органдардың бірінші басшыларымен бірге олардың орынбасарлары, комитет төрағалары халықпен тұрақты кездесіп тұрмақ. Бұған дейін Президент дәл осындай мазмұндағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа да қол қойған еді. Өз кезегінде мұндай құжаттар Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көздейді.